414
Зиябек Қабылдинов: Елбасыға хат жазғаным бар
Зиябек Қабылдинов: Елбасыға хат жазғаным бар
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор:
– 1991 жылы 16 желтоқсанда қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан кейін Тұңғыш Президент Н.Назарбаев және Қазақстан Үкіметі мен Жоғарғы Кеңес шетте жүрген қазақтарды тарихи Отанға оралту саясатын жүргізді. Оның себебі белгілі – Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары қазақтардың саны небәрі 40 пайыздың ар жақ-бер жағы болатын. Қазақтар өз Отанында аз халық болып қалды. Сондықтан әрине, Тәуелсіздікті нығайту үшін, территорияның тұтастығын сақтау үшін, сол кездегі басшылар қазақтарды көшіріп әкелуге мүдделі еді.
1992 жылы мамыр айында Алматы қаласында халықаралық «Жігіт сұлтаны» сайысы өтті. Мен сол сайысқа Ресей елінен келіп, қатыстым. Біз елге келгенде шеттегі қазақтарды Отанға оралту мәселесі айтылып жатты. 1992 жылдың күзінде Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде Елбасы шетте жүрген қазақтардың делегация өкілдерін қабылдап «тарихи Отанға қайтып келіңдер» дейді. Омбыдағы біздің ақсақалдар және Нартай Кемеңгеров, Сабыржан Шарипов, Серікбай Дәстенов деген ел ағалары алғашқы Құрылтайға барып келді де, Омбыдағы қазақ студенттерін жинап, тарихи Отанға көшу туралы айтты. «Сол жаққа барып, жаңа ел болып жатқан ағайынға көмектесуіміз керек. Бұл біздің көп жылғы арманымыз» деді.
Сол кезде өзім де Елбасыға хат жазғаным бар. «Егер рұқсат етсеңіз, Омбыдан 150 жас қазақ елге келіп, көмектесеміз. Сіз айтсаңыз болды» деп. Біз ол кезде Ресей Федерациясының Омбы облысында тұратын едік. Содан кейін 1994 жылы тарихи Отанға көштік. Павлодар облысына көшіп келіп, сол жерде 10 жылдай тұрдық. Сол 1992 жылдан 1995 жылдар аралығында Омбы қазақтары көптеп келіп, Қазақстанның солтүстік өңірлеріне қоныстанды.
Елбасының бастамасымен 1993 жылы бірінші рет жылдық квота бекітілді. Осыған сәйкес 10 000 (шамамен 40 000 адам) отбасының көшіп келуіне мүмкіндік туды. Алғашқы жылдардағыдай емес, 1999-2000 жылдары 500 отбасына дейін төмендеді. Ал 2002 жылы ел экономикасының өсуіне байланысты квота көлемі 2005 жылы 15 000 отбасыға дейін артты. Онсыз да атажұртын аңсап отырған алыстағы ағайынға квотаның берілуі көштің белсенділігін арттыра түсті. Тарихи Отанға оралу патриоттық сезім мен ұрпақ қамы үшін дегенімізбен, адам өмірінде материалдық құндылық өз қажеттілігін жойған емес. Квота шетелден көшіп келетін қандастар үшін ең басты стимул болды. Квота көлемін әр жыл сайын арттырып, шартарапқа шашыраған қазақты бір шаңыраққа ұйыстыру саясаты Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың стратегиялық маңызды жоспары болды.
Өкінішке қарай, кейін заң әлсіреді. Елбасының сол кезде жүргізген көші-қон саясатын қазіргі Үкімет пен Парламент ары қарай дамытып, қолға алуы қажет. Бұрын жақсы жүзеге асқан «Нұрлы көш» секілді бағдарламаларды қайтадан жандандырып, солтүстік және солтүстік шығыс өңірдегі жерлерге шеттегі қандастарды 10 мыңдап, 100 мыңдап көшіріп әкелу керек.
Салыстырмалы түрде бір мысал келтіре кетейін, ХХ ғасырдың басында Ресей империясының Үкімет басшысы Столыпиннің аграрлық реформасы басталды. Ол «Қазақстанға көптеген қарашекпенділерді көшіру керек» деді. Көшіп келгендерге мал бағуға, егін егуге, үй салуға жер берді. Сосын жерді игеруге арналған техника сатып алуға қаржылай көмектесті. Олардың Қазақстанға келгенге дейінгі жол шығындарын да өтеп берді. Құрылыс материалы жағынан да көмек көрсетілді. Оларды бес жыл салықтан босатты.
Менің айтқым келгені – бізге де қандастарға арналған осындай саясат керек сияқты. Қазір әлемде әртүрлі жағдай болып жатыр. Соңғы уақытта болған Таулы Қарабақтағы қақтығыс. Сондықтан әр қазақ өзінің тарихи Отанында кем дегенде 80 пайызға жетпей бізде тұрақтылық болмайды. Кең жерімізді иеленіп қалу екіталай. Сол себепті Көші-қон заңын жетілдіру және көшті қайта жандандыру керек. Тұңғыш Президенттің шетелдегі қазақтарды тарихи Отанға шақырудағы саясаты осы болатын.