50225
Ерлан Қарин QazCovid-in вакцинасын ерікті түрде салдырды
Ерлан Қарин QazCovid-in вакцинасын ерікті түрде салдырды
ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин отандық QazCovid-in вакцинасын ерікті түрде салдырды. Бұл туралы ҚР Білім және Ғылыми министрлігі Ғылым комитетінің Facebook-тегі жеке парақшасында хабарланады.
«2020 жылғы 19 желтоқсанда ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ ғалымдары әзірлеген қазақстандық инактивтендірілген QazCovid-in вакцинасының клиникалық зерттеулерінің үшінші кезеңі басталды.
244 қазақстандық қатысқан клиникалық зерттеулердің бірінші және екінші фазаларының нәтижелері көрсеткендей, вакцина қауіпсіз болып табылады, антиденелер қалыптастырып, жасушалық және гуморальдық иммунитетті индукциялайды.
Клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңіне үш мың ерікті қатысады. Алдыңғы фазалар сияқты, үшінші фаза Дүниежүзілік Медицина қауымдастығының Хельсинки декларациясының ережелеріне, "Тиісті клиникалық практика" (GCP) басшылығының талаптарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін болады.
Зерттеулердің барлық қатысушысына бір реттік сыйақы төленіп, медициналық сақтандыру кепілдендірілген.
Зерттеудің үшінші кезеңінің басталуына масс-медиа және қоғам асқан қызығушылық танытып отыр. Соңғы күндері Ғылым комитетіне ресми волонтер болғысы келетін және бағдарламаға қосылуға ниет білдірген қазақстандықтардан көптеген өтініштер келіп түсті» – делінген жазбада.
Сонымен қатар жазбада соңғы уақытта қазақстандықтардың басым көпшілігі ресми зерттеу хаттамасынан тыс ерікті түрде вакцина салдыртуға дайын екені хабарланады.