– Баян-Өлгейде де болдыңыз ғой?
– Болғанда қандай! 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің филология факультеті жанынан ұйымдастырған фольклорлық экспедиция құрамына зерттеуші ретінде мені арнайы шақырды. Мен келістім. Жетекшіміз филология ғылымының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев болды. Баратын жеріміз – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы. Осында тұратын қазақтардың фольклорын зерттеуіміз керек.
Фольклорлық экспедицияның бұл қызықты жұмысы жарты айға созылды. Баян-Өлгейді ежелден мекендейтін қазақтардың әдеби, музыкалық фольклоры өте бай екен, оған ыждағатпен ден қойып, қыруар қазына жинадық. Әсіресе, ән өнерінде жасалған әрқилы нұсқаларды мол қамтыдық. Менің магнитофоныма Баян-Өлгей радиосында жинақталған әндер мен күйлер толық жазылды. Кейбір аңызға айналған әндердің хикаялары да көнекөз қариялардың айтуымен қағазға түсті. Экспедиция құрамындағы ғалымдар мұндағы қазақтардың ежелгі тарихы тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, діни сеніміне дейін қызықты рухани дүниелерге ерекше мән беріп, тыңғылықты түрде зерделенді. Экспедиция Баян-Өлгей аймағынан қыруар фольклорлық олжамен оралды.
Менің қолымда өзіммен бірге ала жүретін «Моңғолия қазақтарының халық әнері» атты жинақ бар. Ол 1953 жылы Өлгейде жарық көрген. Кітапқа 352 ән енген. Бұрын 1965 жылы шыққан жинаққа 52 ән, 1972 жылы шыққан жинаққа 86 ән кіріпті. Сөз жоқ, моңғол қазақтары үшін бұл үлкен рухани қазына.
Тағы бір қызық оқиға, Қазақстанда мүлде кездеспейтін Біржан салдың «Бірлән» әнін мен Баян-Өлгей қазақ радиосының фонотекасынан таптым. Әнді Мүтәліп есімді әнші жаздырған. Ән радиодан жиі берілгендіктен пленка әбден ескірген. Бірінші шумағының сөздері анық емес, қайта-қайта тыңдап, қағазға түсіре алмадым, бірақ жобасы дұрыс. Ал, екінші шумағы қаз-қалпында, дін аман сақталған.
Баян-Өлгейде көп тыңдаған жанның бірі сыбызғышы Қалек Құмақайұлы болды. Тұрсекең екеуміз ол кісіні өзіміз жатқан қонақ үйде, одан Сақсай сұмында болған сәтімізде кезек әңгімелесіп видеоға түсірдік. Ол тоғыз күйдің аңызын айтты. Маған өзінің бір сыбызғысын сыйлаған. Мен көп жерді араладым, сонда анық көзім жеткен бір нәрсе – сыбызғы өнері батыста, Маңғыстауда бар, бірақ ең керемет сақтап қалған Баян-Өлгей қазақтары екен.
Баян-Өлгейден оралған соң Алматыдан Баян-Өлгей қазақтарының әндеріне арналған кеш бердік... сол бір концерт 1996 жылы наурыз айының жиырма сегізі күні өтті. Концертке он жеті әнші және «Сазген» ансамблі қатысты. Концерттің афишасын «Керім-ау, айдай» деп атадық. Бұл Баян-Өлгейдің махаббат жыры болған терең сырлы ән. Оны Қазақстанда Әмина Нұғымановадан басқа есті әншінің лебізіне түсіп көрмеген, осы күнге дейін өзінің шын мәнін аша алмай, жеңіл-желпі орындалып, бағы жанбай жүрген ән. Кешті мен осы әннің тылсым тарихын айтудан бастадым.
Сахна төрінде Моңғолдың халық артисі, сол кездегі Абай атындағы опера және балет театрының белді әншісі, сирек үнді баритон Қабылаш Әбікей, дәйім ұмытылған әндерді қайта түлетіп, әбден сүйікті болған Майра Ілиясова, Галина Қарамолдаева, Ағайша Исағұлова Қытайдан келіп, операда ойнап жүрген Тілеубек пен Ермұрат... тағы басқа да жас әншілер Баян-Өлгейден әкелген «Ақжайқын көл», «Балапан қаз», «Керім-ау, айдай», «Иуа, шіркін», «Іркужан», «Жорғатай», «Көк өзен», «Ой, бұраң бел», бұдан да өзге бірде жібектей сызылған сырлы, бірде жүрек ұйытар мұңды, не құмарлық оты боп жарқылдаған әндерді келістіре орындады. Бұл әндер – Баян-Өлгей қазақтарының бітім-болмысын, жаратылысын, табиғатын, мінезін, ой-санасы мен қиял дүниесін, жан сезімін, шабытын, өресін, ірілігін, әншілігін танытты.
Кеш барысында әндер тарихы шертілді, бұл өлкенің арғы-бергі тағдыр-талайы, өнері мен мәдениеті, этнографиясы сөз етілді. Аса көрнекті жазушы, ғалым Мұхтар Мағауиннің бұл тосын әндерге деген бағасы, баянөлгейлік бауырлардың ежелгі, бүгінгі тарихын тереңнен қозғап, алыстан қайырып, алақанға салғандай етіп тебірене толғауы кешті тамашалаған есті, зиялы қауымды сілтідей тындырып, қазақ диаспорасының көкейкесті хал-ахуалы ойландырып тастады.
Баян-Өлгей жақын, жақын да болса алыс. Біз үшін әлі де болса құпия сырын ішіне бүккен жұмбақ әлем. Күні кеше ғана Баян-Өлгей аймағында жүз елу мыңнан астам қазақ баласы мекен ететін еді. «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деп, алпыс мыңдай қайран туыс атажұртқа қоныс аударыпты. Қазір Баян-Өлгей қазақтарының көші тоқтаңқырады. «Елім» деп еміренген есіл жұрт «Пәлен жерде алтын бар, қасына барсаң бақыр да жоқ» деседі. Бірақ, баянөлгейліктердің еру қонатын елдей боп елеңдеуі, қобалжуы, беймаза дәмесі басылған жоқ. Өмір бақи «у ішсең руыңмен» дейтін сөзді ұмытар емес. Бізбен қауышуға қанша ұмтылса да діңкесі құрып, екі әннің бірінде «Ауылың шалғай кеткенде, беу, қарағым» деп, үздігумен, аңсаумен, бұлыңғыр арманмен ғұмыр кешіп келеді.
– Шетелдегі қазақ ән өнерінің ерекшелігі неде?
– Ол жердегі адамдардың тұрмыс-тіршілігіне және табиғатына байланысты. Мысалы, сонау Шығыс Түркістанды айтпағанда өзіміздің мынау Қаратаудың теріскейін жайлаған елдің әні, арқаның әндерінен мүлде бөлек. Бұл әншілік класс, әншілік мектеп дегеннен шығады. Қазақстанда арқа, батыс, шығыс және оңтүстік ән мектебі болса, Шығыс Түркістандағы ән мектебі мүлде бөлек бір әлем. Бұл қазақ ән өнерінің байлығы, өрнегінің әшекейі, үн бояуы. Одан кейін ондағы халықтың бастан кешкен тағдыры талайы бар. Есінен кетпес тарихи оқиғалардың әсерінен туатын әндер болады. Шығыс Түркістан қазақтары елден ажырап қалғаны, басына түскен ауыр күндері – бәрі олардың ән-жырларына сәулесін түсіріп, келе-келе үлкен классикалық музыкаға айналған. Олардың әні сағынышқа толы, аңсаулы болып келетін себебі – бір-бірінен бөлініп қалған кездерде туған, сондықтан да ол әндерді тыңдағанда ұмсындырып, емірентіп қояды.
Ал негізі ұлттық нақыштың не екенін, қандай қасиеті барын – Қытай қазақтары мен Моңғол қазақтарының әндерінен сезінуге болады. Ол саф ауа сияқты, әр қырынан жарқырайтын гауһар сияқты әдемі сақталған. Оларда шетелдік әндердің әсері жоқ. Ұлттық нақыш жағынан екі елді жайлаған қазақтардың әндері мәрмәр. Міне, бұл сонысымен ерекше.
– Ондағы көп әннің мәтіні бірі-біріне көшіп, мидай араласып кеткен секілді?
– Иә, бұл енді өте өзекті мәселе. Бұл қай-қай жерде де бар. Мен жазушы, филолог адаммын, сондықтан ән мәтініне көп мән беремін. Бір-екі мысал айтайын. Баян-Өлгейдегі «Іркужан», «Балапан қаз» секілді әндердің иірім, қайырымы, мұңы қандай ғажап?! Ондай мәнер бізде сирек. «Балапан қаз» әріректегі ән. Әуезі әдемі сақталған. Бірақ сол «Балапан қаз» әнінің сөзі бүлінген. Оны кейбір әншілер түсінбейді. Ән күшті болған соң, әнді өлтірмей сақтап қалу үшін Баян-Өлгейдегі ағайындар «Балапан қаз» әніне сөз жазыпты. Бірақ ән қайырмасындағы «Ей, ахау сабаз» дейді. Қарап тұрсаңыз, «сабаз» деген сөз әнге мүлде үйлеспейді. Кейін мұның мәнін Шұбартау, Ақсуат жағынан таптым. Сөйтсем бұл ән сол жақтан Қытайға өткен, одан әрі Баян-Өлгей қазақтарына жетіп сонда сақталған екен. 30-жылдары Ақсуат, Шұбартау, Аягөз жақта бұл «Балапан қаз» әні көп айтылатын ән болған көрінеді. Сонда бұл «Ей, сарыала қаз, ұшырдың ұясынан балапан қаз» деп айтылады екен.
Профессор Бекен Жылысбаев деген мықты өнертанушы кісі болды, әннің сөзіне өте зерек адам еді. Сол кездегі әншілерге ән сөзі қалай айтылу керектігін тәптіштеп айтып отыратын. «Пришом, тут – деп қояды маған, – пришом тут, «сабаз», Илия, өзің ойлашы, балапан қазды ұшырған сабаз емес, сарыала қаз ғой» дейді. Рас қой. Ән мәтініне не болса соны қосып жіберетіндер бізде де көп.
– Басқа алыс шетелдегі қазақтардың ән өнерін зерттеп көрдіңіз бе?
– Ең негізгі ән мен күй – Шығыс Түркістан қазақтарында. Басқа шетелдерде бірлі-жарым бар шығар. Бірақ анау сияқты бай емес.
Кезінде Мырзатай Жолдасбеков Иран елінде елші болып тұрғанда сапармен Иран қазақтарын араладым. Өте ізденімпаз ғалым Ислам Жеменейдің әкесі Ақмұрат ақсақалдың үйінде қонақ болдық. Сонда Жайлау деген жыршыдан Қашаған жыраудың Есқали сұпыға айтқан домбыра жайлы жырын жазып алып, кейін жырдың толық нұсқасын жарияладым. 30-жылдары елден кеткен Адайларда сақталып қалған екен. Кейін сол еңбегіме Ислам Жеменей ризашылығын білдіргені бар.
– Өз шығармашылығыңызға оралсақ, қазаққа бергеніңіз мол. Бірақ әлі де бір орындай алмай жүрген арманыңыз бар ма?
– Ойландыратын сұрақ қойдыңыз. Мен 2016 жылы 80 жасқа келдім. 80 деген аз жас емес, артыма қарасам көзім жетпейді. Мәселе көп жасағанда емес, көп көргенде. Ғажайып нәрселер көріппін. «Жалған екен көргенім, арман екен көрмегім» деген осы екен. «Ендігі жол еңіс. Көлеңке басы ұзара береді. Сезім қалай болады, ой қалай болады екен?» деп жүргенде, 52 жыл толғандырған «Сырдария» деген әнді жаздым. Осыны жазғаннан кейін тиегім ағытылғандай болды. «Қазығұрт», «Қызыл гүлі Таластың» деген әндерді жаздым. Осыдан біраз бұрын Біржан сал туралы жаңа әнім шықты. Бұрын Ақан сері туралы жазғам. Ең соңғы әнім – «Біржан сал». Онда Біржан мен Ләйлінің махаббаты суреттеледі. Дүниеден бәрі кетеді, бірақ ән, өнер қалады...
– Тағылымды әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Бақытбек ҚАДЫР
https://www.youtube.com/watch?v=wYx3WqfkwQ4&feature=youtu.be&ab_channel=TurkistanInternationalPoliticalWeeklyСюжетті жасаған Нұржан ТҰРҒЫМБАЙ