Жексенбі, 29 Қаңтар, 2023

Ауылдарда кең жолақты интернет орнату мәселесі көтерілді

Бүгін елордада ҚР Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповскихтың төрағалығымен Жастар мәселелері жөніндегі партиялық комиссияның отырысы өтті. Комиссия отырысында ауылдарда интернетке қолжетімділік және елімізде киберспортты дамыту мәселелері талқыланды.

Отырыс жұмысына уәкілетті органдардың және «Қазақтелеком» АҚ өкілдері, Қазақстанның киберспорт федерациясы, қоғам қайраткерлері қатысты.

Отырыс аясында комиссия тәлімгері Г.Шиповских пандемияға байланысты цифрландыру саласындағы кемшіліктерді атап өтті. Онлайн оқыту үшін бірыңғай платформаның болмауы, сайттардың әлсіз жұмысы, сонымен қатар кең жолақты интернетпен барлық ауыл қамтылған жоқ. Интернет болса да, оның сапасы мен жылдамдығы қанағаттандырмайды.

«Қазіргі таңда Қазақстанда мыңнан астам ауыл интернетпен қамтылмаған. Ең алдымен, осы мәселеге байланысты оқушылар зардап шегеді. Сондай-ақ, елдің кенттері мен ауылдарындағы ұялы байланыстың сапасы мәселесі өткір тұр», – деп атап өтті Г.Шиповских.

Отырысқа қатысқан «Қазақтелеком» АҚ инновациялар жөніндегі Бас директоры Нұрлан Мейірманов қазіргі уақытта еліміздің ауылдарын кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

«Қазіргі уақытта 2086 ауыл жоғары оптикалық талшықты магистральдармен жабылған. Бұл ең жақсы және жылдам интернетті пайдалануға мүмкіндік береді. Ең қысқа уақытта 985 ауылға интернет өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, бұл жұмысқа халықты мобильді интернетпен қамтамасыз ететін байланыс операторлары белсенді қосылған», – дейді Н.Мейірманов

Сонымен қатар, кездесуде елдегі киберспортты дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстанның Киберспорт Федерациясының өкілдері қазақ тілін киберспорт арқылы дамытуды ұсынды.

«Киберспорт арқылы ауыл жастары бос уақытын тиімді өткізе алады. Кейбіреулер үшін бұл әлеуметтік лифт, жаңа қызмет саласы болуы мүмкін. Жастардың IT индустрияға деген қызығушылығын арттырады», – деп атап өтті «Qazaq Cybersport Federation» даму жөніндегі директоры Бауыржан Садиев:

Елдегі карантиндік шараларға байланысты өңірлерден қатысушылар бейнеконференция арқылы қосылды. Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Маяк кентінің тұрғыны Диас Буржукпаев интернеттің жоқтығынан бірнеше ай бойы қалада жатақханада тұрып жатқанын айтты.

«Жатақханада тұрғаным үшін айына 6500 теңгеден төлеймін. Біздің ауылда тек мобильді интернет бар, бірақ оның жылдамдығы онлайн оқу үшін өте төмен. Сол себепті 4 айдан бері қалада тұрып жатырмын. Біздің ауылға интернет жүргізуді сұраймын», – дейді тұрғын.

Конференция қатысушысы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Татан ауылының тұрғыны Фархат Мейраш та ауылында интернет жоқ екенін және жергілікті жастар оқу үдерісі кезінде түрлі жолдар іздейтінін айтты: «Бізді қашықтықтан оқытуға көшірген сәттен бастап интернет туралы мәселе туындады. Біздің ауылда ол мүлдем жоқ. Осы себепті бірнеше айдан бері отбасым туған ауылымда, ал мен Қарағандыда пәтер жалға алып, тұрып келемін. Ең алдымен қаражат жағынан қиналып кеттік, оның үстіне ата-анам да сыртта жүргеніме алаңдайды».

Сөз соңында «Қазақтелеком» АҚ өкілі Нұрлан Мейірманов бұл ауылдарға сапалы интернет жүргізуді жеке бақылауға алатынын мәлімдеді.

Отырыс барысында көтерілген мәселелер өте өзекті. Соған қарамастан осы салаға тікелей жауапты негізгі орган – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Комиссия отырысына келген жоқ.

 

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button