Қазақ тілін үйрету: әлемдік және халықаралық тәжірибе

Қазақ тілін үйрету: әлемдік және халықаралық тәжірибе

Қазақ тілін үйрету: әлемдік және халықаралық тәжірибе
ашық дереккөзі
369
«Қазақ тілін үйрету: әлемдік және халықаралық тәжірибе» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өткізілді. «Отандастар қоры» мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл қазына орталығы» бірлесіп ұйымдастырған білктіліті арттыру курсы аяқталды. Үш күнге созылған тіл курсы онлайн режімде «Қазақ тілін үйрету: әлемдік және халықаралық тәжірибе» тақырыбында өткізілді. Тіл курсына Ресей, Моңғолия, Португалия, Испания, Белгия, Иран, Финляндия, Түркия, АҚШ қатарлы 9 мемлекетте тұратын 46 қазақ тілін оқытушы қандастарымыз қатысты. Барлық біліктілікті арттыру курсына қатысушыларға арнайы сертификат табыс етіледі. Курстың қорытынды жиынында сөз алған Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Əділбек Қаба «Қайда жүрсек те қанымыз қазақ, жанымыз қазақ. Тіл бар жерде қазақ ұлты бар. Әрбір қазақ ана тілін ардақтайды. Өйткені, елге деген махабаттың да, салт-дәстүріне деген құрметі де тілге байлаулы. Әрине, елде тұрып қазақ тілін үйренген бір бөлек, ал туған жерден алыста тұрып жатқан қандастарға тіл үйретудің жөні бір басқа. Осы тұрғыдан келгенде Сіздерге жүктелген миссия – қасиетті де жауапты», - дейді. Одан кейін сөз алған «Отандастар қоры» КеАҚ жобалар координаторы Дидар Болат «Шетелдерде қазақ тілін оқыту курстары бойынша өзекті мəселелер» төңірегінде сөз қозғап, елден тыс жерлерде тұрып жатқан қазақтар үшін қор тарапынан өткізіліп жатқан шаралармен таныстырды. Омбы, Ташкент, Стамбул, Берлин қалаларында ашылған «Абай үйі» мәдени-іскерлік үйінің бір бағыты қазақ тілін дамыту екенін айтып, алдағы уақытта аталған жоспар шеңберінде Бішкек қаласы да бар екенін тілге тиек етті. Ана тілін ардақтаған қазақ халқының ел ішінен бөлек шетелдегі қандастарымыздың тіл курсына белсене қатысуына ризашылық білдірді. Сондай-ақ Қазақ тілін оқытудағы алдағы жоспарларымен бөлісті. Курс бағдарламасына сәйкес «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов «Тіл үйретудің лексикалық минимумдарының қажеттілігі мен критерийлері» тақырыбында баяндама жасап, лексикалық минимумдардың құрастырудың тарихы, оның тіл үйрету ісінде маңызы туралы жан-жақты ақпарат берді. Германиядағы Людвиг Максимилиан атындағы Мюнхен университеті Таяу және орта шығыс институтының қызметкері, PhD докторы Гүлсім Масақова «Қазақ тілін шетелдіктерге үйрету тәжірибиесі» дәрісінде немістерге қазақ тілін үйрету тәжірибесімен бөлісті, қатысымға құрылған, коммуникативтік ұстанымды басшылыққа ала отырып өткізетін сабақ үлгілерін курсқа қатысушыларға көрсетті. «Қазақ тілін шет тілі ретінде оқытуда сөйлесім әрекетін ұйымдастыру» тақырыбына баяндама жасаған Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің оқытушысы, магистр Айдар Балабеков лексикалық минимумды тіл үйретудің әр деңгейіне сай ұтымды іріктеудің, сол арқылы студенттің сөйлесім әрекетін қалыптастырудың тиімді жолдарын ұсынды. Барлық қатысушылар шараны ұйымдастырушыларға, шетелдегі қандастар мен отандастар атынан қазақ тілін оқытып, дәріс берген мамандарға өз тәжірибелерімен бөліскендері үшін шынайы алғысын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары