Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында бюджет қаржысын жымқырып келген жеті әкімнің ісі әшкере болды, деп хабарлайды 31 арна.
Мемлекет қаражатын қалтаға басып келген жеті әкім де жауапқа тартылуда. Телеарнанынң хабарлауынша, шенеуніктер «Балапан» және «2011-2020» жылдарға арналған білімді дамыту» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген бюджет ақшасын талан-тараж еткен деп айыпталды. Осы әрекеттерімен олар қазынаға 100 миллион теңгеден астам шығын келтірген.
Мәселен, Жаңа жол ауылының әкімі есепшімен сыбайласып, «Айсана ана» және «Жас шуақ» серіктестігінің құрылтайшысымен балабақшадағы тәрбиеленушілер санын асыра көрсеткен. Әр балаға 14 мың теңге бөлінетінін ескерген олар 39,8 миллион теңгені қалтаға басқан. «Нұрлыбаев» ауыл әкімі де дәл осы жолмен 25 миллион теңге мемлекет қаржысын жымқырған.
Бұдан бөлек, Атакент, Мырзакент, Еңбекші, Жамбыл, Иіржар, Қалыбекова ауылдық округтерінің әкімдері де істі болды. Заңсыз әрекеттерін әшкерелемеу үшін олар құзырлы мекеме қызметкерлеріне жалпы құны 4 миллион 90 мың теңге пара беру барысында қолға түскен. Қазір барлығы да қамауға алынды. Күдіктілердің айыптары дәлелденсе, олар 5 жылдан 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.
"Бюджеттен бөлінген ақша 6 млрд теңгеден асады. Мемлекеттік бағдарламағаларға бөлінген қаржы. Ақшаны игеру барысында 100 млн теңгеден астам қаржыны жеп қойған фактіні біз анықтадық. Сол фактіні сотқа жібермеу үшін, сол фактіге қудалау жүргізбес үшін, біздің қызметкерлерге аталған сома бойынша пара берген", – дейді ОҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Ерлан Егеубеков.