Жаһан

COVID-19: Үндістанда бір тәулікте 50 мыңға жуық адам індет жұқтырған

Өткен тәулікте Нью-Делиде 7 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталды. Бұл – пандемия басталғалы тіркелген рекордтық көрсеткіш. 

Ал бүкіл ел аумағында соңғы бір күнде 50 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған. Алдағы күндері үнділердің ұлттық мейрамы тойланатындықтан, жергілікті билік індеттің таралуы тіпті өрши түсе ме деп алаңдаулы. Үкімет үндістандықтарды арақашықтықты сақтауға, қоғамдық орындарда бетперде тағуға шақырды. Сондай-ақ мерекелік шараларда отшашу атуға тыйым салынды.

Үндістан індет жұқтырғандар саны жөнінен әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, індет таралғалы бұл елде 8,3 миллионнан аса адам коронавирус жұқтырған. Мемлекетте вирус құрбандарының саны 123 мыңнан асып жығылды.

Ал әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 48 миллионнан асты. Індеттен 1 224 415 науқас көз жұмды.

Back to top button