210
Жапонияда Әл-Фараби орталығы ашылды
Жапонияда Әл-Фараби орталығы ашылды
«Күншығыс елінде» алғашқы Әл-Фараби орталығының ашылды. Бұл ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу аясында Жапония мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды оқиға болды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Салтанатты рәсім ҚР-дың Жапониядағы Елшілігінің қолдауымен ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Цукуба университетінде өтті.
Орталық гуманитарлық, әлеуметтік және жаратылыстану ғылымдары саласында бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру, Қазақ ұлттық университеті есімін лайықты иеленіп жүрген, көрнекті ғалым және философ Әбу Насыр әл-Фарабидің алтын энциклопедиялық мұрасын ілгерілетудің бірегей халықаралық алаңына айналуға тиіс.
«Әл-Фараби орталығының ашылуы – ойшыл тұлғасына деген жоғары құрметтің белгісі әрі қазақ халқына деген үлкен достықтың көрінісі. Оның болашағы зор. Орталық кәсіби кадрларды бірлесіп даярлауға, ҚазҰУ мен Цукуба университеті ғалымдарының халықаралық рейтингтік басылымдардағы жарияланымдарын арттыруға, сондай-ақ зерттеу қызметін дамытуға бағытталған. Орталықта қазақ тілі оқытылып, Қазақстанның тарихы мен мәдениеті таныстырылатын болады», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.
Мэйджи (1872) дәуірінен бастау алатын Жапонияның жетекші зерттеу университеттерінің біріндегі Әл-Фараби орталығының миссиясы халықаралық аренада Қазақстанның имиджін насихаттауға және танымалдығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, негізгі серіктестер адамзат өркениеті тарихында баға жетпес рөл атқарған ұлы философ әл-Фарабидің мұрасын зерделеп дәріптеу мақсатында екі университеттің әлеуетін біріктіруге дайын екендіктерін білдірді.
Орталықтың ашылуында сөз сөйлеген Цукуба университетінің президенті Нагата Киосукэ әл-Фараби орталығының қызметі бірлескен ғылыми-білім беру жұмысын одан әрі дамытып өркендетуге ықпал ететінін, сондай-ақ Қазақстан мен Жапония арасындағы қатынастарды нығайтуға үлкен үлес қосатынын алға тартты. Атап өтерлік жайт, орталықтың ашылуы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Цукуба университетінің Campus-in-Campus бағдарламасын бірлесіп табысты іске асыруының және де көп жылғы жемісті ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды.
Қазақстанның аталмыш елдегі Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев атап өткендей: «Бұл іс-шара екі университеттің серіктестігінің ғана емес, сондай-ақ елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынастың да символы... Әл-Фарабидің мерейтойын мерекелеу – Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды кезең, өйткені оның тұлғасы әлемдік қоғамдастыққа білім мен ғылымның, мәдениет пен әдебиеттің Ұлы далада ежелден дамығанын айшықтайды».
Әл-Фарабидің идеяларын дәріптей отырып, ҚазҰУ әлемнің 10 жетекші жоғары оқу орнында ашылған Әл-Фарабидің орталықтары мен мұражай-үйлері арқылы ұлы ойшылдың идеяларын кеңінен тарату арқылы мақсатты жұмыс жүргізуде. Әл-Фарабидің мерейтойлық жылында АҚШ, Ресей, Греция, Румыния, Албания, Малайзия, Өзбекстан, Корея Республикасы және Балтық елдерінде жаңа орталықтар құру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.