Алысты көздеген ел аудармадан ақша аямайды

Алысты көздеген ел аудармадан ақша аямайды

Алысты көздеген ел аудармадан ақша аямайды
ашық дереккөзі
522
Аударма – бір елдің мәдениеті мен екінші елдің мәдениеті ара­сындағы алтын көпір.  Сол арқылы тұтастай бір халықтың өрке­ние­ті мен мәдениеті әлемге танылады. Қалай алсақ та, әлем әде­биеті аударма арқылы жасалады деген сөздің қисыны бар. Тек әде­биет қана емес, барлық салаға сапалы тәржіма керек-ақ. Оны­мен қоса тілдің қолданбалық жағына да аударманың ықпалы зор. Соңғы уақытта еліміздегі аударманың кенжелеп қалғаны қат­ты байқалады. Жоқ демейміз, талай жақсы жобалар жүзеге асы­рылып жатыр, бірақ күн сайын құбылатын заманның бет алы­сына қарасақ, бұл бізге аздық етеді. Сапасы былай тұрсын, саны да алаңдатады.

Еліміздегі аударма әлем көшіне қашан ілеседі?

Осыған дейін сапасыз аударыл­ған шы­ғар­малардың төңірегін­де бір­шама дау бол­ған еді. Мемлекет тап­сыры­сы­мен, бірақ же­ке компания ар­қылы фран­цуз, испан тіл­деріне ауда­рылған қа­зақ жазу­шы­лары­ның шы­ғар­малары ға­лам­тор арқылы тәр­жімалана сал­ғаны біраз тал­қыланды. Ав­тор­­лар­дың өздері де реніш біл­дірген бо­ла­тын. Сапасыз, қате аудар­ма­ның ауда­рыл­мау­дан да зиянды екені айт­паса да бел­гілі нәр­се. Осы­лайша өзімізді әлемге оқыт­тыра ал­май, не әлем әдебиетін өз тілі­міз­­де оқи алмай отырмыз. Әр жыл сайын қан­­шама оқылымды, бест­селлер кітаптар жа­­рық­қа шығып, тал­қыланып, әртүрлі тіл­ге ауда­рылып жа­тады. Бірақ бұл процесс біз­ді ай­на­лып өтіп келеді. Нобель сый­лы­ғын ал­­ған жазушылардың өзін әлі күнге дейін өз тілімізде оқи алмай жүрміз. Біз де көш­тен қалмаймыз, оқимыз, тек ол үшін орыс ті­лі­не жүгінеміз. Жоғары оқу орын­дарын­да да көп­теген ғылыми әде­биет орыс тілін­де бе­рі­леді. Аудар­малары жоқ емес, бі­рақ одан гөрі өзге тілдегі нұсқасы түсі­нік­тірек. Бірақ бұрынғыдай емес, сең қоз­ға­лып, сәтті аударылған шы­ғар­малар­дың тұ­сауы кесіліп жатыр. Қазақ әдебиеті ау­дар­мадан мүлдем мақұрым қалған деп ай­­туға болмас, бұрын да са­палы аудар­ма­лар бол­ды. Шетел әде­биетінің көптомдығы, одан бөлек же­келеген аудармалар да бол­ды. Биыл әлемдік бестселлер Хәрри Пот­тер қазақшаға аударылды, «Жаңа гу­­манитарлық білім. Қазақ ті­лін­дегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойын­ша біршама кі­таптар жарыққа шық­ты. Абай шығар­ма­лары әлемнің бі­раз тіліне аударылды, қа­зіргі қазақ поэ­зиясының антологиясы 6 тіл­ге тәр­жімаланды. Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаң­ғыру» атты мақаласында бізге бі­лімді де білікті гуманитарлық сала ма­ман­дары да қажет екенін айтып, сту­дент­тердің за­манға сай білім алуына қажетті жағдай жа­сауды тапсырған болатын. Осыдан кейін «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. 2017 жылы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы үкіметтік емес, коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры құрылды. Аталған жобаның жұмысы орта жолдан тоқтатылатын болыпты немесе аударма бюросы жабылады деген сияқты соңғы уақытта тарап жатқан ақпарат көп адамның көңілін түсірді. Себебі тарих, фи­лософия, әлеуметтану, психология, ант­ро­пология, мәдениеттану, дінтану, лин­гвис­тика, инновация, медиа, экономика, ме­недж­мент, кәсіпкерлік, кинотану, театртану сала­лары бойынша әлемнің маңдайалды уни­верситеттерінде оқытылатын үздік оқу­лықтардан халық іздегенін тауып, білімін кеңейткен еді.

100 жаңа оқулық жобасы аяқсыз қала ма?

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ ті­ліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы төл ау­дармаға жаңа серпін әкелгендей болды. Әлем­нің озық білім ордаларында оқы­тылатын үздік оқулықтарды өз тілімізде оқып, марқайдық. Бірақ соңғы кезде жоба жабылады, бюро жұмысын тоқтатады деген ақпарат әлеуметтік желілерде қызу тал­қыланды. Осыған байланысты Ұлттық ау­дарма бюросына хабарласып, мән-жайды білген едік. – 100 оқулыққа толмай, жоба аяқтал­ғалы жатыр деп қате түсінгендер бар. Оқу­лық санына байланысты айтсақ, төрт жыл­ға жуық уақыт ішінде Ұлттық аударма бю­росы 100 оқулық аударды. Қазір жалпы 77 оқулық еліміздің жоғары оқу орындары мен кітапханаларына тегін таратылды. Ал қал­ған 23 оқулықтың аудармасы толық аяқ­­­талып, баспаға жіберілді. Ол жыл соңы­на дейін басылып, таратылады. Яғни, ме­же­ленген алғашқы міндет орындалды. Жо­баның болашағы жайлы сұрағыңызға кел­сек, қазір оны жалғастыру жайы тал­қы­ла­нып жатыр. Біз ұсыныстарымызды «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын іске асыру жө­нін­дегі ұлттық комиссияға жолдадық. Қол­дау табады деген үміттеміз. Қазір министрлікке жобаның қоры­тын­дысын өткізіп жатқандықтан жо­баға кеткен жалпы қаржы көлемін айту қиын. Бірақ аударма жұмысы, авторлық құ­қықтары, басып, тарату жұмыстарын қо­сып есептегенде әр оқулыққа 3 860 теңге қа­растырылған», – деп жауап берді Ұлттық ау­дарма бюросының баспасөз қызметі. Жобаның сайтындағы ашық дерек­көздер бойынша, бұл жобаның төңірегінде аудармашы, дизайнер, кор­рек­тор, беттеуші, сырттан келген ғылыми-әде­би редакторлар, ғылыми кеңесшілер – бар­лығы 300-ден астам адам еңбек еткен. Мә­тіндер бірнеше лек әдеби және ғылыми ре­дакциядан өткен. 100 оқулықты аудару ая­сында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қа­тар­лы жоғары білім беру орындары, ғы­лы­ми орталықтар және оқулық шығаруға ма­манданған баспа ұйымдарымен тығыз әріп­тестік орнатқан. Сонымен қатар оқулықтардың элек­тронды нұсқасы әзірленіп, ол Қа­зақ­станның ашық университеті – openU.kz платформасына жүктеліпті. Көпшілік осы жер­ден оқи алады. Сондай-ақ қоғам қы­зы­ғушылығы мен ұсынысы ескеріліп, кітаптар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ірі кітап дүкендері арқылы сатылымға қойыл­ған. Алғашында қазақ тіліне аударуға 800-ден аса кітап ұсынылған екен, оны Білім және ғылым министрлігі жа­ны­нан құрылған арнайы комиссия қарап, оқу­лықты таңдауда бірнеше талап ес­ке­рілген. Біріншіден, оқулық әлемнің ең үздік деген 100 университетінің оқу бағдарла­масында болуы шарт. Екіншіден, кітап кем дегенде үш рет басылып, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан болуы тиіс. Үшін­шіден, оқулық мазмұны бейтарап болуы керек. Төртіншіден, оқулықтың түрлі инте­рак­тивті қосымшалары мен видеолекция­ларының, онлайн-курстарының болуы маңызды. 100 оқулықты қоса есептегенде, аударма бю­росы барлығы 147 кітап аударыпты. Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлы ақын­ның 145 өлеңі, 3 поэмасы мен 45 қара сөзі ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдеріне тәржімаланған. Сонымен қатар қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясы БҰҰ-ның 6 тіліне аударылды. Әр антологияның таралымы – 10 мың данадан. Жалпы саны 120 мың жинақ әлемдегі 23 мыңнан аса ірі кітапхана, оқу орындары мен ғылыми орталықтарға жеткізілді. Оның ішінде ағылшын тілді басылымдар ағылшын тілі ресми мәртебеге ие 18 мемлекетке, араб тіліндегі жинақтар осы тілде сөйлейтін Таяу Шығыс пен Африкадағы 22 мемлекетке, испан тіліндегі басылымдар Испаниямен қатар Латын Америкасының 20 еліне, Қытай тіліндегі басылымдар 1,5 миллиард халқы бар елдің барлық аймағына, орыс тіліндегі жинақтар орыс тілін білетін 14 мемлекетке, француз тіліндегі таралым Еуропа мен Африканың 17 еліне таралған.

Шетелдегі аударманың ахуалы қандай?

Жыл сайын әлемде қанша кітап аударылады деген сұраққа дәл жауап беру қиын. Дегенмен ЮНЕСКО-ның Index Translationum аударма туралы мәлі­меттері бар электронды дерекқорына жыл сайын шамамен 100 000 жаңа аударма қосылады екен. Онда 462 300 автор және 1 100 тіл бар. Бұл мәліметтер қорының құ­рыл­ғанына ұзақ уақыт болмаған. Тек 1932 жылдан бастап қана Ұлттар Лигасының шешіміне сәйкес аударылған кітаптардың есебі жүргізіле бастапты. Содан кейін 1946 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы тиісті міндеттерді ЮНЕСКО-ға тапсырған. 1979 жылдан бастап олар компьютерлік жүйенің көмегімен есеп жүргізе бастады. ЮНЕСКО-ның мәліметтері бойын­ша, ең көп аударылған автор­лар­дың ондығына Уолт Дисней студиясының сценаристері, Агата Кристи, Жюль Верн, Владимир Ленин, Уильям Шекспир, Энид Блайтон, Барбара Картленд, Даниелла Стил, Ханс Кристиан Андерсен, сондай-ақ Стивен Кинг кіреді. Ал әлемдегі ең көп аударылған жеті тіл (яғни, осы тілдерде жазылған шы­ғармалар белсенді түрде аударылады) — ағылшын, француз, неміс, орыс, итальян, испан және швед тілдері екен. «Ең көп аударатын» елдер қатарына Германия, Испания, Франция, Жапония, Нидерланд, Польша, Дания, Италия және Бразилия кіреді. Қазіргі аударманың жай-күйі, ау­дарма саласындағы қиындықтар, әлемдегі аударма ахуалы туралы баспагер, Steppe & World баспа үйінің директоры Раиса Сайран Қадырдың пікірін білген едік. – Қазіргі кезде аударма ақсап тұр деген пі­кірмен келіспеймін. Өйткені дәл қазір аударма саласы жақсы дамып келе жатыр деп ойлаймын. Іздеген ақпараттың түгелі орыс тілінде табылатындықтан, бұрын ау­дармаға аса қатты мән берілген жоқ. Орыс тілін білсеңіз болғаны. Қазір біз шамамыз келгенше түпнұсқадан қазақ тіліне ау­дара­мыз. Тек тікелей аударуға мүмкіндік бол­майтын тілдерден тәржімалағанда ғана орыс тілі арқылы аударамыз. Мысалы, Анна Франктың күнделігін біз голланд тілінен аудардық. Ол тілден тікелей қазақ тіліне ау­даратын аудармашы таппадық. Ал бас­қаларын толық түпнұсқадан аударуға тырысамыз. Себебі басқа тілден орыс тіліне, одан кейін қазақ тіліне аударылған шығар­малар тілімізге дұрыс келмейді. Сөз тіркес­тері, фразеологизмдерді калькаланып кет­кеннен кейін, қазақшаны орысша ойлап жа­зып, орысша ойлап түзеткеннен кейін мәтін түсініксіз болып шығады. Қазіргі ау­дармада осындай мәселелер бар. Ал қазір тек ағылшын емес, неміс, фран­цуз, жапон тілдерінен аударма жасап жа­тырмыз. Әрине, оңай емес, көп жылдан кейін қайта жаңғырып жатқан аударма тенденциясының бұл басы ғана. Қазақшасы да, шет тілі де мықты жастар көп. Қазақ ті­лін­де аударманың тапшы екенін сезініп, тү­сініп, сол бағытта жұмыс істеп жатыр. Олар жалғастырып алып кетеді деп сенемін, зор үмітім бар. Грузия болсын, Ресей, Түркия, Герма­ния болсын, тілдері барлық салада қолданбалы функцияны атқарып отыр. Барлық ақпарат өз тілдерінде бар. Сондық­тан кітап оқу мәдениеті де қалыптасып кеткен. Оларда жаңа бір жақсы кітап жа­рық көрсе, ақпарат пайда болса, фильм шық­са жылдам әкеліп халқымен бөліскісі ке­леді. Біз орыс тілінде ақпарат тұтынып үйреніп қалғанбыз. Қазақ мәдениеті антика сияқты көрінетіндей деңгейге жеттік. Хәрри Поттер шыққанда халық қабылдай алмады. Ол қалай қазақша шығуы мүмкін, оны оқымай-ақ қойғанымыз жақсы, бәрібір дұрыс шықпайды деген түсінік басым бол­ды. Өйткені қазақ болмысы, тілі ба­тыс­пен тең бола алмайды деген стереотип санамыз­ғ­а сіңіп қалған. Біз сол қағиданы бұздық, қа­­зақша да сапалы аударма жасауға бола­ты­нын дәлелдегіміз келді. Біз де алдағы уақытта жоғарыда айтып өткен елдердің көшіне ілесеміз. Бес жылдан кейін аударма саласы, кітап мәдениеті мүлдем басқа ар­наға бұрылып, жақсы жаққа қарай өзге­ре­міз деген сенімдемін. Хәрри Поттерді ау­дару менің арманым болатын. Өзім балалар әдебиетін, балалармен бірге кітап оқығанды жақсы көремін. Балалар әдебиетіндегі ең керемет туындыларды аударамыз, басқа да тосынсыйларымыз бар. Бәрі сұраныс пен сатылымға байланысты. Кітаптарымыздың сұранысы артса, біз де соған сай кітаптарды аудара береміз. 2020 жылы 10 кітап ау­дарып­пыз, келесі жылы шамамыз келсе 20 кітап шығарамыз деген жоспарымыз бар. Жұмыс көп. Әр кітап шыққан сайын толқи­мыз, қате кетпесе екен деп уайымдаймыз. Кітап қолға түскенде қуанамыз. Қате кетсе көңіліміз түседі, бірақ кейін қайталамаймыз деп өзімізді жұбатып та қоямыз. Оқырма­ны­мызбен бірге қуанып, бірге өсіп, қалып­тас­сақ дейміз, – дейді Раиса Сайранқызы. Қазір Еуропа елдерінде, Америка құрама штаттарында аударма ісі де на­рық заманының көшіне ілескен. Автор кітабын өз бетінше аударуға ұсына алады. Аударма құқығына мамандандырылған бір­неше агенттіктер бар, бірақ олар сұра­нысы жоғары авторлармен жұмыс істеуді жөн көреді. Еуропа мен АҚШ-тағы баспагерлер қол­жазбаларды тікелей авторлардан қабылдамайды. Бұл жұмыстар әдеби агенттердің мойнында. Әдеби агенттердің өзі автордың шығармаларымен танысып, сап­алы, ұнамды болған жағдайда ғана келі­сімшартқа отырады. Әдеби агенттен бір айдан астам уақыт жауап келмесе, бұл оның сізбен жұмыс істеуден бас тарқаны сана­лады. Онымен қоса, аудармашыны да, ре­дак­торды да жеке өзіңіз іздейсіз. Осы ретте көптеген әлем елдерінде кітап жәрмеңкелері өтеді. Авторлар жұ­мысы халықаралық баспагерлердің назарын аударады және аудармаға жол аша­ды деп осы шарадан көп үміт күтеді. Жалпы айт­қанда, аударма да бизнес ортаға бейі­м­делген. Қазір аударманың қарқыны қатты. Кеше шыққан кітап ертеңінде аударылып, тарап жатады. Бізде ондай қарқын жоқ, мемлекет тапсырысынан тыс аудармалар жоққа тең. Оған жағдай да келе бермейді, баспаның бағасы аспандап тұр. Аударылатын тіл мен қазақ тілінің арасында тілмаш болып орыс тілі жүретіні тағы бар. Ол аударманың құнары мен мәнін азайтып, кейде тіпті мазмұнын өзгертуі де ғажап емес. Тек қана көркем және ғылыми әдебиеттерді аудару емес, кино, сериалдарды тәржімалау, субтитрлардың аудармасында да назар аударарлықтай мәселе көп. Тіл – ұлттың болмысын көрсетеді. Бір болмысты екінші болмыс арқылы өрнектеу, әрине оңай жұмыс емес. Десек те, сапалы да сәтті аудармалар бізге ауадай қажет.

Серіктес жаңалықтары