Қойшының баласы Президентке Ашық хат жазды

Қойшының баласы Президентке Ашық хат жазды

Қойшының баласы Президентке Ашық хат жазды
ашық дереккөзі
488
«Shopan ata» Қазақстан ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына Ашық хат жазды. «Президентке бұйымтай» деп басталатын хатта Алмасбек Жұмабекұлы еліміздің күнтізбе тізіміне жалпы малшы қауымға ортақ «Шопан ата» күнін белгілеуді сұраған.
Құрметті Президент!
Елімізде әр жыл сайын Құтқарушылар күні, Қаржыгерлер күні, Археологтар күні секілді атаулы күндер ұмыт қалмайды. Тіпті әлем халықтарымен бірге Мысықтар күнін, Шаштараздар күнін де атап өтетіндер бар. Бұл ретте «Shopan ata» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының атынан Қазақстан Республикасының мерекелік күндерінің тізбесіне малшы қауымының атынан Шопан ата күнін енгізу туралы шешім қабылдауыңызды сұраймыз.
Мен елді-мекендерді, шалғайдағы ауылдарды көп аралаймын. Қамшы ұстаған елмен жиі жолығамын. Малшы қауым төрт түліктің артында жүрсе де елдегі маңызды жаңалықтарды қалт жібермейді. Олардың да белгілі бір мәселеге өзіндік пікірі, азаматтық ұстанымы бар. Ал Малшылар күнінің маңызын осы ағайындар кәдімгідей түсініп, сұрап отыр. Өткен аптада бұл ұсынысымызды халық талқысына салдық. Ол үшін әлеуметтік желілерде арнайы сұрақ-жауап жазбаларын ұсындық. Елдің ықыласы ерекше екенін көріп отырмыз…
Бұл мейрам жалпыхалықтық сипат алуы үшін күннің жылыған шағына, нақтысын айтсақ, маусым айының екінші жексенбісіне белгіленгені дұрыс деп санаймыз.
Мереке аста-төк ысырапты көздемейді. Қазақтың «Үшінші байлық – он саулық» деген аталы сөзін негізге ала отырып, мейрам атауын ресми «Шопан ата» деп аталуын құп көреміз. Бірақ мейрам барша малшы қауымына ортақ болмақ.
Бұл күн малшы қауымының қоғамдағы абыройын өсіріп, ата кәсібіміздің одан әрі дамуына, өсіп келе жатқан жас буынды ата кәсіп түріне ынталандыру үшін көзделген.
Құрметті Президент!
Сайып келгенде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының әкесі де осы саланың ардагері болғанын білеміз. Сіздің де әулетте қанымызға сіңген ата кәсіптің басын ұстаған ерлердің болғанына еш күмән жоқ. Келер жыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Сондықтан ата кәсіпті ұлықтар мұндай идеологиялық сипаты бар, оның үстіне қарапайым халықты бір серпілтіп, еңбегінің еленгенін көрсетер мереке бізге ауадай қажет болып тұр!
Құрметпен, Алмасбек Садырбаев,
«Shopan ata» Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы

Серіктес жаңалықтары