50461
Арғынбек Шегебай: Facebook қызметкерлері Цукербергке сын айта алады
Арғынбек Шегебай: Facebook қызметкерлері Цукербергке сын айта алады
2004 жылы Гарвард университетінің бір топ студенттері ойлап тапқан Facebook желісін бүгінде күн сайын дүниежүзі бойынша екі миллиард жеті жүз миллионға жуық қолданушы пайдаланады. 2020 жылғы дерек бойынша әлемнің 35 елінде 85 кеңсесі бар аталған компанияда 56 000 қызметкер жұмыс істейді. Соның ішінде АҚШ және Англия елдеріндегі филиалында отызға жуық қазақ еңбек етеді. Facebook өнімдерін жасаушылардың қатарында қандасымыз Арғынбек Шегебай бар. Бүгінде ол Facebook-тың көпшілікке арналған тобы (Facebook Gropus) мен арнайы парақша (Facebook Page) жобасында бағдарлама жасақтаушы инженер қызметін атқарады. Кремний алқабына қарасты Менло-парк қалашығында орналасқан Facebook компаниясының негізгі бас кеңсесінде жұмыс істейтін қандасымызға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Арғынбек, Túrkistan халықаралық газетінде өзіңіз секілді әлемнің алпауыт компанияларында қызмет ететін қандастарымызбен тұрақты сұхбаттасып келеміз. Әсіресе ІТ саласындағы біздің жастардың аяқ алысы қуантарлық. Өзіңіз бұл мамандықты қалай, қайдан игердіңіз?
– Нақты ғылымдар, әсіресе, есеп-қисапқа бейімді болуды анамнан үйрендім. Анам – бастауыш пәнінің мұғалімі. Өзі кезінде математикадан түрлі олимпиадаға қатысқан, сол себепті сабақтан тыс уақытта оқушыларды математикаға баулиды. Мен де кішкене күнімнен ол кісінің үйреткенін көкейіме тоқып, көңіліме түйіп өстім. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, кейіннен мектепте директор қызметін атқарған әкемнен де көп нәрсе үйрендім. «Мұғалімнің баласы» деген атқа кір келтірмеу үшін сабақты мейлінше жақсы оқуға, соның ішінде математикаға көп көңіл бөлуге тырыстым. Баян-Өлгейде «Бастама» деп аталатын жекеменшік мектепте білім алдым. Мұны тәмамдаған соң, болашағымды программист мамандығымен байланыстырғым келетінін түсініп, Ұланбатырдағы Моңғолия технология және ғылым университетіне оқуға түстім, бірақ мұнда бір-ақ жыл оқыдым. Себебі сол уақытта шетелдік ЖОО-лар ұсынатын грантты ұтып алып, нәтижесінде Ресейдің Санкт-Петербор мемлекеттік политехникалық университетінде оқуымды жалғастырдым. Сосын Ұланбатырға қайтып келіп, онда төрт жылдай мамандығым бойынша жұмыс істедім. Еңбек жолымды Моңғолиядағы ең ірі ұялы байланыс операторы Mobicom компаниясынан бастадым, сосын бір жылдай Samsung компаниясының Моңғолиядағы орталығында қызмет еттім.
Айта кетерлігі, Орта Азиядағы тұтынушыларға бағытталған бұл орталықтың бас кеңсесі Қазақстанда орналасқан, сол себепті Қазақстанға, Алматыға іссапармен төрт рет барып қайттым. Одан кейін екі жылдай Моңғолиядағы тау-кен өндіру өнеркәсібінің көшбасшысы Rio Tinto компаниясында жұмыс істедім. Сосын 2017 жылы біліктілігімді арттыру үшін АҚШ-қа жұмыс істеу мақсатында келгенмін, алайда мұнда келген соң, біліктіліктен бұрын білімімді толықтыру керек екенін түсініп, Айова штатындағы Фэрфилд қалашығында орналасқан Махариши халықаралық университетінің (Maharishi International University) магистратура бөліміне оқуға түстім. Бұл оқудың бір ерекшелігі – сегіз ай университетте сабақ оқисың, ал қалған екі жылды қашықтан оқуға болады. Оқи жүріп жұмыс істеуге де мүмкіндік бар. Жалпы, ІТ саласы бойынша жұмыс істегісі келетіндердің көпшілігі осы оқу орнына түседі, себебі онда жұмысқа орналасу, сұхбаттасуға әзірлеу, қала берді, виза жасатуға дейін көмектеседі. Сөйтіп, осында жүріп сұхбаттасу кезеңіне тыңғылықты дайындалып, нәтижесінде Facebook-қа жұмысқа орналастым, сөйтіп осында екі жылдан бері жұмыс істеп келемін.
– Facebook командасына қосылу үшін түйіндемеңізде қызмет тізімі көп, шетелдік компанияларда жұмыс тәжірибеңіз мол болуы керек деп ойласам, тіпті де олай емес екен...
– Иә, Facebook тәжірибесі жоқ мамандарды да жұмысқа алады. Мысалы, университеттің соңғы курсында оқып жүрсеңіз, сізді ақы төленетін тағылымдамаға шақырады. Үш ай бойы кеңседе отырып жұмыс істейсіз, ал тағылымдама соңында мамандардың көңілінен шыққан үміткерлерге ресми түрде жұмысқа орналасу туралы ұсыныс білдіреді. Бұл жақтағы мамандарға үміткердің қай жерден келгені қызық емес, қолынан іс келетін маман екеніне көзі жетсе, тіпті Моңғолия, Қазақстаннан да алдыртады, сөйтіп, Facebook-тың көптеген кеңсесінің біріне жұмыс істеуге жібереді.
– Тағы бір білетінім, мұндай ірі компанияда белгілі бір өнімді әзірлеумен айналысатын команда жиі ауысып отырады. Тіпті, уақыт өте келе, сол өнімге қызығушылығыңыздың кемігенін байқасаңыз, еш қиындықсыз басқа жобаға ауыса алады екенсіз, солай ма?
– Иә, негізі команда ауыстырудың себептері әртүрлі. Мысалы, команда мүшелерімен тіл табыса алмауыңыз мүмкін немесе сіз айтып өткендей «Мені мынау емес, ана жоба қызықтырады. Сонда жұмыс істейінші» деп айтсаңыз да болады. Технология сағат санап емес, сәт сайын дамып жатқан қазіргідей заманда бір командада екі-үш жыл жұмыс істеу мүмкін емес. Бір жобаны кем дегенде бір жыл жүргізу керек. Дегенмен, ІТ саласында инфрақұрылымға жауапты мамандар бір командада он жыл табан аудармастан жұмыс істейді. Қарапайым тілмен айтқанда, өнімнің көпшілікке «көрініп тұратын» жағы өзгергенімен, «іргетасын» нықтап ұстап тұратын сервистері өзгермейді. Мысалы, жол салсаңыз, мұның астына төселген материалды түгелімен алып тастай алмайсыз немесе көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізгенде мұны бұзып, қайта салмайсыз, сол секілді кез келген өнімнің арғы бетінде көрінбей тұрған инфрақұрылымдарға жауапты маман бір орында ұзақ уақыт жұмыс істей алады. Ал компания өніміне үнемі өзгерістер енгізіліп отыруы қажет, өзгермесе адамдар жалығады. Осылайша, өнім жаңарады, өніммен қоса команда да жаңарады. Сосын Facebook бастапқыда жеке желі ретінде құрылғанымен, қазіргі таңда құрамына Instagram, WhatsApp, Messenger секілді желілерді қосқан ірі корпорация. Ай сайын Facebook желісін екі миллиард жеті жүз миллион, Instagram-ды 1,5 миллиард, WhatsApp-ты 2 миллиард, ал Messenger-ді 1,5 миллиардтан астам адам қолданады. Тиісінше, мұндай ауқымға дайындалатын өнімнің шапшаң түрде қалайша жаңартылып отыратынын ойлай беріңіз.
– Сонда сіз екі жыл ішінде екі команда ауыстырдыңыз ба?
– Иә, алғаш келгенде қолданушыларға виртуалды түрде көмек көрсететін Facebook Assistant жобасына жауапты командада жұмыс істедім. Ал қазіргі таңда Facebooк-тың қоғамдық өнімдерін өндіруге жауапты топтың мүшесімін. Мұның ішінде сізге етене таныс ең ірі екі өнім – Топ (Group) пен Парақша (Page) бар. Facebooк-тағы топтың не екенін айтпасам да білетін боларсыз, бұл – көпшілікке арналған алаң. Ал әйгілі адамдар немесе бизнеске арналған парақша – санаулы адамға ғана қолжетімді жоба. Парақша жүргізушілері топқа қарағанда жазған-сызғанын көп адаммен бөліскісі келмейді. Қазіргі таңда осы екі өнім бойынша бағдарлама жасақтаушы инженер қызметін атқарамын.
– Түрлі сала бойынша жетістікке жеткен Моңғолия қазақтарын насихаттайтын Sarajol жобасында «Жетістік деген үстіне шығып алып, тоқтап қалатын тау емес. Алғашқы шыққан кішкене тауды биік демей, келесі тауға шығуға талпыну қажет» депсіз. Алдағы уақытта бағындырғыңыз келетін келесі шың қандай? Мақсатыңыз не?
– Жалпы, көпшілік бағдарлама жасақтаушы инженер маманын дамымай, бір орында тұралап қалады деп ойлауы мүмкін, бірақ бұл олай емес, олардың арасында да өзіндік даму деңгейі бар. Мысалы, ІC-3-тен басталатын бұл деңгейдің ең жоғарғы шегі – ІС 10. Ал ІС-5-ке жетсең, аға инженер атанасың. Оның үстіне, компания басшылығы бір орында тұралап, өз бетіңше ізденіп, шыңдалуыңа қажетті қорек іздемесең, сенің басыңнан сипай қоймайды. Егер алдағы бес жылға жоспарлаған, сені алға жетелейтін жоспарың жоқ болса, басшылық біліктілігіңнің жоғарыламағанын байқаса, ерте ме, кеш пе, орныңды босатуға мәжбүр боласың. Жалпы, карьераның соңына түскен бағдарлама жасақтаушының «Менің шыққан шыңым осы» деуі үшін он жылға жуық еңбектенуі керек. Дегенмен қатарластарымның көпшілігі шыдамай, орта жолға жеткенде бағытын ауыстырып, өз алдына бөлек стартап жобаны жүргізуге бет бұрады. Ал мен алдағы бес жыл ішінде аға инженер атанып, жоғарыда айтып өткен екі-үш деңгей бойынша жоғарылауым керек.
– Демек, сіз өзге әріптестеріңіз секілді теория мен тәжірибені ұштастырып, өміршең идеяны негізге ала отыра стартап жобаны жүзеге асыруды көздемейсіз...
– Жоқ, мұндай жоспарым жоқ. Алайда Кремний алқабына табан тиген соң, онда біраз жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағаннан кейін, қаласаң да, қаламасаң да стартап жоба ашу туралы ой «өздігінен» келеді екен (күліп). Мұны ойланған сайын құлшынысың арта түседі. Дегенмен стартап жобаны іске қосу қыруар еңбек етуді талап ететіні анық. Жобаға қатысты ұсақ-түйектерді қарастырамын деп, ақырында өзіңнің ІТ маман екеніңді ұмытып кетуің бек мүмкін. Сол себепті мен алдымен өз мамандығымның биік шыңына жетіп, жоғарыда айтып өткен деңгейлер бойынша өз ұпайымды түгендеп алуды мақсат тұтамын.
– Facebook желісінің негізін қалаушылардың бірі Марк Цукербергтің кеңсесі де сіз жұмыс істейтін Менло-паркте орналасқаны белгілі. Көріп жүргеніміздей, Марк студенттер, жас мамандар, соның ішінде компанияның 85 кеңсесінде еңбек ететін қызметкерлермен жиі кездесіп тұрады. Бұл кездесуге өзіңіз де жиі барып тұратын боларсыз?
– Марктың жұмыс орны мен қызмет ететін Менло-паркте орналасқаны рас. Десек те, жұмыс кестесі өте тығыз болғандықтан, ол жұмыс орнында үнемі бола бермейді. Үнемі іссапарда, кездесулерде жүреді. Бас кеңседе компанияның қызметін бақылауда ұстайтын вице-президент, сосын әр өнімге жауапты жеке басшы бар. Мұндағы жұмыс орны оpen space форматында құрылған, тиісінше Марк та, оның орынбасарлары да жеке кабинетте емес, қызметкерлер арасында жұмыс істейді. Жиналыс өткізу қажет болғанда ғана конференц-холлға жиналады, ал былайынша жұмыс үстелдері қарасы қалың қызметкерлер отыратын кеңседе орналасқан. Бір ғана Менло-паркте компанияның қырыққа жуық ғимараты орналасқан. Мен жұмысқа орналасқанда әлем бойынша Facebook-та жұмыс істейтін қызметкерлер саны 30 000 болатын, өткенде тоқсандық есепте бұл көрсеткіштің 56 000-ға жеткенін байқадым. Одан бөлек, ресми түрде Facebook қызметкері болмаса да, келісімшарт жасасып, сырттан көмектесетін қызметкерлер саны қаншама. Негізі, Маркты жұмыс жақта сирек те болса кездестіріп қалуға болады. Мыңдаған қызметкері бар үлкен компанияны жүргізіп отырған басшының бәріне бірдей уақыт таба бермейтіні анық. Десек те, ол апта сайын Facebook қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырады. Мұнда барып қатысу міндет емес, онлайн режимде қатыссаң да болады. Қазір пандемияға байланысты компания қызметкерлерінің қашықтан жұмыс істеп жатқанына жеті ай болды. Сол себепті мұндай кездесуді онлайн режимде бақылайды.
– Апта сайын өткізілетін бұл кездесуде компания қызметкерлері Facebook басшысына тіпті наразылық білдіре алады екен. Естіп-білгеніміздей, Дональд Трамптың Black Lives Matter қозғалысына қатысты жазған жазбасының Facebook-тан өшірілмеуіне бір топ қызметкер қарсы шығыпты...
– Иә, компанияның саясатымен келіспейтін қызметкер өз ойындағысын ашық айта алады. Егер Facebook әлемге еш пайдасы жоқ нәрсені ұсынып жатса, қызметкерлер мұндай компанияда жұмыс істегісі келмеуі мүмкін. Көбінде маңызды тақырыптарға қатысты дау туындайды. Мысалы, өткен аптада бір қолданушы мұсылмандар туралы жағымсыз пост жазды делік. Сол кездесуде «Facebook неліктен бұл постты өшірмеді? Себебі неде?» деп жан-жақтан сауал тастайды. Ал мұндай маңызды мәселенің бұрыс-дұрысын бас директордың өзі жауап беруі тиіс. Қызметкерлер де оның өз аузынан естігісі келеді. Сол себепті осындай жиналыстарда ойларын іште іркіп қалмай, бүкпесіз жеткізеді. Сосын мұндай кездесу ұйымдастырудың тағы бір мақсаты бар, Facebook секілді алпауыт компания көркейген сайын, компанияның мақсаты мен ауқымы да кеңейе түседі. Басшылар осыны қызметкерлерге әр апта сайын түсіндіріп отыруға тырысады. Оның үстіне қатарға жаңадан қосылатындар тағы бар, оларға да компанияның ұстанған саясатын түсіндіріп, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салуға мүмкіндік береді.
– Messenger-іңізге сұхбаттасу туралы жазғанымда «Америкада жай бір жұмыс істеп жүрген қазақпын» деп Facebook-тағы атқарып жүрген қызметіңізді мақтаныш санамайтыныңызды айтып қалдыңыз. Бұрынғыдай емес, қазір бабы мен бағы келіскен мамандардың мұндай ірі корпорацияларға жұмысқа көптеп тұрып жатқанын ескерсек, мұнымен ешкімді таңғалдыра алмайтыны түсінікті жайт. Десек те, азды-көпті жинаған тәжірибеңізге сүйене отыра, әлемде ең көп сұранысқа ие ІТ мамандығына қызығатын жастарға айтарыңыз бар шығар?
– Мен сізге мынаны айтайын: қазіргідей дамыған заманда мүмкіндік жоқ деген дұрыс емес. Қазақстанды білмеймін, бірақ Моңғолияда қырда отырған қойшының өзі Facebook желісін қолданады. Сол себепті жастар ізденсе, қажеттінің барлығын табады. Әлбетте, алдымен тілді үйрену керек, бірақ тілді үйрену анау айтқандай қиын емес. Сосын тегін онлайн курстарымен қамтамасыз ететін Udemy және Coursera деген веб-сайттар бар. Мысалы, Үндістанда TikTok-қа қарағанда Udemy жүйесін қолданатын жастар саны көп екенін кеше білдім. Бұл дегеніңіз алдағы он жыл ішінде үнді халқының мамандары ІТ нарықта көш бастайды деген сөз. Сол себепті біздің қазақ жастары уысына түскен әр мүмкіндікті оңтайлы пайдалана білуі керек. Бағдарламалау ісін жаңғақша шағатын маманның түгелі дерлік Facebook компаниясына жұмысқа орналаса алмайтыны белгілі. Қазір не көп, түрлі жоба көп, мүмкіндік көп. Өзіңіз жоғарыда айтып өткен Sarajol жобасының мақсаты да сол, жастарды жаңа ақпараттық технологиялар ғасырында жаңа белесті бағындыруға жетелеу. Жетістікке жетемін дейтін жастың вундеркинд болуы шарт емес, өз ісіне деген ықыласы мен талпынысы зор болса болғаны. Сосын Sarajol сіз айтқандай тек Моңғолия қазақтарына арналған жоба емес, мұнда атажұрт пен өзге аймақта қолдауды қажет ететін қазақ балаларының арманына қанат бітіріп, көңіліндегі сенімге серпін беруді көздейді.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ