Павлодарда патрульдік полиция қызметкерлері жеке тұрғын үйден шыққан қою түтінді байқап, екі ересек адам мен баланы өрт қаупінен аман алып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Дәурен Қамзин мен Болат Бекмағамбет патрульдеу барысында жеке тұрғын үйлердің бірінен қою түтін шығып жатқанын байқайды. Полицейлер жағдайдың қауіпті екенін аңғарып, дереу әрекетке кірісті. Түтін шыққан үйді анықтаған соң, қоршаудан асып өтіп, ішінде адамдардың бар-жоғын тексеру үшін үйге кірген. Тексеру барысында үйде екі ересек адам мен бала бары анықталды. Ересектер ұйықтап жатқандықтан, үйдегі өрт қаупін байқамаған.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды оятып, қауіп туралы ескертіп, өрт сөндіру қызметін шақырды. Олардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында отбасыға төнген қауіп туралы уақытылы хабар беріліп, қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды. Бұл оқиғада полицейлердің кәсіби дайындығы мен адам өміріне деген жауапкершілігі айқын көрінді. Олар түтінді байқап қана қоймай, қауіпке бейжай қарамай, адамдардың амандығы үшін қажетті шараларды жедел қабылдады. Қырағылық, батылдық және шұғыл әрекет етуге дайын болу – Дәурен Қамзин мен Болат Бекмағамбеттің бойынан табылған қасиеттер. Олардың бұл әрекеті халыққа қызмет етудің, азаматтардың қауіпсіздігі мен өмірін қорғаудың жарқын үлгісі.