465
Ресейде қазақ газетінің шығып тұруы үшін ақысыз жұмыс істейміз
Ресейде қазақ газетінің шығып тұруы үшін ақысыз жұмыс істейміз
Қиыр жайлап, шет қонған, атажұрттан шалғайдағы қандастарымыз үшін ұлттық мәдениеттің қазығынан ажырамау – аса маңызды. Соның ішінде тілді ұмытпау, салт-дәстүрді дәріптеу, тарихты түгендеу мәселелері өзектілігін жоғалтпайды. Ал осының барлығын бір арнаға тоғыстыратын баспасөздің орны тіптен ерек. Шетелдегі қазақ басылымдарының саны көп емес. Бірақ еңбектері ерен. Сондай үнжарияның бірі – Ресейдің ең көп қазақ тұратын Омбы аймағынан шығатын «Омбы қазақтары» газеті. Жақында 50-саны шығатын газет туралы «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының негізін қалаушы Торғын Әшеновамен сұхбаттасқан едік.
– «Омбы қазақтары» газеті қашаннан бастап шығады? Газет шығару идеясын кім ұсынды, негізін кім қалады?
– 2014 жылғы Наурыз мерекесі қарсаңында Омбыда үлкен жиналыс өткен болатын. Міне, сол жиналыстан бастап біз газет шығара бастадық. Газет шығару идеясын сол кезде Аймақтық қазақ ұлттық мәдени автономиясы ұйымының басшысы Бакулин Бота Зейнилхабиденұлы айтқан болатын. Ол кісінің идеясын біз қолдадық, одан соң 5-6 адамның басын біріктіріп, «Омбы қазақтары» газетін шығара бастадық. Басты мақсатымыз –осы жақта тұрып жатқан қазақтардың өз газеті болсын дедік, өзіміздің тарихымызды, ауылдарымыз, ел мақтаныштары туралы жазамыз деп ойладық. Алғашында газетіміздің бірінші саны 4-ақ бет болды, А4 форматында, ақ-қара түсте басылып шықты. Солайша 500 газет бастық, оны іс-шарамызға келген 500 адамға таратып берген едік.
– Газет тек қазақ тілінде шыға ма? Ресейде қазақ газетін шығару қиын екені айтпаса да түсінікті ғой, оқырмандарыңыз қанша, жалпы газеттің таралымы қандай?
– Газетіміз екі тілде шығады. Шынын айту керек, көбінесе орыс тіліндегі материалдар шығады. Себебі газеттің редакциясына кірген жастар орыс мектептерінде оқыған, орысша жаза алады, бірақ қазақша жаза алмайды. Сонымен қатар газет шыға бастағаннан кейін Омбыда тұратын ақсақалдар бізге көмек етіп, қазақша сұхбат, қазақша мақала жазып отырды. Газетімізді оқитын оқырмандардың басым бөлігі жасы үлкен адамдар болғандықтан, қазақша жазылған мақалалар, әлбетте жақсы оқылды.
Екінші рет газет шығарғанда біз газетті А3 форматқа өзгерттік. Бет саны бесеу-ақ болды. Жарты жылдан соң газетті ресми түрде тіркеп, куәлік алып, халықтың газетке жазылуына жағдай жасадық. Барлық 32 ауданның 20-сында оқырмандарымыз болды. Сөйтіп, ол кезде нақты оқырмандарымыздың санын 300-ге жеткіздік. Бірақ 1 000 данадай газет шығып отырды. Артылып қалған газеттерді дүкендерге сатуға қойдық, немесе әртүрлі іс-шараларда тарататынбыз, демеушілерімізге үлестіретінбіз.
– Қазіргі уақытта газет шығару үшін қомақты қор, көп қаражат керек. «Омбы қазақтары» газеті қалай қаржыландырылады? Редакцияда қанша адам жұмыс істейді?
– 2015 жылы қала басшылығы бізге арнайы грант тағайындап, 100 мың рубль көлемінде ақша берді. Ол ақшаға газетіміздің тиражын көбейттік. Оған қоса газет бетінің санын да көбейтіп, 8 бет болып шыға бастадық. Газет шығару өте қымбат әрі қиын процесс болғандықтан, қала әкімдігі қолдау білдірді, осылай газеттің жұмысы одан әрі жүре бастады. Газет ашылған алғашқы жылда Бота есімді азамат демеуші болды. Келесі жылы қала әкімдігі көмектесті. Үшінші жылы демеуші іздеп, жарнамамен айналысып, газеттің бетін 12-ге дейін жеткіздік. Материалдар да көбірек шыға бастады.
Бірақ аздаған тоқырау да болды. Бір жыл газеттің жұмысы тоқтап, қаражат бойынша қиындық көрдік. Сөйтіп басылымның жұмысын бір жылға тоқтата тұрдық. Сол кезде газетте жұмыс істеген журналистер, беттеуші-дизайнер, фотограф, редактор, корректорлар ешқандй жалақы, ақша алмастан 100 мың қазақтың өз басылымы болсын, соны сақтап қалайық деген ниетпен басылымның жұмысын әрі қарай дөңгелетті.
Бір жыл өткен соң, биыл жаңа құрам жасақтап, редакцияны жаңарттық. Мәскеумен тікелей сөйлесіп, газетімізді Мәскеу газеттері каталогына қосқыздық. Редакцияның жаңа құрамында үш ақсақал бар. Олар көбінесе қазақ тілінде мақала жазады. «Әзіл-оспақ», «Атадан қалған сөз» айдарларын жүргізеді. Салт-дәстүр туралы педогогика ғылымдарының докторы, профессор Әмірғазин мақала жазып отырады. Сонымен қатар осы бір жылдан кейін жасақталған газет редакциясының құрамына басқа ұйымның мүшелері де кірді. Көптеген жастар қосылды. Сондай жастардың бірі – бас редакторымыз – Нәзия Исакова. Бұған дейін «Замандас» атты газеттің редакторы болған. Біздің газеттің 5 номері осы Нәзияның басқаруымен шықты. Былтыр қала әкімдігі тағы да грант беріп, өзімізге баспа аппаратын сатып алдық. Сол аппаратпен газет шығарып жатырмыз. Бірақ редакцияға кірген адамдар қазір еңбекақысыз жұмыс істеп жүр.
Омбы жерінде 120 ұлт өмір сүріп жатыр. Солардың ішінде тек үш халықтың ғана өз баспасөзі, өз газеті бар: немістердің, татарлардың, және біздің. Біздің де түпкі мақсатымыз сол еді. 100 мың қазақтың бір газеті болуы керек деп ойладық, осылайша өз ерік-жігерімізбен, өз күшімізбен газет шығара бастадық. Желтоқсан айында газетіміздің 50-саны шығады. Біздің газетіміз, атқарып жатқан қыруар еңбегіміз бекер емес екенін білеміз. Біз тарихты сол газеттің бетіне қалдырып жатырмыз. Басылым Итар ТАСС-қа, Мемлекеттік Ленин атындағы бас кітапханаға, Омбыдағы Пушкин атындағы облыстық кітапханаға жіберіледі, сол жақтарда сақталады.
– Газетте қандай тақырыптар қамтылады, қандай айдарлар бар, айына қанша рет шығады? Сол туралы да айтып өтсеңіз?
– Газет редакциясында он шақты адам жұмыс істеді. Жоғарыда айтып кеткенімдей, жастар да, үлкен кісілер де бар. Шама-шарқымыз келгенше мақала жазып, сұхбат аламыз. Газетіміз айына бір рет шығады. Таралымы – 1000 дана. Қазір 2021 жылға жазылу науқаны басталды. Алты айға жазылу бағасы 400 рубльдей болады.
Бізде жаңадан «Қара шаңырақ» атты жаңа айдар ашылды. Сол айдарға Нұр-Сұлтан қаласынан Тұрар Саттарқызының мақалалары шығып тұрады. Омбыда магистратурада оқитын ол осында қазақ газеті бар екенін естіп, біздің қатарымызға қосылды, қазақша мақалалар жазады. Газетімізде «Ауылым менің», «Ел мақтанышы», «Қара шаңырақ», «Атадан қалған сөз», «Жаңалықтар» сияқты тұрақты айдарлар бар.
Қазақ басылымдарымен, қазақ газет-журналдарымен де бірігіп жұмыс істесек, жаңалық, ақпарат алмасып отырсақ деген ниетіміз де жоқ емес. Сондай мүмкіндік болып жатса, біз тек қуана қабылдар едік.
– Әңгімеңізге рақмет!
Ділда УӘЛИБЕК