Ислам Жеменей: Елбасы өтінішімізді екі етпей қабыл алды

Ислам Жеменей: Елбасы өтінішімізді екі етпей қабыл алды

Ислам Жеменей: Елбасы өтінішімізді екі етпей қабыл алды
ашық дереккөзі
487
Ислам ЖЕМЕНЕЙ, Шығыстанушы ғалым, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының  докторы, профессор: – 1991 жылғы 18 қарашада «Басқа республикалардан жəне шетелдерден Қазақстанның ауылдық жерлерінде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақcтанға қоныстандыру тəртібі мен шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің №711 қаулысы шықты. Аталған қаулының негізінде алғаш болып Моңғолиядан еңбек шарты бойынша 60 000 қазақ атамекенге оралды. Олармен бірге түрлі салада елге танымал болған жоғары деңгейдегі мамандар да болды. Осылайша Моңғолия қазақтары жаңадан тəуелсіздігін жариялап, еңсесін тіктей бастаған Қазақстандағы халық саны мен демографиялық ахуалын көтерсе, білікті мамандары, ұлттық бояуға қанық салт-дəстүрімен де қазақ халқының сапалық өрісін де кеңейте түсті. 1991 жылғы 28 қыркүйекте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның Ыстамбұл қаласында қазақ диаспора өкілдерімен кездесіп, оларды көшіріп алуға уəде еткені шетте жүрген қазақтардың жүрегіне мəңгі жасайтын бақыт сыйлады. Əсіресе, Ауғанстаннан босқан қазақтардың келешек тағдырын біржолата айқындап берген сол күн – Тəуелсіздік ұғымының қаншалықты сүйкімді ұғым екенін шеттегі қазақтарға дəлелдеді. Сол жылдың бір шырайлы күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Ыстамбұл қаласының қақ ортасы Таксим алаңында орналасқан «Қазы-Антеп» қонақ үйінің зəулім залында қазақ диаспорасының өкілдерін қабылдады. Сол кездесуде Елбасынан «Бірінші кезекте жедел түрде Ауғанстан, Пəкістан, Иран, Сауд Арабиясында жəне Түркияда босқындар қатарында тұрып жатқан қазақ бауырларымызды елге қайтаруға қол ұшын беруді» өтіндік. Елбасы өтінішімізді екі етпей қабыл алды, əрі көпке созбай тəуелсіздігіміз жария болғаннан кейінгі аз уақытта босқын қазақтарды елден арнайы жіберген ұшақтармен аталған мемлекеттерден  атамекенге жеткізді. Қазір бір кездері тағдыр тəлкегіне түсіп, Ауғанстаннан пана тапқан қазақ бауырларымыз Жетісай, Түркістан, Шымкент, Алматы жəне Ақтөбе облысы, тағы басқа өңірлерде Отан құшағында еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, бақытты болашағының іргетасын туған халқымен бірге қалап келе жатыр. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Тəуелсіздігін жариялаған күн Иран қазақтары үшін де Алланың берген үлкен сыйы болды. Өйткені 1992 жылы 29 қарашада Иран президентінің шақыруымен еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Иран еліне бірінші ресми сапары болды. Аталған сапардың жанжақты игі табыстарының бірі – Елбасының сол кездегі Иран президенті Əли Акбар Хашеми Рəфсəнжани мырзамен арасында болған əңгіменің  қорытындысы  ретінде Иран қазақтарының атажұртына өз қалауы бойынша «еркін дәліз» алатын келісімі еді. Бұл – қазақ халқы үшін теңдесі жоқ табыс болды. Ол табысқа қазақтар Елбасының үлкен көрегендігі мен парасаттылығының арқасында қол жеткізді. Соның нəтижесінде 1995 жылдың күзінде Иран қазақтарының алғашқы тобы Каспийдің Иран жағындағы Əнзəли портынан Қазақстан жағалауында орналасқан Ақтау қаласына кемемен жеткізілді. Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының саяси тəуелсіздігі еліміздің саяси, экономикалық, ғылыми, тағы басқа салаларында айтарлықтай көптеген табыстарға қол жеткізуіне жол ашты. Соның бірі қазақ диаспорасы мен шетте қалған қандастардың рухани бірлігін қамтамасыз етумен бірге, оларды атамекенге көшіріп алу еді. 1992 жылы бүкіл əлемнен қазақ диаспорасының өкілдері дүниежүзі қазақтарының алғашқы Құрылтайында Алматы қаласында бас қосты. Артынша Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Көші-қон комитеті құрылды. Осының бәріне Елбасының ерен еңбегі сіңді.  

Серіктес жаңалықтары