285
Ақтау: жаңажылда қаланы былтырдан қалған шыршалармен безендірмек
Ақтау: жаңажылда қаланы былтырдан қалған шыршалармен безендірмек
Биыл Ақтау көшелерін безендіріп, жаңажылдық шыршаны орнатуға мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді, - деп хабарлайды Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мерекелік декорацияға былтырдан қалған шыршалар мен безендіруге арналған жылтырақтар, диодты элементтер, жарықтандыру құрылғылары қолданылады. «Жаңажылдық безендіру әшекейлерін қайта қолдану тиімді шешім болмақ. Себебі бұл заттар әлі жарамды. Үнемделген қаражатты әлеуметтік маңызы бар, халыққа аса қажетті, басым бағыттарға жұмсауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қала әкімдігі кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен де қаланы безендіруді көздеп отыр», - деді ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Алпысбай Таубаев.
Қаланы безендіру жұмыстары Тәуелсіздік күні мерекесінен кейін қолға алынады. Биыл жаңажылдық шыршаны 15 шағынаудандағы амфитеатр алаңына, 4 шағынаудандағы «Астана» алаңына және Өмірзақ ауылына орнатуды жоспарлап отыр. Аталған орындар әзірге нақты белгіленген жоқ. Еске сала кетейік, 2019 жылы қаланы безендіру үшін 37 млн теңге бөлінген болатын. Оны мемлекеттік сатып алу конкурсымен «Атамекен» қоғамдық бірлестігі 29 млн теңгеге ұтып алды. Сонымен қатар былтыр 15 млн теңгеге жаңа шырша сатып алынды.