269
Таразда қалалық сот ғимаратын жарып жібермекші болған күдікті ұсталды
Таразда қалалық сот ғимаратын жарып жібермекші болған күдікті ұсталды
Тараз қалалық сот ғимаратын гранатамен жарамын деп қорқытқан күдікті қолға түсті.
Жұртты қатты үрейлендірген тұрғыннан ешқандай жарылғыш зат табылмаған. Бұл туралы Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2020 жылдың 5 қарашасы күні сағат 09.10-да облыстық Полиция департаментінің кезекші бөліміне №2 Тараз қалалық сотының кіреберісінде белгісіз азамат гранаты жарылғыш затын жармақшы болып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары 49 жастағы қала тұрғынын ұстады. Тексеріс барысында одан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Одан бөлек күдіктінің ақыл-есі кем ретінде психикалық диспансерде тіркеуде тұрғаны белгілі болды»,-делінген ведомство хабарламасында.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті Жамбыл облыстық психоневрологиялық диспансеріне орналастырылды.