1261
«Әліппе» кирилл қарпінде шығады – министр
«Әліппе» кирилл қарпінде шығады – министр

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов келесі жылы оқу бағдарламасына енетін «Әліппенің» қандай қаріппен жарық көретінін айтты.
«Біздің алдымызда тұрған мақсат – осы «Әліппемізді» ертерек оқу бағдарламасына кіргізу. Латын әліпбиі бойынша тиісті шешім қабылданды, бұл шешім бойынша латын әліпбиіне көшу жұмыстары кезең-кезеңімен өтетін болады. Ал бізге келесі жылдан бастап, «Әліппемен» оқи бастау керек. Сондықтан, келесі жылы қабылданып, енгізілетін «Әліппе» кирилл қарпінде болады. Одан кейін мектептерде кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшу жұмысы басталғанда, әрине «Әліппені» де латын қарпіне көшіреміз. Бұл жалпы қиын шаруа емес. Ең бастысы – бағдарлама және оқулықтардың мазмұны. Бұл мәселелер қазіргі уақытта шешіліп қойған», – деп жауап берді Білім министрі тілші сұрағына.
Айта кетейік, биыл тамыз айында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп бағдарламасына сәйкес, 1-сыныптарға 1-2 тоқсан «Әліппе», 3-4 тоқсан «Ана тілі» енгізілетінін айтқан еді. «Әліппені» енгізу 2021-2022 оқу жылына жоспарланып отыр.