209
«Надансыңдар»: шенеунік қызметкерлерден ақша жинап, соққыға жықты деген күдікке ілінді
«Надансыңдар»: шенеунік қызметкерлерден ақша жинап, соққыға жықты деген күдікке ілінді
Өмір көрмегенсіңдер, қазақтың жігіттерісіңдер ғой. Адам соншама шошқа бола ма?! Надансыңдар, мен сендерге айтайын, надансыңдар!
Алматы әкімдігінде бөлім басшысы болып қызмет атқаратын Қайрат Тоқтасынов қол астындағы инспекторларды соққыға жығып, ақша жинады деген күдікке ілінді. Экология бөлімінің инспекторлары қарамағындағыларды қорлап, қорқытып ұстайтын бастығының үстінен шағымданды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бөлімнің бес бірдей қызметкері шағымында басшысының соңғы бірнеше жыл бойы қос астындағыларды масқаралап, қорлағанын, олардан жеке қажеттілігі үшін ақша жинайтынын жазған. Тіпті, Қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы жас жігіттерді соққыға да жыққан. Бөлім инспекторлары Instagram желісіндегі анонимді аккаунт арқылы үндеу жариялап, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа тікелей жүгінді. Дәлел ретінде басшысымен арада болған аудиожазбаны қоса жүктеді. Желі арқылы жасалған шағым да, қоса берілген аудиожазба да артынан алынып тасталған.
Инспекторлардың сөзінше, бөлім басшысы қол астындағы қызметкерлерін жеке шаруасына да жұмсайды екен. Баласын тасу, енесін апару сынды шаруалар инспекторлардың жұмыс кестесіне «еніп» кеткен. Қайрат Тоқтасынов мамандарды үнемі жеке мақсаты үшін пайдаланып қоймай, бағынбаған жағдайда жұмыстан шығаратынын айтып қорқытады екен.
«Балаларды мектепке әкелу, түскі уақытта балаларды мектептен алып кету, енесін әуежайға ертіп бару, әуежайдан 4:00-де енесін қарсы алу, ененің туған күніне сыйлық жинау…. Бірақ, ене біздікі емес, өзінікі. Мен екі жарым жылдан бері жұмыс істеймін. Бір рет жұмыстан сыйақы алдым, ол содан ақша жинауға мәжбүр етеді. Біз оны беруден бас тарттық. Ол жұмыстан шығарамын деп қорқытады», – дейді шағымданушы инспекторлардың бірі.Тіпті, басшылары мас күйде болып, қол астында істейтін үш жігітті соққыға жыққан. Әуезов аудандық экология бөлімінің жетекшісі Ғалия Өмірбекқызының айтуынша, басқармадағы бастықтарға жағдайды талай рет айтқан, бірақ ешкім мән бермеген.
«Аудиожазбада Тоқтасыновтың өз даусы. Оның бетіне де айттым, «Жұмыстан кет!» деп. Бәрімен келісіп жатқанын айтты. Екі жыл бұрын арақ ішіп алып, Ерасыл, Мейіржан және Ғасыр деген жас балаларды соққыға жыққан. Сыйақы берілген сайын ақша жинайды, оны басқа аудандағылардың бәрі біледі. Жұмысқа адам алу үшін де ақша жинайды. Маман болып кіру үшін 2 мың доллар, бөлім бастығы болу үшін 4 мың доллардан алады. 2018 жылы – Жаңа жыл алдында 180 мың теңгеден сыйақы берілгенде, бәрінен 50 мың теңгеден жинап алды. Оны маған Тоқтасыновтың өзі де айтқан. Мен «Ақша жинаудан ұялмайсыңдар ма?» деп едім, маған ол: «Өмірбековна, оны мен жинаған жоқпын, оны ана Бөрібаев алды» деп, сол жерде үлкен бастығын сатып берді. Болатбек Құдайбергенұлы Бөрібаев – Медеу мемлекеттік саябағының бастығы, біз бұрын сол адамға бағынатынбыз», – деді Алматы қаласы Әуезов аудандық экология бөлімінің басшысы Ғалия Төлегенова.Қайрат Тоқтасынов басқаратын бөлімде бұрын жұмыс істеген қызметкер де жұмысқа 2 мың доллар беріп кіргенін айтты.
«Жұмысқа кіру үшін 2 мың доллар береміз, бермесең, сылтау тауып қаныңды ішеді. Сөйтіп мен 2 мың доллар беріп жұмысқа кіргенмін. Кейін Бөрібаев сылтау тауып, мені жұмыстан шығарып жіберді. Ақша беру жүйесі әлі де бар. Ақша қалалық экология бөлімінің бастығына беріледі. Ақша бермей, жұмысқа алмайды. Айлығы аз болса да, жұмысқа тұрғысы келетіндер көп. Таза, болашағы бар, тірлік етуге болатын жер. Бастықтың «Әйелімді әкел, енемді апар» деп айтатыны рас. «Бардак» болып кеткен. Экология бөлімі – Қайраттың шеке шаруашылығы болып кеткен. Балалар босқа шағымданбайды, шегінен асқан соң жазып отыр. Ешкімнің жұмыс істегісі келмейді, жұмыс екінші орында қалған. Мен қазіргі жағдайды естіп, ренішімді, сол жердегі оқиғаны айтып отырмын», – деді Қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің бұрынғы қызметкері Бегалы Бакеев.Инспекторлардың шағымына байланысты қазір қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Алматы қаласы әкімдігі инспекторлардың басшысына көңілі толмайтынын растады.
«2020 жылғы 4 желтоқсанда интернет-ресурстарда Қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы Қ. Н.Тоқтасыновтың әдепсіз лексикасы бар аудиожазбаның таралу фактісі бойынша «Алматы тұрғын үй» ЖШС директорының бұйрығы негізінде комиссия құрылды, оған жоғарыда аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізу тапсырылды. Қызметтік тергеу аясында Қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы К.Н. Тоқтасыновтың түсініктемесі алынды. Қазір аталған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатындаҚоршаған ортаны қорғау және экология бөлімі қызметкерлерінің жазбаша түсініктемесін толық құрамда жинау жұмыстары жүргізілуде. Бөлімнің жекелеген қызметкерлері К. Н.Тоқтасыновтың қарамағындағылармен дұрыс қарым-қатынас жасамауына байланысты оның мінез-құлқына риза емес екенін атап өткен жөн», – деді Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.Бөлім басшысына қатысты қолданылатын шара комиссия жұмысы аяқталған соң белгілі болады. Алайда, бәрі расталса да, бөлім басшысы жеңіл ескертумен құтылып кететінін алдын ала біліп отырған инспекторлар «Тоқтасыновты орнынан кетірмей кейін шегінбейміз» деп оқталып отыр.
«2018 жылы қаңтарда жасыл экономика басқармасының Ерасыл Нысанбеков деген қызметкері ағаш кесуге қатысты рұқсат алған. Тапсырыс берушілер жасыл шыршаны кесіп тастаған. Сол шырша үшін Ерасыл арқылы экология бөлімінің бастығы миллионнан аса ақша алған. Ағашты кесуге өтініш беруге Ерасылдың қандай қатысы бар, ол мүлде басқа жақта тұрады. Соған қатысты шу көтерілгенде Ерасылға «тыныш кетіп қал, кейін қайтарып аламын» деп жұмыстан шығарды. Туған күн, Жаңа жыл сынды мерекелерде өзіне әр ауданнан бес «корзинадан» алғызады, тізімін жазып береді. Оның бәрін басына қоя ма? Оның қол астында Айсұлу деген жас қыз жұмыс істеді. Сол қыздың аяғы мен кеудесіне қол жүгірткен. Оны Айсұлудың анасы естіп, шу шығарды. Тоқтасыновтың Гүлмира деген қызметкері бар, сол Айсұлудың анасымен келісіп, мәселені шешті. Тоқтасынов ақшаны, әйелді және арақты жақсы көреді. Астында Toyota Land Cruiser-200 көлік бар. Оны қай ақшасына алған? Менің экология саласында жұмыс істегеніме 30 жыл болды, мұндай бассыздықты көрмеппін», – деді Алматы қаласы Әуезов аудандық экология бөлімінің жетекшісі Ғалия Төлегенова.Басы дауға қалған бөлім басшысы Қайрат Тоқтасынов жас жігіттерді соққыға жыққанын, жас қызға қырындағанын мойындамаса да, сұхбат соңында желіде тараған ауиожазбаның өз даусы екенін растады. Айтуынша, қалалық экология бөліміне, яғни өзіне тікелей бағынатын 45 инспектор бар.
«Соңыма түскен төрт адам бар, мына істі ұйымдастырушы – бір адам. Оның атын айта алмаймын. Олардың бәрі маған бағынады. Осындай іс-әрекетті жыл сайын жалғастырып келеді. Тараған аудиожазбадағы дауыс менікі емес. Менің даусымды естіп тұрсыз ғой, салыстырып көрсеңіз, бөтен дауыс екенін байқайсыз. Бұл заңсыз. Маған қатысы жоқ, менің суретімді қойып таратқан. Жігіттердің ешқайсын ұрғаным жоқ. Ерасыл ағаш кесуге рұқсат алған жоқ. Айсұлу да жұмыстан шығып кеткен, ол бала күтіміндегі әйелдің орнына жұмысқа тұрған. Жоқ, аудиодағы дауыс өзімдікі, менің дауысым, жеке өмірдегі жазбалар, оны біреулер суырып алып таратқан. Оны мен үй салғанда, соған (басқаларға –авт.) айтқанмын. Мас болған кезімде жұмысшыларға айтқанмын. «Надансыңдар» деген сөзді мен айтқанмын. Бірақ қол астымда да, үй салғанда да ешбір орыс, ұйғыр ұлтының өкілдері жұмыс істеген жоқ», – деп Қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің бастығы Қайрат Тоқтасынов сенімсіз жауап берді.