218
«Ауыр санаттағы қылмыс саны көбейіп отыр»: 7 басшыға іс қозғалды
«Ауыр санаттағы қылмыс саны көбейіп отыр»: 7 басшыға іс қозғалды
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облыстық департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев биыл аталмыш өңірде 121 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелгені туралы айтты.
«Бұл былтыр тіркелген қылмыстық істер санынан біршама аз болғанымен ауыр санаттағы қылмыс саны көбейіп отыр. Биыл 84, ал былтыр 72 ауыр қылмыс тіркелген еді», – деді ол.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың жүйелі түрі бойынша – 7 қылмыс, мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаражаттарды ұрлау фактісімен – 16, шағын және орта бизнес жұмысына заңсыз араласу бойынша 9 дерек тіркелген.
«Департамент жұмысының нәтижесінде 80-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды. Мұнан басқа департамент мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың басшылары тарапынан жасалған сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау жұмыстарын атқарып жатыр. Атап айтқанда, биыл облыс деңгейіндегі басшыларға қатысты 7 қылмыс тіркеліп отыр. Былтыр 3 қылмыстық іс тіркелген болатын. Олардың ішінде облыс әкімдігі басқармаларының 4 басшысына, 1 квазимемлекеттік мекеме басшысына және өңірлік департаменттердің 2 басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұған қоса, 7 қылмыс қала, аудан деңгейіндегі басшыларға қозғалса, 4 қылмыс аудандық округтердің әкімдеріне қатысты тіркелді», – деді департамент басшысы.
Әділхан Әшірбаевтың атап өтуінше, бүгінде 105 іс сотқа жолданды. 8 іс қысқарды. Жасаған заңсыз іс-әрекеті үшін 70 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
«Тіркелген қылмыстық істер бойынша 827 млн теңге көлемінде залал келтірілген болса, оның 600 млн теңгеден астамы өндіріп алынды. 160 млн теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Бұдан басқа сыйбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу бөлігінде атқарылған алдын алу жұмыстарының нәтижесінде жыл басынан бері 30 азаматқа 4,8 млн теңге көлемінде сыйақы төленді», – деді ол.