Германиядағы қазақ актрисасы: «Құлагерді» сахналағанда еуропалықтар көз жасын тыя алмады

Германиядағы қазақ актрисасы: «Құлагерді» сахналағанда еуропалықтар көз жасын тыя алмады

Германиядағы қазақ актрисасы: «Құлагерді» сахналағанда еуропалықтар көз жасын тыя алмады
ашық дереккөзі
50278
Қазір Германияның Мюнхен қаласында тұратын өнерпаз қандасымыз Гүзел Жамықанның бала кезден бергі музыкаға деген әуестігі оны өнердің өр биігіне шығуға жетелеген. Алматыдағы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта, одан кейін Қазақ ұлттық консерваториясында оқыған қандасымыз шетелде білімін шыңдап, осы күні еуропалық талғампаз көрерменнің ықыласына бөленіп үлгерді. Германияда қазақ мәдениетін насихаттап, төл өнеріміздің құндылығын паш етіп жүрген Гүзелге арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік.  width= – Естуімізше, Германия сахнасында қойылған «Құлагер» пьесасындағы жал­ғыз қазақ актриса екенсіз. Бірақ Гер­ма­ния жұртшылығы сіз туралы естіп-біл­генімен, елде есіміңіз танылмаған се­кіл­ді. Ол жаққа қай жылы көшіп кет­тіңіз? – Әңгімені әріден бастасам, мен алты жа­­сымда Ахмет Жұбанов атындағы дарын­ды ба­лаларға арналған мектеп-интернатқа қа­был­данып, аталған оқу ордасында он екі жыл бойы пианист және хор дирижері сы­ны­­бында оқыдым. Сосын 2000 жылы мектеп бі­тір­ген соң, өзім оқыған мамандық бойын­ша Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­­серваториясына оқуға түстім. Онда бір жыл оқыған соң, оқуды Германияда жалғас­тыру туралы шешім қабылдап, ақыр аяғында осында келіп, бір жыл неміс тілі курсын оқы­­ғаннан кейін Мюнхендегі Рихард Штраус кон­серваториясына фортепиано класына түс­тім. Сонда оқи жүріп, қосымша Ав­густ Евер­динг атындағы театр ака­де­миясына оқу­ға түсіп, осылайша екі ма­ман­дықты қатар оқып жүрдім. Дегенмен екеуін бірге алып жүру қатты қиын болды. Ол жақ­та қолдау көр­сететін ешкім болмаған­дықтан, түнде жұ­мыс істеп, күндіз оқуға барып жүрдім.  width= – Фортепианошы мен хор дирижері мамандығын оқуға сонша жылын сарп ет­кен сіздің әртістікке бет бұруыңызға не түрткі болды? – Не себеп дейсіз бе? Өйткені энергиям та­сып тұр, сахнада ойнағым келеді.  Оның үс­тіне, Еуропада хор дирижері маман­ды­ғы­ның айтарлықтай тарихы жоқ, ал бізді мек­тепте Ресейден келген дәстүр бойынша оқыт­ты. Сосын аталған мамандықты Еуро­па­да көп жағдайда христиан дінімен бай­ла­ныс­тырады. Бұл мамандықты игергендер кемінде шір­кеуге барып жұмыс істей алады. Ал маған бұл жат нәрсе. Оның үстіне оқып жүргенде бос уақытым көп болды. Мюнхендегі кон­сер­ваторияда оқу оңай болды, себебі ондағы бағ­дарламаны Алматыдағы мектепте мең­геріп тастағанмын. Осы ретте ерекше атап айт­қым келетіні, осында келіп, елдегі А.Жұ­ба­нов және К.Байсейітова атындағы мектеп­тер музыка жағынан мықты білім беретініне көзім жетті. Мысалы, осындағы консер­ва­торияда емтихан жылына бір рет өткізіледі, мұны мен қазақша айтқанда «ойнап жүріп» тап­сыратынмын. Ал Жұбанов мектебінде әр екі ай сайын емтихан тапсыруың қажет, со­сын оқу жылының соңында үлкен концерт өткізесің. Содан соң жаңа оқу жылы бас­тал­ғанда тағы емтихан тапсырып, жыл бойы жал­пы саны он этюд ойнайсың. Ал Гер­ма­ния­да бір жылда тек үш этюд ойнайсың, ал бұл музыкант үшін ештеңе емес. Сол себепті «екін­ші мамандықты игеруге күшім жетеді» деп актрисаның оқуын оқиын деп ойладым. Оның үстіне мектепте оқып жүргенде спек­такльге қатысқаным бар. Жалпы, Жұбанов мек­тебінде сахнада өмір сүресің ғой. Осы бағалы тәжірибе үшін, мені әрі адам, әрі ма­ман қылғаны үшін ол мектепке үнемі ал­ғысымды айтып жүремін. Қазіргі күні қорым­да жинаған білімім – он екі жыл бойы сол мектепте оқығанымның нәтижесі. Деген­мен Мюнхен консерваториясында оқу оңай болғанымен, академияда оқу қиынға соқты. Аталған академияға актриса мамандығына оқуға түскен студенттер актерлік шеберлік­тен бөлек, балет, африкалық би билеп, джаз айтып, сонымен қатар семсерлесу, жекпе-жек өнері секілді спортты меңгеріп, акробатика жаттығуларын жасауы керек екен. Ал Қазақ­станның оқу жүйесінде ондай жоқ. Мұ­ның барлығынан емтихан тапсыратынымды естіген елдегі әріптестерім таңғалып «Сендер жақта оқу неткен қиын!» дегені бар. Сөйтіп, оқуыма күніне он екі сағат уақытымды арнап жүрдім. Несін айтайын, жиырма бір жасымда балет билеуді бастадым ғой (күліп).  Бірақ бара-бара оқуым қиындай бастаған соң, екі жылдан кейін ол оқудан шығып кеттім. Екі мамандықты қатар оқимын деп әбден жүдеп, соңында денсаулығым сыр берді. Алайда қаражат жағынан қиналған соң, Мюнхеннің қасында орналасқан Гарбадж қалалық театрына жұмысқа кірдім. Мұнда бір жыл сах­нада өнер көрсеткен соң, консерва­тория­да диплом қорғау секілді жауапты жұмыс үшін аталған театрдағы жұмысымнан қол үзуге тура келді.  width= – Ал оқу бітірген соң немен айналыс­тыңыз? – Оқу бітірген соң, жеке қойылым қою­мен айналыстым. Өзім әрі режиссер, әрі акт­риса, әрі музыкант қызметін атқарып, Мюн­хеннің театрында бір актриса құрбым екеуміз екі қойылым қойдық. Сосын тұрмыс құрдым. Жолдасым – Қазақстанның тумасы. Ке­зінде отбасымен Германияға көшкен. Ал­ғашында Мюнхенде танысқанда ол мені жа­пондық деп ойлап қалса, мен оны ита­лия­лық шығар деп ойлағанмын. Араласа келе Ал­матыдан екенімді айтқанымда, ол «ал мен Жам­былданмын»  дегенде таңғалғаным бар. Жо­л­дасымның, оның туған-туыстарының Қа­­зақстанға деген құрметі ерекше. Таразға жиі барып тұрады, Қазақстанмен қатыс­ты­ның барлығын ыстық ықыласпен еске алады. Тараз қаласы маңайында таулы жерлер көп қой, сол себепті олар осында көшер алдында жан-жағы таумен қоршалған Мюнхен қа­ласын әдейі таңдағандарын айтады. Сөйтіп, от­басылы болған соң, арнайы секция ашып, музыкадан сабақ бере бастадым. Сонымен қатар классикалық музыканы джазбен ара­ластырып, Ким Чон тобында өзім пианист әрі әнші болып өнер көрсеттім. Аталған топ­пен әртүрлі елде өткен джаз фес­ти­валь­дерге қатысып, еуропалық көрерменнің ықы­ла­сына бөлендік. Топ құрамында бір жарым жыл өнер көрсеттім де, кейінгі жеті жыл тек му­зыкадан сабақ бердім. Сосын Қазақстанда туған, соңғы он бес жыл бойы Германияда тұ­рып жатқан мықты режиссер Ирина Мил­лер­дің «Құлагер» пьесасында ойнау бақыты бұйырды. Мұнда сегіз ай бойы өнер көр­сет­кен соң, кабарэ шоу жасауды қолға алдым, се­бебі Мюнхен жұртшылығы комедияға не­гізделген мұндай шоуларды жақсы көреді. Карантинге кеткенге дейін сол шоумен ай­налыстым, ал қазіргі таңда пандемия салда­ры­нан үйде отыруға мәжбүр болғандықтан, ұстаздығымды қайта қолға алып, форте­пианодан онлайн курс өткізіп жүрмін. – Тағы бір естігенім, Мюнхенде тұра­тын қазақ балалардың басын қосып, хор құрыпсыз. Сонымен қатар олардың қа­тысуымен сахналық қойылым жа­сап­сыз. Бұл кімнің бастамасы болды? – Мюнхенде Түркия және Қытайдан кел­ген қазақтар көп. Мұндағы қазақ балалардың му­зыкамен айналыспайтынын, әртістік ш­еберлік секілді үйірмелерге қатыспайты­нын байқадым. Бірде менімен кездескенде олар «Сіз айналысып жүрген өнермен шұ­ғыл­дануға қызығушылығымыз бар» деп өз тілек­терін айтты. Сөйтіп, еш ақы сұрамай, оларды тоғыз ай бойы музыкаға баулып, Мюнхен қа­ласының 850 жылдығына орай концертке қатыстырдық, сонымен қатар, олармен бірігіп бір сахналық қойылым қойдық.  width= – Жоғарыда өзіңіз айтып өткендей сегіз ай бойы сахнада ойнаған «Құлагер» пьесасына қалай шақырту алдыңыз? – Мюнхендегі бір қазақ отбасының үйін­де Болат Атабаевпен кездейсоқ кездесіп қал­дым. Өзімді таныстырған соң, сахнаға қайта орал­ғым келіп жүргенін айттым. Сосын ол кісі Кельнде Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэ­масы сахналанғалы жатқанын, режис­сермен хабарласып, бағымды сынап көру ке­рек екенін айтты. Кельнге барып, сол пье­саны қоюға жауапты мамандардың алдынан сынақ­тан өтіп, қазақ тілінде әндер мен өлең­дер айттым. Сөйтсем, «Құлагерде» ойнайтын жал­ғыз қазақ актриса мен екенмін. Менімен бірге бұл қойылымда грек, украиндық және не­міс әртістер өнер көрсетті. Жалпы, аталған пье­са арт театр концепциясы бойынша жасалған, яғни мұнда қатып қалған белгілі бір рөл жоқ, төртеуіміз рөлдерімізді ауыс­тырып отырдық. Қазақстаннан тапсырыспен камзол мен қазақ көйлегін арнайы алдырт­тым. Режиссер қойылымды неміс тілінде қой­ды, десек те арасына қазақ тіліндегі сөй­лем­дерді қостық. Қойылымға кіріктіріл­ген Ақан серінің «Балқадиша», «Маңмаңгер» әнін өзім айтып шықтым. Сахнадағы әріптестерім де менімен бірге «Маңмаңгерді» шырқады. Олар маған әннің сөзін неміс тілінде жазып беруім­ді өтініп, ақырында жаттап алды. Жал­пы, «Құлагерді» шетелдік сахнаға алып шығу ұмытылмас әсер сыйлады. Мұны сөзбен ай­тып жеткізу мүмкін емес. Тіпті, Мюнхеннен киіз үйді жабдықтауға қажетті керек-жарақ­тың барлығын тауып, кәдімгі қазақтың ауы­лын жасақтап, сахна декорациясына ерекше мән бердік.  width= – Аталған қойылымда тек әртіс, әнші емес, сонымен қатар музыка, би жағы­нан да көмектескен боларсыз? – Иә, музыкалық сүйемелдеуге көмек­тес­тім. Сосын әріптестеріме қазақ жігіттерінің биін үйреттім. Олардың қамшыны екі бүктеп ұстап, секіріп билегенін көрсеңіз ғой?! Өзім де бір әртіспен қазақ биін биледім. Залда отырған көрермендер «Өзге ұлт өкілдері қазақтың биін қалайша осылай нақышына келтіріп билейді?!» деп таңғалып, олардың бұл шеберлігіне қол шапалақтап, ыстық лебізін білдіріп жатты. Ал пьеса соңында Құ­­­лагерге қастандық жасап, басынан ұрып өл­тіргенін бейнелейтін көріністі көрген кө­рерменнің эмоциясын көрсеңіз сіз...Сөй­тіп, көрерменді бір жылатып, бір күл­ді­ріп, сырт жақта үлкен резонанс болды. Әсіресе, қойы­лым барысында Кельнде тұратын қазақ­тар­дың жылап отырғанын байқадым. Қойылым біткен соң, Кельндегі қазақ диаспорасының же­текшісі, елу жас шамасындағы аға қасыма ке­ліп: «Қалқам, мен Түркияда туған қазақ­пын. Атажұртта болдым. Бірақ бүгін мына қойылымды көріп отырып бірінші рет қазақ болып туғаныма қуандым...», – деп ағынан жарылды.  width= – Сегіз ай ішінде «Құлагер» пьесасы Кельн­нен бөлек Германияның қай қала­ларында қойылды? – Осы тұста сізге бір қызықты айта оты­райын. Кельнде көрерменнің ықыласына бө­ленген бұл пьесаны Германия астанасы Бер­линнің сахнасына алып шыққымыз келді. Сөйтіп, алты айдан кейін, сахна жабдық­тары­мызды тиеп алып, артынып-тартынып Берлинге келіп, репетиция жасадық. Бірақ біз үлкен қателік жібердік. – Қандай қателік? – Ұйымдастырушылар Берлиннің көше­леріне біздің пьесаның афишасын көптеп іліпті. Репетиция аяқталған соң, ұжыммен бірге театрдың қасында ілулі тұрған афиш­а­ның қасына тұрып фотоға түстік. Сосын сол түскен сурет арқылы афишада өрескел қате жіберілгенін байқап, көңіл күйіміз түсіп қал­ды. Афиша жасауға жауапты мамандар қойы­лымның өтетін уақытын қате жазып, бір ай бұрынғы уақытты көрсетіп қойыпты (күліп). Ал бізде ертеңгі күні пьесаның тұсаукесері болмақ. Сөйтіп, құлшынысымыз бәсеңдеп, «Құлагерді» көргісі келетін көрермен келмей қалатын болды деп у-шу болдық.  width= – Сонда «Құлагер» Берлин театрында қойыл­мады ма? – Жоқ, сахналанды. Тек әдеттегідей зал­дың іші лықа толы емес, арнайы шақыр­тыл­ған екі-үш көрерменнің алдында өнер көр­сеттік (күліп). Сонымен қатар әлгі қателік жі­­берген ұйымдастырушылар, өзіміздің ре­жиссер, дыбыс режиссері, оператор және ре­жиссердің көмекшілері де көрермен қата­рын толықтырып отырды. Бағымызға қарай, арнайы шақыртылған екі-үш көрерменнің біреуі журналист екен, сөйтіп ол біз туралы мақала жазды. Дегенмен бастапқыда олар да «Бізге бола пьеса қоясыздар ма?» деп таңғал­ғаны бар. Мұны естіген әріптестерім бастап­қыда сахнаға шығып ойнаудан бас тартты. Ал мен шашым қысқа болғандықтан, көрер­менге нағыз қазақ қызының бейнесін көр­сету үшін Мюнхеннен жасанды шаш жап­сырып, қос бұрым етіп өріп алғанмын. «Жі­гіт­тер, мені, менің осылай шаш жабыстырып алып, арнайы ізденген уақытымды сыйла­саңдар, ойнай берейікші. Мюнхеннен Бер­линге ат арытып келіп, осында бір апта ре­петиция жасадық. Менің де отбасым бар, жұмысым бар, соған қарамастан барлығын тастап, осы пьесада ойнау үшін осында кел­дім. Жақсылап қойылым жасайықшы» деп жүріп райынан қайтардым (күліп). Не дегенмен олар өзге ұлт өкілі болған соң, байы­бына барып түсіне бермейді ғой, түптеп кел­генде «Құлагер» –  мен үшін қымбат қой. Оның үстіне, пьесада Құлагердің басының жарылғанын көрсету үшін қазақша ою-өрнекпен безендірілген тәрелкені жарып, жоқтау айтатын тұсым бар. Сахнаға шыққан сайын әртүрлі тәрелкені асықпай бояп, қазақша ою-өрнектер саламын. Қарап тұр­саң, тәрелкені безендіру де өнер, уақытыңды ала­ды. Сөйтіп, әріптестеріме осыны да айт­қан едім, менің тырысып жүргенімді көрген олар сахнаға шығуға бірауыздан келісе кетті (күліп). Негізі, бұл пьесамен көптеген қаланы аралауға болатын еді, алайда Иринаның жоспарлап қойған басқа жобалары басталып кетті. Десек те, алдағы уақытта мұны тағы да сахнаға алып шыққым келеді.  width= – Қазақфильм киностудиясы әзір­леген «Менің Жансүгіровым» атты де­рек­ті фильмге осы рөліңізден кейін ша­қырту алдыңыз ғой сонда? – Иә, 2019 жылы фильм режиссері Айгүл Шер мені Мюнхеннен тауып алып, сол де­ректі фильмге атсалысуымды өтінді. Фильм де­мекші, айтуды ұмытып барамын. Жуырда «К11» атты сериалға түстім. Қазіргі таңда Мюнхенде тұратын қазақ режиссері Жәмилә Захаридің қысқа метражды фильміне түспекшімін. – Есіміңіз Гүзел болғанға бастапқыда сізді өзге ұлт өкілі болар деп ой түйдім. Сон­дай-ақ әлеуметтік желідегі парақ­шаңызда өзіңіз жариялаған афи­ша­ларда Гүзел Жан деп жазылып жүр екен. Сон­да Жан деген сіздің сахналық есі­міңіз болды ғой? – Жоқ, тегім – Жамықан. Есімімді есті­ген­де көпшілігі сіз секілді ойлайды. Анамның есімі – Көгершін. Ал әкемнің есімі – Жақып­бер­ді. Тек еуропалықтар тегімді айта алмай­ды, сол себепті қысқартып осылай жазып жүр­мін. Ал есімімнің Гүзел деп аталуының өзін­дік тарихы бар. Менің әкем – спорт ше­бері, спорт десе ішкен асын жерге қоятын жан. Жиырма үш жасында жазда пионерлер ла­герінде жұмыс істеген. Сол лагерьде де­малушылардың қатарында Гүзел деген ге­нералдың қызы болған. Ал сол лагерьдің қа­сында әскери бөлім орналасқан. Бірде балалар шырт ұйқыда жатқанда әлгі әскери бө­лімде борышын өтеп жүрген солдаттар Гү­зелді кілемге орап, ұрлап әкетпекші бо­лыпты. Мұны дер кезінде байқап қалған әкем әлгі қызды ұрлап бара жатқан солдаттармен тө­белесіп, ақырында қызды босатып алып қал­ған. Содан осы есім әкемнің есінде қалып, мен өмірге келгенде сол қыздың құрметіне қою­ды жөн көріпті.

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары