Африкадағы ағартушы Айман

Африкадағы ағартушы Айман

Африкадағы ағартушы Айман
ашық дереккөзі
50954

Орталық Африка Республикасы – Африка құрлығындағы ең кедей мемлекет. Тұрмысы жұпыны мемлекет болғанымен, табиғат ресурстары бар. ОАР астанасы Банги қаласындағы мектептердің бірінде отандасымыз Айман Мәмедалиева қызмет етеді. Бізге беймәлім Бангиге барып, ондағы қарадомалақтарды оқытып жүрген Айманмен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік.

 width= – Елде жоғары санатты ұстаз қызметін атқарып жүрген Ай­манның Орталық Африкаға барып жұмыс істеуіне не түрткі болды деген сұрақ бәрімізді қызықтырады. Расымен жер шарындағы Еуразиядан кейінгі екінші үлкен материк – Африка континентіне отбасыңызбен бірге тұрақтауыңызға не себеп? – Африка құрлығына жолдасымның қызмет бабымен көш­тік. Негізі, күйеуім екеуміз шетелде жұмыс істесек, ел көр­сек, жер көрсек деген мақсатты көздегенбіз. Сөйтіп жүр­генде Африкадан бір-ақ шықтық қой (күліп). Бүгінде осында жұмыс істеп жатқанымызға тұп-тура бір жыл толды. Жолдасым осындағы жалпы білім беру кешеніне басшылық етеді, ал мен сол мектепте сабақ беремін әрі кітапханада жұмыс істеймін. – Білуімше, мамандығыңыз – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Бүгінде Ор­талық Африка астанасы Бангидегі сіз жұмыс істейтін мектепте қандай пән­нен сабақ бересіз? – Иә, мен Жамбыл облысы, Жуалы ауда­нына қарасты Бақалы ауылындағы Сәкен Сей­фуллин атындағы орта мектепті бітірген соң, «Тараз-Ғасыр» колледжінде қазақ ті­лі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі маман­ды­ғы бойынша білім алдым. Сосын осында Қо­жа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қа­зақ-түрік университетінде өз маман­дығым бойынша бакалавриат, кейіннен Алматыдағы Сүлеймен Демирел уни­вер­си­тетінің магистратура бөлімінде оқыдым. Дәл осы оқу орнында оқып жүргенімде өз бе­тіммен ізденуге, әлденені зерттеуге, өз білгеніңді өзге біреуге үйретуге құлшы­нысым ашылып, өз мамандығыма басқаша көзқараспен қарай бастадым. Адамның өмірінде мамандығың­ның ерекшелігін, оқудың қадірін түсіндіретін сондай бір кезең болады екен ғой. Жалпы, еңбек жолымды Тараз қаласында қыздарға арналған қазақ-түрік лицейінде бастағанмын, сосын бірнеше колледжде сабақ бердім. Негізі, мұғалім боламын деп, жүрмеген жерім, баспаған тауым жоқ, Жолдасым әртүрлі жұмыс, көп жағдайда мектеп директоры қызметін атқарған соң, тұрғылықты жерді жиі ауыстырдық, сөйтіп еліміздің бірнеше аймағындағы оқу орындарында ұстаздық еттім. Кейіннен жолдасым ойлана келе Орталық Африка мемлекетінің астанасы Банги қаласына жұмысқа орналасу туралы шешім қабылдады. Әркез оның шешімін жөн санайтын мен кезекті рет оның қасына еріп, осында отбасымызбен көшіп келуді ұйғар­дық. Келесі сұрағыңызда жолдасымның таңдауы неліктен Африкаға түскенін біл­гіңіз келіп отыр ғой? (күліп).  width= – Иә, соны сұрағым келіп отыр... – Негізі, кез келген адам қолайлы ортада өмір сүргенді қалайды ғой. Келбеті ке­лісті, жағдайы жақсы жерге тез бейімделеді. Ал машақаты көп, қолайсыздық тудыратын жерге ешкімнің барғысы жоқ, қаш­қақ­тайды. Ал жүрексінбей, жасқанбай, қиын болса да, қасқайып, мұны еңсергісі келетін адамдар тіпті Орталық Африка секілді әлемдегі ең кедей елге барып, жұмыс істеп көру, қайырымдылық шараларын ұйым­дастырудан тайсалмайды. Күйеуімді сондай адамдардың қатарына жатқызуға болады. Ешуақытта қиындықтан қашпайды, бөтен әрі қолайсыз орта болса да, өзі сол жерде өсіп-өнгендей, айналасына тез бейімделіп ке­теді. Сол себептен де Африкаға барып, жұ­мыс істеп көргісі келді. Бізді осында кө­шіріп әкелмес бұрын, алдын ала өзі барып кел­ді. Келген соң «Айтшы, қане, қандай ел екен?» деп қызығып сұрағанымда «Сөзбен айтып жеткізе алмаймын, мұны көзбен көру керек» деп тіс жармай қойды. Сөйтсем, Африка секілді ерекше құрлықты мың рет естігенше, расымен көзбен бір рет көру керек екен. Жұмысымды сұрасаңыз, былтыр бастауыш сыныптарға сабақ бергенмін, биыл жоғары сыныбын қосып берді, мұнда оқушыларға шет тілдерінен сабақ беремін. Негізі, бастауыш сыныптарда жұмыс жетіп артылады, апта сайын әртүрлі іс-шаралар атқаруым керек. Мұндағы мектептерде француз тілінде оқытатын­дықтан, тілді тү­сіну жағынан сәл қинала­тыным рас. Десек те, қазіргі таңда жергілікті маманнан фран­цуз тілін үйреніп жүрмін. Бүгінде фран­цузша сөз құрайтын деңгейге жеттім. Негізі, біз – қазақтың қыздары еті тірі жан­дар­мыз ғой (күліп). Кез келген істі дөң­ге­летіп алып кетуге әлеуетіміз жетеді. Менің не­гізгі жұмысым кітапханамен байланысты, онда оқушыларға кітап таратамын, кітаптарды каталогтарға енгіземін, кітапхана ішін реттеймін. Сосын жазғы каникулда ел­ге барған кезде Қазақстан мұғалімдері кеңі­нен қолданып жүрген, әсіресе әртүрлі ойын­дар, соның ішінде өзіміздің тоғыз­құма­лақ секілді ұлттық ойындар арқылы оқушының ойлау қабілетін дамытатын «ИнтелектУм» деген бағдарламаны алып келгенмін. Шынымды айтсам, осында келгелі ұстаз деген ғажап атқа ие екенімді түсінгендеймін. Елде жүргенде білінбеп еді, ал басқа елге келгенде өзімді шам­­шырақ еке­німді сезініп, кабинеттен шық­­қаннан кейін, соңымда қалған қарадо­малақтардың жүзіне шаттық үйіріп, жанарына от тұ­татып, оларға бірнәрсе үйрете алға­нымды бай­қағанда ерекше сезімге бөле­немін. Сол се­бепті жоғарыда айтып өткен «ИнтелектУм» бағдарламасын тезірек мектеп бағ­дар­ламасына енгізіп, мұның осындағы бала­ларға да қызықты болады деп үміттеніп отыр­мын. Қазіргі таңда осы бағдарламаға ар­найы кабинет жасақтап жатырмын, ал­дағы уақытта оқушыларды сол сыныпта оқы­татын боламын. Мұнымен қоса, сабақта ара-тұра қазақ тілін де қолданамын.  width= – Сыныпта қазақ тілін де қолда­натыныңызды әлеуметтік желідегі парақшаңыздан үстіне қамзол киген оқушыңызға Абайдың өлеңін жатқа айтқызып қойғаныңыздан байқадық... – Көрдіңіз бе? (күліп). Керемет айтып шыққан ғой, иә? Жалпы, тіл маманы ретінде қазақ тілін өзге ұлтқа оқытқанды қызық көремін. Елде аталып жатқан Абайдың 175 жылдығы қарсаңында сондай идея туындап, сыныптағы оқушыма жаттатып қойдым. Әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, көпші­ліктің көңі­лінен шық­қан се­кілді. Әлбет­те, қазақ тілін үйрету оңай емес, дегенмен үл­кен сыныптың қыз­дары қазақша амандасуды жаттап алған, мені көргенде «Қа­лайсың?» деп амандасады (кү­ліп). Олар­дың аузынан мұндайды естіген бір қы­зық, бірақ естіген сайын бір марқайып қала­мын.  width= – Осы ретте өз бала­ларыңыз­­дың жаңа ортаға қалайша сіңісіп кеткенін білгім келіп отыр. Оларға сыныптастарымен тіл табысу оңай болмаған шығар? – Осында келіп, баланың жан дүниесі сондай кіршіксіз екенін тағы бір мәрте ұққандаймын. Баланың көңілі пәк болған соң, айналасын да солай таза көреді екен. Елде жүргенде олардың жеке бөлмелерін сәндеп, ішін түрлі құрал-жабдыққа толтырып, ең алдымен олардың жағдайын жа­сау­ға тырысамыз ғой. Жолдасым екеуміз қай қалаға көшсек те, өзімізден бұрын олардың қолайлы өмір сүруіне баса мән беретінбіз. Африкаға келген кезде өздеріне үйреншікті қолайлы ортаны іздеп, байбалам сала ма деп уайымдаған едік, сөйтсем, мұнымыз бе­кершілік екен. Бангиде біз тұрақтаған үйдегі жеке бөлмелерін көргенде: «Мынау қандай керемет бөлме!» деп қара төсек және бамбуктан жасалған шкаф орналастырылған кең бөлмені көріп мәз болып жүр. Бөлмелерінде басқа ештеңе жоқ, бірақ бала сол жерден әдемілікті көріп тұр. Жолдасым екеуміз олардың бұлай қуанғанына таңғалдық. Қазақстанда жүргенде оларға жағдай жасап, үлде мен бүлдеге орап, жү­гіріп жүрсек, айналып келгенде олар қымбат дүниелерге мән бермейді екен. Сосын Бангиде бала ойнататын жер жоқ, аттракционы былай тұрсын, тіпті көпшілік демалатын саябақ жоқ. Қазақстанда сауда орталық­тарының ішіндегі балаларға арналған алаңға апарғанымызда ойын уақыты біткен соң, жылап, қайтқысы келмей, шу шығара­тын. Ал қазір тіпті де олай емес. Екі ұлым жаңа ортаға тез бейімделіп кетті, себебі екеуі бастауыш сыныпта оқиды, еш жатыр­қамады. Келе сала, өздеріне дос тауып, тілді тез үйреніп алды.  width= – Ал қыздарыңыз ше? – Ал қыздарым бой түзейтін жаста бол­ған­дықтан, оларға сәл қиындау болды. Әсіресе, сыныптастарымен тіл табысуы оңай­ға түспеді. Мысалы, мұндағы қыздар­дың шашы біздікіндей ұзын емес, қысқа, табиғаты тым басқа. Тіпті менімен қатарлас әйелдердің басым көпшілігі парик киіп жүреді. Қысқа шаштарын майдалап өріп алады. Ал менің екі қызымның шашы ұзын, сыныптастары шаштарын қолмен ұстап көр­гісі келеді. Қыздарым болса, шаштарын қайта-қайта ұстай берген соң, ыңғайсыз­данып, мұны құп көре бермейді. Мектепке шаш­тарын екі жаққа буып барса, сыныбын­дағылар мұны қызық көріп, қайшымен қиып көргісі келеді екен, ал қыздарым «Шашымды қиып тастады...» деп маған жылап келеді (күліп). Қыздарыма «Олар бұрын-соңды мұндай нәрсені көрмеген. Жаман атты болмаңдар. Қазақтың қыздары мейірімді екен деген пікір қалсын. Олармен дос болуға, оларға жақсылық жасауға тырысыңдар» деп сабаққа көңіл­дендіріп, жігерлендіріп жіберемін. Алайда үлкен сыныпта оқитындардың басым көпшілігі қыз­дарым­мен дос болғысы келмейді. Олар бас­тауыш сынып оқушылары секілді ақ­көңіл емес, мінезді, сұсты келеді. Сосын қыз­дарымды ақ нәсілді деп өз ортасынан бөлетін көрінеді. Олардың бұл қылықтарын түсінуге болады, өйткені ежелден ақ нәсілділерден көп қиындық көрген олар біз секілділерге үрке қарайды, қабағын ашпай, суықтық танытады. Қыздарыма оларға ке­шіріммен қарауын өтініп «Ұзын шаштарыңа тиісетін болса, онда түйіп алыңдар» деп ақыл айтамын. Сөйтсем, Африкада шашты олай төбеге түю патшайымға ғана тән, жалпы мұндай шаш үлгісі менменшілдік, менсінбеушіліктің белгісі деген түсінік бар екен. Сабаққа шаштарын түйіп барса «Шашыңды неге олай жасап алдың? Бізді менсінбей тұрсың ба?» деп тағы тиісетін көрінеді (күліп). Мұнда бір жыл оқыған қыздарым жазғы каникулда елге оралып, қазіргі таңда Таразда білім алып жатыр. Екеуі де өз күшімен оқуға түсуге бел буып отырған соң, Африкадан гөрі, елде дайын­далған дұрыс болар деп, оларды Таразда оқытуды жөн көрдік. Дейтұрғанмен олар Бангидегі сыныптастарын ара-тұра сағы­нады, кеше екінші қызым «Сыныптастарымды суретке түсіріп жіберші, не істеп жатыр?» деп сұрайды. Мұндағы сыныптастары да олар­дың елден кететінін естіген кезде көңілі түсіп, кезінде қабылдамағанына кешірім сұрап, қоштасқысы келмей, кетпеуін өтініп, жылап жүр (күліп). Қанша жерден бөтенсіп, шеттетіп, өз ортасына қоспай жатса да, үнемі қастарында жүрген соң, олар да біздің қыздарға үйреніп қалған ғой. Екі ұлдың өзі жасы кіші болса да, сы­нып­таста­рын жақын тартады. Олармен бірге улап-шулап ойнайды, тіпті асханаға бірге барады. Қыздарым мұндағы мектеп асханасынан сол күйі тамақ іше алмай кетті.  Ал ұлдарым керісінше асханаға жүгіріп, берген тамаққа сыныптасарымен жапа-тармағай таласа жеп, суды түбіне дейін қотарып салады (күліп).  width= – Африка десе шөл дала, қарны аш ба­ла, шаштарын өзіңіз айтқандай май­да­лап өріп алған әйелдер мен ошақ ай­нала билеген ер адамдар елестейді. Атал­ған құрлық расымен біз елестеткендей ме екен, әлде біз білмейтін қырлары көп пе? – Жалпы, біз тұрып жатқан Орталық Африка аймағы Африка құрлығына кіретін елу төрт мемлекеттің ішіндегі ең кедей мемлекет. Мұнда көп нәрсе дамымай қалғанымен, табиғаты әдемі, әрі күн анау айтқандай аптап ыстық емес, жаңбыр жиі жауады. Екі миллионға жуық адам тұратын Банги қаласы Африканың тропикалық аймағында орналасқан. Сәйкесінше айналамыз жасыл желекке толы, ал табиғаттың  мұндай бояуына біздің көзіміз үйренбеген. Алғаш келген кезде айналам түгел жасыл түске боялғандықтан, көзім ауыратын, сөйтіп далаға көп шықпайтынмын. Мұнда жасыл болғанда да қою жасыл, біздегідей жасыл емес. Жалпы, Орталық Африканың халқы кедей болғанымен, мұнда адамдар аштықтан емес, жұқпалы аурудан қайтыс болады. Себебі мұнда жұқпалы ауруды жұқтыру қауіпі басымырақ. Алғаш рет Банги әуежайынан түсіп, қалаға кіріп келе жатқан кезде қипалақтап, айтарға сөз таппай қалдым. Бала-шағамызбен көліктің терезесінен көшедегі көрініске қарап, көпке дейін үн-түнсіз отырғанымыз есімде. Кедей тұрмысты халықтың жұпыны тірлігін көріп қатты таңғалдым. Оның үстіне, өте арық, басы үлкен, мойындары жіңішке, қарын­дары қампиған, тозығы жеткен халықты көр­генде жүрегің езіледі. Мұндай жоқшы­лық­ты өмірімде көрген емеспін, тіпті елде шалғайда тұратын ауыл тұрғындарының өзі бұлай өмір сүрмейді. Халық тұрмысы күрт нашарлаған сонау тоқсаныншы жыл­дардың өзінде қазақ елі мұндай жағдайды бас­тан өткермеген шығар, сірә. Білім са­ласының маманы болғандықтан, мектептеріне мән беріп жүремін. Қала бойынша біздің мектеп пен тағы бір білім ордасы ғана жақсы жасақтал­ған, іші таза, аумағы кең. Ал басқалары әлеуметтік желідегі таныстарым жазғандай, қора іспетті салын­ған. Дегенмен, бұл білдей бір мемле­кеттің астанасы үшін қалыпты орын, жергілікті мұға­лімдерге қара тақта мен бор болса болғаны, соның өзі оларға жеткілікті. Мұн­дағы мектептер елдегі секілді наурыздан тамыз айына дейін карантинге жабылды, десек те, онсыз да өте кедей тұратын адам­дарды әрі дала жұмыстарын істеу арқылы нәпақасын тауып жеп жүрген тұрғындарды карантинге қайдан жапсын? Егер қала бас­шылығы карантин жарияласа, ел ішінде қылмыс көбейіп кететіні белгілі. Сол себепті қазір барлық өндіріс жанданып, үкімет кү­нелтуге жағдай жасап отыр. Тағы бір айта ке­терлік жайт, мұнда үйлену үлкен қиын­дық тудырады, тұрғындардың көпші­лігі азаматтық некеде тұрады. Тіл табыса алмай қалса, ажырасып, отбасын сақтап қалуға тырыспайды, әйел байғұс баламен жалғыз қалып қояды немесе басқа ер адаммен бірге тұруды құп көреді. Түптеп келгенде әйел­дің қоғамдағы рөлінің маңызы жоқ, тіпті менің әріптестерім – бастауыш мұғалім­дерінің өзі ер адамдар. Дегенмен, қандай қиындыққа тап болса да, африкалықтар – өте көңілді халық. Әсіресе, билегенде бидің түбін түсіреді. Дене бітімдерінің иілгіш келетіні соншалық, тіпті біз қанша тырыссақ та, олай иіле де, билей де алмаймыз. Бізде адам қайтыс болғанда жоқтау айтамыз ғой, ал мұндағылар мұндай қайғылы сәтте билейді. Жалпылама айтсам, қайғыда да, қуа­нышта та билей жөнеледі. Мұны біліп алған мен сабақ арасында оларды билетіп қоямын (күліп). Осылайша, сабақпен орайластырып, әдіс ретінде қолданамын.  width= – Әлеуметтік желідегі парақшаңызға «Ауылда жүргенде алманы менсінбеуші едік. Кеше екі дана алма сыйға келіп, жамырап бөліп жеп мәз болдық» деп жазғаныңызды оқып таңғалдым. Сіз тұрып жатқан аймақта расымен алма өспей ме? – Иә, өспейді. Бангиден алма, жүзім, құл­пынай секілді жемістерді көрмедім. Осында келгелі жеміс-жидектің түр-түрі бар екенін біліп жатырмыз. Біз біле бермейтін жеміс түрлері көп екен ғой (күліп). Бір қызығы мұндағы жеміс-жидектердің өзі маусым бойынша өседі, мысалы, манго пісіп бітсе, авокадо өседі, одан кейін ананас, сосын кокос өсіп шығады. Бірде күйеуім базардан картоп іспетті жемістің бірнешеуін алып келді, әлгі жеміске қызыққан біз жапа-тармағай жеп, дәмін ерекше ұнаттық. Ертесі ұйқыдан тұрсақ, түгеліміздің тісіміз шықырлап тұр, сөйтсек кеше жеген жеміс тісіміздің эмаліне жағымсыз әсер етеді екен. Кейін белгілі болғандай, жергілікті тұрғын­дардың тіс құрылымымен салыстырғанда біздікі басқа екен.  Байқағаным, мұндағы халық­тың тісі көп ауыра бермейді, қалада бір-екі жерде ғана стоматология жұмыс істейді, көп жағдайда олар тіс дәрігерінің қызметін керек етпейді. Содан кейін бәй­мәлім жеміс-жидек пен көкөністерді сатып алмайтын болдық.  width= – Соңғы уақытта Қазақстан азамат­тарының Африканың суға зәру ай­мақтарына құдық қазып, қаражат жи­нап, қайырымдылық шаралар ұйым­дастырып жүргені белгілі. Осындай іс-шараның басы-қасында өзіңізді де байқап қалдым. Мұндаймен айналысатын арнайы қор бар ма, әлде су тапшылығынан зардап шегіп отыр­ғандарға көмектескісі келетін қазақ­стандықтар сіздерге хабарласа ма? – Соңғы жылдары қазақстандықтардың көмегімен Африкада көп құдық ашылды. Африка тұрғындарының көп бөлігі суға мұқтаж екені ежелден белгілі. Кейбір жерді қанша қазсаң да, кір су шығады. Ал мұнысы ішуге жарамсыз, бұған қоса жағымсыз иісі бар. Негізі, осында «Дұға» деген қайырымды­лық қор бар. Қайырымдылық жасағысы келетіндер сол қорға хабарласып, қазіргі таңда халыққа ең керегі – құдық ашуға кө­мектесу туралы ұсыныс айтады. Сосын біз құдық ашатын жерге халықты жинап, шашу шашып, ал балалар құттықтау айтады. Мұн­дай шараларды ұйымдастырғанымызға жергілікті тұрғындар ерекше қуанады, себебі су – олар үшін таптырмас байлық. Қа­зақ­станда су тапшылығын аса сезінбегендіктен, судың қадірін түсінбейміз. Ал мұнда жерден су шығару дегеніміз алтын тауып алғанмен тең. Дегенмен, көп жерден сасық су шығады, олар сол суды алып, тұндырып ішеді. Бастапқыда біз де судан қиналғанбыз, кейіннен етіміз үйреніп кетті. Осы ретте айта кетерлік жайт, ауызсуға зәру африка­лық­тарды ойлап, құдық қазып беруге қол ұшын созған біздің қазақтардың жүрегі кең ғой. Жалпы, бізде туыстық байланыс өте күшті. Мұнда біздегідей туыстық қарым-қа­тынас жоқ, әркім өзі үшін өмір сүріп жа­тыр. Жалпы, мұнда құдық ашудан бөлек те түрлі іс-шараларға атсалысып тұрамыз. Мысалы, Ораза кезінде де жиналған қаражатқа азық-түлік алып, көше-көшені аралап, жиналған жұртқа теңдей бөліп бердік. Жалпы, Банги халқының тұрмыс-тіршілігі жайлы «Бізге беймәлім Банги» атты кітапта сипатта­ған­мын. Танымдық мақсатта жазылған бұл кітап­тан оқырманның алары көп деп ой­лай­мын.

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары