Нұр-Сұлтан әуежайынан миллион теңге табылды

Полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласының әуежайынан ішінде құжаттары мен миллион теңге ақшасы бар файлды тауып алып, иесіне қайтарды деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Файл Стамбұл-Нұр-Сұлтан халықаралық рейсімен келген Ресей Федерация азаматына тиесілі болып шықты.

«27 қараша күні таңертең 2002 жылы туған азамат Назарбаев атындағы әуежайға келіп түседі. Әуе кемесінен шыққан ол әуежайдағы ақша айырбастау пунктіне барып, ішінде құжаттары мен 1 800 АҚШ доллары және 50 мың ресей рублі бар файлды аңдаусызда ұмытып кеткен. Өзі терминалдан шыққан соң таксиге отырып, қонақүйге кетеді. Жоғарыда аталған мүлкін жоғалтып алғанын өзі білмеген», – деп хабарлады Желілік полицияның  бөлімі.

ЖПБ қызметкерлері файл ішінен ресейлік азаматтың Нұр-Сұлтан қаласындағы АҚШ елшілігіне виза алуға тапсырған құжатын тапқан. Осылайша азаматтың құжатының жоғалғаны туралы елшілікке хабарланады.

«Арада 2 сағат уақыт өткеннен кейін ер адам хабарласты. Желілік бөлім қызметкерлері құжат пен ақшасыз қалған азаматың файлын ол орналасқан қонақүйге өздері апарып берді. Осылайша құжат пен ақша өз иесіне толық көлемде қайтарылды», – делінген полиция бөлімшесі таратқан ақпаратта.

Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайдың Желілік полиция бөлімі астананың барлық тұрғындары мен қонақтарын, сонымен қатар жолаушыларды өз заттарына мұқият болуға шақырады. Мүлік ұрлығының алдын алу мақсатында барлық бағалы заттарды қараусыз қалдырмау туралы ескертеді.

Back to top button