Бұрмаланған тарих хақында

Бұрмаланған тарих хақында

Бұрмаланған тарих хақында
ашық дереккөзі
Сан ғасырлар бойы есімі та­рих­­тан өшпей келе жатқан бір есім бар. Ол – Шыңғыз хан. Оның өмір жолы мен өлімі ту­ра­лы қаншама кітаптар жазылды де­с­еңізші. Тарихтың ізін кесуші адамдар көп. Өйткені тарихи таным жыл сайын өсіп келеді. Жақында қолымызға «Шыңғыз хан» деген көлемді кітап тиді. Ғы­лы­ми-танымдық, жастарға арналған. Қос авторды таныстыра кетейін. Бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ге­нералы, саясат ғылымдарының док­торы, Мемлекет және қоғам қай­рат­кері Ержан Бекбауұлы Исақұлов та, екін­шісі Оңтүстік Қазақстан Мем­ле­кеттік университеті түркітану ғы­лыми-зерттеу институтының аға ғы­лыми қызметкері, араб, парсы, ша­ғатай тілдерінің маманы, Қазақстан Мұ­сылмандары Діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі – Зәріп­бай Жұманұлы Оразбай. Ұлттық жаңғыру кезеңінде жа­зы­лып, оқырманға жол тартқан «Шың­ғыз хан» кітабын әрі қызыға, әрі «не жаңа­лығы бар екен?» деп қараға­ным­ды жасыра алмаймын. Кітаптың әуелі мазмұнын қарап шық­тым. Формасы, архитектоникасы бө­лек екен. Өйткені кітап тіні Рашит ад-Дин Хамаданидің «Жамиғ ат – тауа­рих» (Тарихтар жинағы) мен Ша­раф ад-Дин Йаздидің «Зафар на­ма» (Әлемді жеңіп алушының тарихы) ат­ты кітаптарына түсіндірме тұрғы­сын­да жазылыпты. Бұл көне заман­дар­дан келе жатқан форма. Кітап ту­ралы кітап. «Шыңғыз хан» кітабы да «Жамиғ ат-тауарих» кітабындағы түркі тари­хы және Шыңғыз ханның шығу та­ри­хы, ортасы туралы біз біле бер­мей­тін құнды деректер мен мағлұматтарға сүйен­ген зерттеу екен. Авторлар «Жа­миғ ат-тауарихтың» тікелей қазақ хал­қының тарихымен тереңнен аста­сып жатқанын зерттеп, сараптама жа­сайды. Формалық жағынан ғылыми ше­шім тапқан. Мәселен, аталмыш кі­тап­тан мысал алынып, оған жан-жақты түсіндірме беріледі. Айта ке­те­лік, осыдан 700 жыл бұрын жазылған тарих кітабы қазақша бірде-бір рет ба­сылым көрмеген екен. Тек 2018-2019 жылдары ғана Халықаралық Түр­кі академиясының ғылыми жо­басы ретінде Рашид ад-Дин Ха­ма­да­нидің «Жамиғ ат-тауарихы» мен Ша­раф ад-Дин Али Йаздидің «Зафар на­ма­сы» тұңғыш ретінде қазақ тілінде жа­рық көріпті. «Шыңғыз хан» кітабы 124 тармақ­шадан тұрады. Қорытындының өзі 187 бет. Оған жүздеген сілтеме мен он­да­ған географиялық карталарды қо­сыңыз. Осыдан-ақ кітаптың ғы­лы­ми ақпаратының мықты екенін көру­ге болады. Сөзімізді «Жамиғ ат-Тауа­рих» атты кітаптың жазылу баянынан бас­тайық. Авторлар кезінде «Жамиғ ат-тауа­рих­тың» орысша аудармасында қате­лер мен бұрмалаулар кеткенін жаза­ды. Содан «мұғул» сөзі «моңғол» деп қате аударылған деп есептейді және «Жа­миғ ат-тауарихқа» жүгінеді. Де­рек­ке назар аударалық. Тарихшы бы­лай деп жазады. «Қазіргі кезде (іштей көп тармаққа бө­лініп) «мұғул» деген әйгілі атпен бел­гілі қауымдар, мысалы, жалайыр, та­тар, ойрат, меркіт пен басқа мұғул­дарға ұқсаған (тек) әрқайсысы өзінің мемлекетін иелеген кейбір халықтар: керейт, найман және үңгіт сияқты тай­палар, соларға ұқсас (басқа да тай­палар): байырғы замандардан қазіргі уа­қытқа дейін қоңырат, қоралас, икирас, елжіген, ұраңқай, келеңгіт де­ген атпен белгілі және (осыларға ұқ­сас) басқа да тайпалар мұғул – дүр­лік­кен деп аталады». Кез келген ғылыми пікір деректер нақ­тылау арқылы көрсетіледі. Осыған орай Е.Исақұлов пен З.Оразбай «Жа­миғ ат-Тауарихтың» Л.Хетагуров ау­дар­масындағы орысша нұсқа мен қа­зақша аударманы қатар қойып, он­да­ғы деректерді салыстырады. Хетагуров аудармасында: ...по рекам и горам (областях) на­ро­да найман, как например Кок-Ир­дыш (Синий Иртыш), Ирдыш, [гора] Каракорум, горы Алтая, река Орган... ...Не есть ли здесь пропуск – Кара Ир­дыш, т.е. Черный Иртыш, – река, берущая начало с Алтайских гор и вы­падающая в оз.Зайсан? ...Орган- «повидимому, разумеется р. Орхон, правый приток «Селенги» деп жазады. Енді Зәріпбай Оразбай мұны: «...найман қауымына тиесілі Көк Ер­тіс пен Ертіс сияқты дариялар (олар­­дың екі жағалауындағы) Қара­құрым (У.Қ.) аймағы мен (ол аймақ ұш­тасатын) Алтай таулары, Ұрған өзе­ні» деп аударған. Сонымен, орысшаға аударғандар Қа­рақұрым дегенді қателесіп, Қа­ра­қорым деп және оны Ертістің шығы­сы­нан мың шақырым жерге апарып қой­ған. Ұрған өзенін Орхон деп көр­сет­кен, – деп жазады авторлар. Айтуларынша, орысша аудармада ау­дарылмай тастап кеткен жерлер де бар екен. Мысалы, Хетагуров Ұрған де­ген сөзден кейін «Қырғыз бен Кем-Кем­жүт уәлаяттары және жайлаулары мен қыстаулары көп Мұғулстан» де­ген сөйлемді тастап кеткен. Екі автор Бұрқан Қалдұн қазіргі Шы­ғыс Қазақстан жеріндегі Бұқтарма өзе­нінің солтүстігі мен оңтүстігін алып жатқан Тарбағатай (Бұрқан), Лис­твяга (Қалдұн) деп жорамалдайды жә­не түркілердің тарихын бұрмалау «Жа­миғ ат-Тауарихтың» кіріспе бөлі­мін бұрмалаудан басталған деп есеп­тейді. Оған нақты дәлелдер келтіреді. Ғылым болған соң оның әрқай­сы­сының дереккөздеріне қарап, ой түю керек. Сондықтан да әртүрлі пікірден қашпай, терең бойлап, зерделеу қажет. Өйткені түркі, оның ішінде қазақ тарихы бұрмаланған. Мұны қазір ғана біліп жүрміз ғой. «Жамиғ ат-тауарихтың» орысша ау­дармасында Моңғолия (Мугу­лис­тан) деп қосарланып аударылған. Кейін­гі жарияланымда Мугулистан де­ген сөз тек Монголия деп берілген. Ау­дармашы мен саясаттан кеткен қа­те­лік. Ұлы Мұғулстанды моңғол деп атап, тарихи фальсификация жасал­ғаны өкінішті. Авторлар, Шыңғыз хан құрған мем­лекет астанасы Ертіс өзенінің бойын­дағы Қарақұрым жазығы деп бі­ле­ді және оған қажетті деректерді кел­тіреді. Орыс самодержавиесі 1761 жылы Тау­лы Алтайды орыс империясының құра­мына кіргізеді. Ал 1918 жылғы нау­рызда Колчак басқарған Сібірдің Уа­­қытша өкіметінің шешімімен таулы Ал­тай Бийск уезінің құрамынан шы­ғарылып, Қарақорым-Алтай деген округ­ке айналады, оның құрамында Қарақорым уезі құрылады. Бірақ 1920 жылдың қаңтарында Совет үкіметі орнап, Қарақорым уезін жояды, оның ор­нына қайтадан Таулы Алтай уезін құрады. Қос автор «Жамиғ ат-Тауарихтың» түп­нұсқа мәтінінің бірде-бір жерінде «моң­ғол» деген сөз жоқ деп жазады. «Моң­ғол» жасанды сөз, парсы тілінен орыс­ша аударғанда кеткен қателік деп есептейді. Өйткені түркі сөз­дері­нің парсы әріптері арқылы жазылған транскрипциясын жасағанда кейбір әріптерінің жазылуы мен оқылуы ке­зінде кеткен қателік екенін линг­вис­тикалық мәлімет дәлелдейді. Мұғулдар – түріктер деген мәселе­ге ұзақ талдау жасауымыздың себебіне келейік. Ол әлемде аты өшпеген Шың­ғыз ханның кім және қай ұлтқа жа­қын екенін анықтау үшін қажет бол­ды. Сонымен, «Жамиғ ат-Тауарих­тағы» Шыңғыз хан дәуірінде «мұғул» аталып кеткен түркі тайпаларына бая­нына назар аударалық. Рашид ад-Дин «олардың (түр­кі­лер­дің) сырт келбеті мен тілі мұғул­дар­дың сырт келбеті мен тіліне сай, өте ұқсас келеді, себебі сол кезеңдерде мұғулдар түркі тайпасына жататын қауым еді. Қазіргі кезде олардың (ба­сы­на қойған) бақтың (патша­лы­ғы­ның) құдіреттілігі мен ұлылығының се­бебінен (түркіге жататын) басқа ру-тайпалардың баршасы (мұғул де­ген) арнаулы атаумен аталатын бол­ды». Тарихшы осылай біртекті түркі мұ­ғулдарының тарихын баяндайды. Оны жалайырлардан бастайды. Рашид ад-Дин жалайырлардың Шың­ғыз хан дәуірінен бұрынғы та­рих­та бар екенін нақтылап жазады. Сон­дай көне дәуірлердің бірінде жа­лайыр­лар мен қытайлар шайқасқа тү­седі. Сөйтіп көп жалайыр шайқаста мерт болып, біразы қашып құтылады. Жаудан қашып бара жатқанда жа­лайырлар Дутум Манинның әйелі Нумулунды өлтіріп кетсе керек. Содан олар­дың біразын жалайырлардың өз­дері қырып тастайды, біразы Қайду ханға құл болып, құтылғаны Шыңғыз ханды паналайды. Бірте-бірте Шың­ғыз ханның сеніміне кіріп, өздерінің қадыр-қасиетімен Шыңғыз хан сыйлайтын дәрежеге жетеді. Рашид ад – Дин жазады: «...олар­дың байырғы жұрты (Шыңғыз хан­ның ата жұрты болып табылатын) Қа­­рақұрымда болған». Мұны жа­лайыр­­лардан шыққаны Ақтан сопы Құтбтың «Біздің тарихымыз» атты қол­жазбасы растайды. Ол дерек бойын­ша жалайырлар Іле өзенінің оң жа­ғалауынан Мұзтауға (Алтай -У.Қ.) дейтін жерлерді мекендеген. Тарихымызға оралайық. «Бұл жа­лайыр руы өз алдына саны көп ха­лық­қа айналған үлкен, он тармақтан, олар­дың әрбірі көптеген қауымнан тұра­ды. Олар келесідей бөлініп, рет­пен аталады: Жат, тоқырауыт, қөн­сауыт, құмсауыт, нілқан, құрқын, тө­лең­гіт, бөрі, шаңғұт». Айта кетелік, Ақтан сопы Құтб­тың «Біздің тарихымыз» қол­жаз­ба­сына жүгінсек, Шыңғыз хан Жетісу­да Құрылтай жасап, барлық бала­лары мен туыстарына, әскеріне енші бө­ліп берген. Жалайырлар да енші алып, бүгін­гі күнде он екі ата болып отыр. «Жамиғ ат-Тауарих» кітабында бы­лай деп жазылған. «Шыңғыз хан дәуі­рінде жат тармағынан шыққан, бар­лық жалайыр руы ішінде өте атақ­ты да абыройлы Мұқалы Гойон бол­ған. Шыңғыз хан әскерінің сол қа­на­тының бәрі мойындайтын еді. Оның ұрпақтарын да «гойон» лақабымен атайды, мағынасы қытай тілінде «ұлы хан» (дегенді білдіреді). Шыңғыз хан оны әскерімен бірге Қараун жидун деп аталатын жерде қалдырып кеткен кезде қытайлықтар оған осы лақап атты берген. Оның ұлы Бұғыл Гойон Үге­тай қаған дәуірінде әкесінің орын­басары болған. Оған мұндай атауды Шыңғыз хан берген». Рашид ад-Дин жалайырдан кейін су­нит тайпасын атайды. Суниттен бөлініп шыққан қабтұран тайпасы. Бұл тайпадан көп әмірлер шығыпты. Солардың ішінде Шырмағұнды ерек­ше атайды. Үгедей қаған Шырмағұнды ерлігі, ба­тырлығы мен батылдығы үшін төрт түмен (қырық мың) әскер лашкер там­масы етіп бекітеді. Тарихта осы рудан тарайтын көп­теген әскербасшылардың, әмірлердің атын атайды. Кітап «Шыңғыз хан» деп аталатын болғандықтан, енді тікелей ол кім? Қандай ру немесе тайпаға кіреді деген сауал туындайды. Авторлар «Жамиғ ат-Тауарихқа» сүйеніп, Шыңғыз хан шежіресін тө­мендегідей таратады. Шыңғыз ханның әкесі Жесугей, мұғұл тілінде оны «Ичига» дейді екен. Екінші атасы – Бартан Баһадұр, мұғұл тілінде оны «Ибуга» деп атайды. Үшінші атасы – Қабыл хан, мұғұл тілінде оны – «Илинчик» дейді. Төртінші атасы – Түмбине қаған, мұғұл тілінде оны «Будатур» дейді. Бесінші атасы – Байсыңқұр, мұғұл тілінде оны «Будаукур» дейді. Алтыншы атасы – Қайду хан, мұғұл тілінде оны «Бурқай» деп атай­ды. Жетінші атасы – Дутум Манин, мұғұл тілінде «Дутакун» дейді. Сегізінші атасы – Боданжар. Авторлар Боданжарды тоғызын­шы атасы деп есептейді. Бірақ «Жамиғ ат-тауарихта» ол сегізінші ата деп көр­сетіледі. Сонымен, Шыңғыз қағанның то­ғыз атасына дейін мұғулдар екенін біл­дік. Сонда Шыңғыз ханның түбі түркі болмай ма? Авторлар «Жамиғ ат-тауарихтағы» деректерді салыстыра келіп, Шыңғыз қа­ғанды 1155 жылы туып, 1227 жылы 72 жасында дүние салған деп есеп­тейді. Бұл басқа да Шыңғыз хан ту­ра­лы жазылған деректермен сәйкес ке­леді. Шыңғыз қағанның ата-бабасы туралы деректер баяндалды. Ал оның отбасылық жағдайы қандай? Енді осыған назар аударып көрелік. Шыңғыз ханның 500-ге жақын әйел­дері мен күңдері болыпты. Олар әр рудың қыздары. Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбай олардың біра­зын Шыңғыз хан мұғұлдардың дәс­түріне сәйкес айттырып алған деп жа­зады. Ал көпшілігі жорықта түскен тұт­қын әйелдер сияқты. Дегенмен Шың­ғыз ханың жанына жақын бес әйелі бол­ған. Солар туралы да әңгімелей ке­тейік. Бірінші әйелі – Бөрте фужин, қоңырат руы патшасы әрі көсемі Дай Ноянның қызы. Бас бәйбіше атанған Бөртеден Шыңғыз қаған төрт ұл, бес қыз сүйеді. Үлкені – Жошы. Одан бүкіл Дешт-Қыпшақтың барлық патшалары мен ханзадалары тарайды. Одан кейінгі ұлы – Шағатай. Үшінші ұлы – Үгедей қаған. Төртіншісі – Төле. Төле – мұғұлша – «Айна» деген ұғымға сәйкес келеді. Шыңғыс қағанның екінші әйелі – Құлан хатун. Ол Ухаз – меркіт руы­ның көсемі Қайыр Усунның қызы. Үшінші әйелі – Есуған, татар қы­зы. Төртінші әйелі – Күнжу хатун. Ол Қытай патшасы Алтан ханның қызы. Бесінші әйелі – Есұлын, татар, төр­­­тінші әйелі Есуғанның туған әп­кесі. «Шыңғыз хан» кітабындағы тағы бір өте маңызды деректі аттап өтуге болмайды. Ол Шыңғыз хан мен Әмір-Темірдің аталас, туыс екені туралы мәлімет. Бұл тарихқа қаншалықты жана­сымды? Мұны айғақтау үшін 1420-1425 жылдары Ширазда парсы тілінде шыққан Шараф ад-Дин Али Йаздидің «Зафар нама» (Жеңіс кітабы) кітабына жүгінген жөн. «Зафар нама» екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – «Тарих-и Жаһангир» (Әлем­ді жеңіп алушының тарихы); Екіншісі – Әмір-Темірдің өмір­баяны мен оның дәуірі туралы жазыл­ған. Бұл «Зафар наманың» заңды жал­ғасы болып табылады. Бірінші кітаптың мазмұны «Шың­ғыз ханның» баяны мен ата тегіне арналған. Кітаптағы тарихи деректер Рашид ад-Дин Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарих» атты кітабынан алынғаны шүбә келтірмейді. Ал Йазди «Тарих и-Жахангирді» алғысөз ретінде пайда­ланған. «Шыңғыз хан» кітабында көне тарихи деректердің көптігі сондай, оны оқырманға жеткізудің өзі қиын­дық туғызады. Сондықтан көп адам біле бермейтін деректерге сіздердің назарларыңызды аударып отырмын. Ол «Шыңғыз хан Отырар қаласын қиратты ма, жоқ па?» деген сұрақ. Бұл тұрғыда күні бүгінге дейін әртүрлі көзқарастар, пікірталастар баршылық. Осы сұраққа Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбай «... Отырарды Шың­ғыз хан қиратып тастады деген ұғым қалыптасқаны белгілі. Ол шындыққа жатпайды» деп тұжырымдайды және оған өздерінің дәйектерін келтіреді. Сол деректерді санамалап, сарап­тап, төмендегідей ой түйеді. «....Шыңғыз хан Отырар қаласына хижра бойынша 616 , яғни 1220 жылы келген болатын. Одан 289 жылдан кейін келген Бұрындық хан Отырарды ала алмай кеткен. Бұған Рузбихан Исфа­ханидің 1509 жылы жазған «Мих­ман нама-и Бухара» (Бухара қо­на­ғының жазбалары) дәлел. Соған сәй­кес, Шыңғыз хан Отырарды қи­рат­паған». Қорыта айтқанда, Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбайдың «Шыңғыз хан» кітабы – өзінің құрылымдық жа­ғынан қызық, деректері мол, түркі-мұғул­ша сөздердің түсіндірмесі бар, та­ғы да басқа ғылыми ақпараты бай, еш­кімді бейжай қалдырмайтын ғы­лыми-танымдық еңбек.

Уәлихан ҚАЛИЖАН,

ҰҒА академигі,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері