Сері жігіт Серік

Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан курстас досым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Нұрлан Қалқа хабарласты. «Серік Мұқаш ердің жасы 50-ге келіп жатыр.  Бес жыл бірге оқып, бірге жүрген  қаламгер досың жайлы айтар бірдеңең бар ма? Бар болса жазарсың деген ол» деп әңгімені көп созбай телефонын өшіре салды. Мен ойланып қалдым. Көз алдымнан студеттік кез зуылдап өтіп жатыр. Мен ару Алматыны артқа тастап, Тараз қаласына біржолата қоныс аударғанымда артымнан үш рет іздеп келіп, үш рет мерейтойыма да қатысқан Серікті қалай ұмытайын…

АЛҒАШҚЫ ТАНЫСТЫҚ

Біздің басымызды қосқан қазақ мемлекеттік университетінің қара шаңырағы болатын. Мектепті бітіргеннен кейін бес жылдан соң Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетіне түскен менің алғаш аудиторияға жиналып, қазақ журналистикасының негізін қалаушылардың бірі тау тұлға Тауман Амандосовтың өзі бәрімізді біртіндеп тұрғызып таныстыра бастағанда жүрегім аттай тулағанын несіне жасырайын. Бір байқағаным мен сияқты әскери борышын өтеп, үш-төрт жылдан соң оқуға түскен сақа жігіттер жетерлік екен. Қыздарды есептемегенде онжылдықты енді ғана бітірген бес-алты бозбалаларда біздің қатарымызды толтырыпты. Алғашында мұрттары енді ғана тебіндеп шығып келе жатқан бұл «шикөкпелерге» шекелерінен шікірейіп қараймыз-ау деген жымысқы ой да жылт ете қалғаны рас. Әйтсе де олардың аты-жөнін атап тұрғызып, «Әй сен осы пәленше деген өлеңнің немесе түгенше деген мақаланың авторы емессің бе» дегенде күлім қағып басын изеген бозбалардың «оңай шағыла қоймайтын жаңғақ» екеніне көзім жеткендей болды. Соның бірі бидай өңді келген семейлік бұйрабас Серік Мұқаш еді. Бала кезінен жазу мен сызуға құштар Секеңнің жүріс-тұрысы, тіпті киім киісі де ерекше болды. Ауылдың баласы деуге ауыз бармайды. Неше түрлі сәнді киімдерді киіп, қашан көрсең бұйра шашы жылтырап тұрғаны. Ол кезде шашына гель жағатынын біздің өңімізге емес, түсімізге де кірген емес. Оны біз әрине біз кейін білдік қой. Осылайша шікірейіп киініп, шырт түкіріп жүретін Секең екінші курста тағы да өзінің қаламы үшкір, ойы ұшқыр өрен екенін дәлелдеді. Дәл біз оқуға түскен жылдары Алматыдан жастар басылымы «Өркен» газеті ашылған еді. Болашақ журналистерді баспасөз ісімен жетік таныса берсін деген ниетпен сол кездегі ұлағатты ұстаз әрі кураторымыз, бүгінде ақиық ақын, профессор Бауыржан Жақып бәрімізді сол газетке бір-екі рет жетелеп апарды. Ондағы журналистер «мақала жазып тұрыңдар» деген соң студенттік өмір туралы біраз материал да жібергенбіз. Онымыз там-тұмдап шығып та жатты. Байқаймын бізден гөрі Серіктікі салмақты. Жазғаны да жиі жарияланып тұрды. Көп ұзамай-ақ көзілдірігін сүрткіштеп, кітапхананы көп жағалайтын одан қала берсе, редакцияның табалдырығын тоздырып жүрген біз қатарлы сақа жігіт Ғабит Мүсіреп пен біз «мұрнымызды шүйіріп қараймыз» деген бозбала жігіт Серік Мұқаш «Өркеннің» тілшісі атанып шыға келгенде есеңгіреген есімізді әрең жидық. Сөйтсек ол бастамасы ғана екен. Біз де қайтсек тілші атанамыз деп жапа-тармағай газет-журналдарға жанұшыра жүгіріп, кейбіріміз әупірімдеп қызметке іліккенде, бұл екеуі тағы да «айды аспанға бір-ақ шығарып», тың белесті бағындарды. Студент тілшілер емес, мүйізі қарағайдай сарабдал журналистердің тісі бата бермейтін ел газеті «Егемен Қазақстанға» тілші болып тұрғанда тағы да «талып қала жаздадық». Міне сол шабысынан Ғабаң да, Секең де әлі күнге дейін жаңыла қойған жоқ. Ғабит Мүсіреп  Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын алып, еліміз бойынша бірінші бұқаралық ақпарат құралы саналатын «Егеменнің» бас редакторының орынбасары болып отырса, сері жігіт Секең бірнеше министрлікте баспасөз қызметін басқарып, бүгінде дипломатиялық аташе шені мен қоса прокурордың Кіші әділет кеңесшісі атанып отыр.

МЕНІҢ ҮЙЛЕНУІМЕ СЕБЕПШІ БОЛҒАН СЕРІК НЕМЕСЕ ЛИРИКАЛЫҚ ШЕГІНІС

«Сезімді қайтем тулаған» деп ақиық ақын Серік Томанов жырламақшы жүрек құрғыр, жас кезімізде бір емес, бірнеше рет тулады ғой. Әйтсе де  «қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деген рас-ау. Бала кезімізде менің жарым қайда жүр екен осы. Көрсек қой шіркін деп, қиялдаушы едік. «Асығу – шайтанның ісі». Құдай бәрін реттейді екен-ау. Жарайды пәлсапаны қойып, менің сезімімді селт еткізген алғашқы махаббаттарымнан аттап кетіп мен бірінші Құдай сонан соң курстас досым Секең қосқан қосағыма көшейін. Ол кезде «Бірде от болып, бір де шоқ болып, бірде жоқ болып, ойхой 25»  деп жүргенде, студенттік өмірдің тең жартысы артта қалған сәт. Орда бұзар отызға да  келіп қалыппын. Достарымның көбісі сыңарын тауып, үйленіп те алған. Жас болса да, барлық жағынан өз ісіне тастай Секең де солай. Біз Баукең (Бауыржан Ғубайдуллин, қазіргі «Орал өңірі газетінің Бас редакторы) екеуміз соқа басымыз соқталдай бойдақ болып,  төртінші  курста  жүрген кезіміз. «Қашанғы жүре бересіңдер, қанжығаға байламайсыңдар ма бір қызды» деген елдің, әсіресе туған-туыстардың «қаңқу» сөздері де көбейді. Үйленейік десек бәтуласқан қыз жоқ. «Мәссаған, безгелдек». Енді қайттік? Оқу болса аяқталып келеді. Алматыдан бір ару таба алмай, ауылға қайтсақ бізді ағайындарымыз қалай түсінеді? Баукең екеуміз бөлмеде жатып алып, қыздардың тізімін жасаймыз. Барамыз, көреміз. Бірақ көңіл пәс. Ынтығып тұрған олар да, біз де жоқ. Әйтсе де, Құдай бұйыртса бәрі болады екен-ау. Бір күні «Тәуелсіз еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің студенттермен кездесуі өтеді» деген жазуға көзіміз түсті. Қазақ халқының атын асқақтатқан ғарышкермен кездесуден қалай қаламыз деп солай қарай тарттық. Университеттің кең аудиториясында өткен кездесуге күллі факультеттің білімгерлері жиналыпты. Бір бос орынға жайғаса кеткен біз күллі Қазақ халқының бетке ұстар тұңғыш ғарышкерінің әңгімесін ұйып тыңдап отырмыз. Бір уақытта қасымда отырған Секеңе көз қиығымды салсам, сурет салудың шебері бір арудың бейнесін ақ қағазға түсіріп отыр екен. Бажайлап қарасам, біздің қасымызға жайғасқан бұрымды қыздың бейнесі. Бас бармағын көрсеткен Баукең құптағанына қарағанда «тапсырма» содан түсіп отырған сыңайлы. Онысын қасындағы қыздарға жылжытқанда айнымай ақ қағаздан бейнесін көрген ару қыз бен оның құрбысы әдемі жымиып, «керемет екен» деп астына жазып кері сырғытты. Сол сол-ақ екен енді батыл іске кіріскен Баукең бар өнерін салып, өлеңдете бір-екі шумақ жазып қыздарға қағазды қайта сырғытты. Әйтеуір не керек ол қағаз ортада біраз сырғып үлгерді. Бірақ, кездесу аяқталғанда Баукең Секеңді «ана қыздарға жетіп алайық» деп қолқалағанынан түк шықпады. «Айып етпе, Бауке, саған мен емес, Бахаң ілессін» деп, «менің миссиям бітті» дегендей өз жөнімен кете барды. Мен қашанда кетәрі емеспін ғой. Әсіресе қыздарға. Жеттік, әңгімелесе кеттік. Олар география факультетінің 2 курс студенттері болып шықты. Жатақханалары біздікіне тиіп тұр. Жақсылап танысып алып шығарып салдық. Досымның көзі түскені аққұбаша келген орта бойлы қыз Шымкент жақтікі екен де, оның құрбысы сұңғақ бойлы екі беті шиедей қып қызылы Алматының Нарынқолынан екен. Содан не керек сол қыздарға ілескеннен бір сәт те көз жазып қалғанымыз жоқ. Әлі күнге дейін ілесіп келеміз. Осылайша бала кезде әуестеніп, суретші болсам деген арманы өзіне білмеймін, әйтеуір бізге әбден пайдасы тиді. Бүгінде балалы-шағалы, үбірлі-шүбірлі болдық. Ол үшін әрине Секеңнің суреткерлігі мен атасына мың да бір рахмет!

ӨМІРДІҢ ӨЗІ – ЮМОР

Курс бойынша сурет салудан алдына жан салмайтын Секең сонымен қатар ән десе ішкен асын жерге қоятын. Әсіресе Цойдың әндерін сойып салатын. Оның барылдаған даусымен қазақша өлең айтса бәріміздің жүйкеміз жұқарып, төбе шашымыз тік тұрғанымен орысша бір ән білмейтін біз үшін Цойдың орны бөлек болды. Өйткені өзі де одан айнымайтын бұйрабас Секең бар-ынта-жігерімен беріліп шырқағанда кәдімгі кәрістің ұлы тіріліп келгендей құйқамыз шымырлаушы еді. Мақсұт марқұмның «Алмалы бақтасы» Қанекеңнің «Ой көгін»  ұмытып, біз де бастапқы әннің сөзін білмесек те қайырмасына келгенде Секеңше қабағымызды қарс жауып, орысша «осқырынып» жатушы едік. Сөйткен Секеңнің тағы бір қырын кейін байқадық. Ауыз-екі қыжыл сөз бен қағытпаға келгенде о бастан-ақ құрық салдырмайтын Секеңнің соңғы кезде қазақи қалжыңдарын да интернет желісінен жиі оқитын болдық. Өмірдің өзінен ойып алып, басынан кешкен оқиғаларды әдемі юмормен бергенде екі езуің екі құлағыңа ілініп қалады.  Қысқа да, нұсқа жазудың хас шебері. Соның бірі міне:

«2006 жылы отбасыммен Түркістандағы киелі орындарды көруге бардық. Балаларымыз ол кезде əлі кішірек əрі мазасыз. Біздің келетінімізден алдын-ала хабардар болып, қонақжай шаңырақта біраз ет жақын туыстары жиналып күтіп отыр екен. Осы үйдің Жəнел деген 4-5 жасар ақылды еркебайы бар екен. Біз отырғаннан-ақ əрірекке жайғасып алған Жəкең: «Тəте, балаңызға айтыңызшы, ойыншығын берсінші маған. Тəте, балаңызға айтыңызшы, ойыншығын берсінші маған, тəте» – деп ақырын ғана арагідік қайталаумен болды. Қарап қоямын, əңгіменің түр-түрінің түбін түсіріп отырған мына тəтешкалардың барлығы тасжүрек немесе таскерең болып қалған ба деймін, оның өтініш- қиғылығына құлақ асып, былқ еткен бірде-бір тəте болсашы.Ақыры шыдай алмай кетіп, оны өзіме шақырдым. Сөйтсем, нағыз оңбаған, тасжүрек те таскерең, түк түсінбей отырған тупой тəтенің нағыз өзі – мына мен екенмін!Оңтүстік жақта ер адамды «тəте» дейтінін бұрын сырттай естісем де, туғаннан бері əйел адамды ғана тəтелейтін өзімді ешкім ешқашан тікелей «тəте» деп көрмеген еді. Содан, манадан бері «тупить» етіп, Жəкеңді жалындырып отырыппын ғой, масқара!. Сөйтіп, Түркістанға аға боп барып, бір аптаның ішінде тəте атанып қайттым))))

    Секеңнің селкілдетіп күлдіретін мұндай естелік-эсселер жетерлік. Желіде өріп жүр. Оқыған сайын, тағы да жаза түссе екен деп, келесі жазбаларын тағатсыздана күтерің анық. Секең де қамшы салдырар емес. Балалық шақтан бастап, ердің жасы елуге келгенге дейінгі небір қызықты сәттерін жариялаумен келеді. Айтпақшы, елу демекші, мақала басында айтқан сақа жігіттердің барлығы ердің жасы елуді еңсергенде Секеңнің  сықитып тұрып жазған мақаласына қалай риза болмассың. Өзіне тән юморлық тілмен студенттік өмірімізді қамти отырып, қазіргі табыстарымызды тізбектегенде әкеміз тіріліп келгендей төбеміз көкке сәл-ақ тимей қалды-ау осы. Әрине бұл жерде ол ит көйлекті ерте тоздырған курстастары мен елу деген межеге ертерек келген құрдастарын да ұмытқан жоқ. Енді міне өзі де елудің есігін айқара ашып, табалдырығын аттап отыр. Көне Тараз қаласына мені үш рет іздеп келіп, 30, 40 және 50 жас мерейтойыма қатысқан досым, енді аман болсақ, Құдай қаласа  60 жасыңа келемін деп еді.  Құдай соған жазсын. Кәрі Тараздың телеарнасында «кәрі» тілші атанып отырған мен қашанда сендерді асыға күтемін. Ең бастысы көз жазып қалмайын. Қалың оқырмандарыңды қаламыңнан туындаған қуатты сөздеріңмен қуанта бер Секе-Серік дос!

Бақытжан Советұлы, Тараз

Back to top button