Өлгенде ғана өтемақы береді

Өлгенде ғана өтемақы береді

Өлгенде ғана өтемақы береді
ашық дереккөзі
Ресми деректер бойынша елімізде 12 830 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Оның 8 мыңнан астамы  науқастарды емдеу кезінде індет шеңгеліне ілініпті. Ал наурыздан бері 182 дәрігер вирустан көз жұмған. Естеріңізде болса, вирусқа шалдыққан науқастарды емдеу барысында дерт жұқ­тырған медицина қызметкерлеріне 2 мил­лион теңге мөлшерінде сақтандыру тө­лемі, ал қайтыс болған жағдайда туыстарына 10 миллион теңге көлемінде көмек бе­рі­летіні туралы хабарланған болатын. Содан бері аталған төлемақы төңірегіндегі дау то­лас­тамай келеді. Тиісті ақшасын ала ал­маған дәрігерлер Мемлекет басшысына да хат жолдаған еді. Енді коронавирус жұқ­тыр­ған дәрігерлерге бұдан былай өтемақы тө­ленбейтін болды. Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі 20 қазаннан бастап тек індеттен қайтыс болған дәрігерлердің отбасыларына бері­летін өтемақы ғана сақталатынын мә­лімдеді. Үй-жайы мен бала шағасын көрмей індетті ауыздықтау үшін айлап ар­палысқан ақ халатты абзал жандардың ең­бегі енді тек ауызша еленбек пе? Әрине, олар­дың еңбегін өтемақымен өлшеуге келмес, Гиппократ анты дерміз, басқа дерміз, дейтұрғанмен әлеуметтік жағдай мен күйбең тірлікті қайда қоямыз? Кейбіреулер өтемақының төленбегені дұрыс деп санайды: ақша дәрігерлерді өтірік не саналы түрде ауру жұқтыруға итермелейді деген пікірде. Ақша үшін емі де табылмаған дертке өзі ба­рып ұрыну ақылға қаншалықты сыйымды? Жемқорлық деген жегі құрттың бұл бас­таманың да берекесін кетіргені рас па? Тар­қатып көрейік.

Төленбеген ақша, еленбеген еңбек: екі министрліктің екіұдай жауабы

Медицина қызметкерлеріне уәделі өтемақының төленбегені туралы дау оқтын-оқтын көтеріл­ген болатын. Алғашында Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұл­танғазиев: «Өтемақы төлеудің тиісті механизмі бар. Тиісті шаралар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бір­лескен бұйрығымен жазылған. Әр істі қарастыратын, ауру мен өлімнің себебін анықтайтын аймақтық комиссиялар бар. Олар бұл мәселені барлық жағынан қарас­тырады, содан кейін оны Денсаулық сақтау министрлігіне хаттамамен жібереді. Бүгінгі таңда Ден­саулық сақтау министрлігі бұл деректерді тексеру, ай­мақтардан жинау үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп түсіндірген болатын. «Өтемақы төлеудің тиіс­ті механизмі» баяу жұмыс істейтіні соншалық – бұй­рық шыққалы бері жеті ай өтсе де, мәселенің күр­меуі әлі шешілмеген. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қа­занда өткен індеттің екінші толқынына даярлық жасау мәселесі талқыланған жиында коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына өте­мақы төлеу барысын сынға алды. Президент бұдан бұ­рын кәсіби міндетін атқару кезінде коронавирус жұқ­тырған дәрігерлерге де өтемақыны кешіктірмей тө­леуді тапсырған. «Мен берген тапсырма бойынша екінші жарты жыл­дықта 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алай­да үстемақы мен сақтандыру төлемдерін алу кезін­де әлі күнге дейін бюрократиялық тосқауылдар бар. Ме­дицина қызметкерлері өзіне тиесілі ақшаны өтініп сұра­мауы тиіс», – деген еді Мемлекет басшысы. Онымен қоса, Президент кейбір жерлерде қыз­мет­керлер «санмен ойнап», үстемақы үлес­тіру ісін ашық жүргізбегенін, кейбір мекемелерде бас дәрі­герлер медицина қызметкерлерінің жұмыс уақытын дұрыс есептемегенін де алға тартты. Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтанда жедел жәр­демде қызмет ететін кейбір фельдшерлер жұ­мыста жүріп коронавирус жұқтырсақ та, өтемақы алу үшін берген өтінішіміз қаралмай отыр деп шағымданған болатын. Көктем мен жаз айларында ондаған медицина қызметкері «коронавирус жұққан науқастарды емдесек те үстемақы алмадық» деп арызданған еді. Кейбірі үстемақының дұрыс есептелмегенін айтқан. 7 қазан күні 9:00-де Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі пандемия кезінде коронавирус пен оның пневмония түрін жұқтырған 4 494 мыңға жуық медицина қызметкеріне және қайтыс бол­ған 45 кадрдың туыстарына мемлекет тарапынан өте­мақы берілгенін мәлімдеген еді. Тура осы күні 16:20-да ОКҚ алаңында өткен брифингте Тауарлар мен қыз­меттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев 4450 медицина қыз­меткеріне үстемақы берілгенін хабарлады. Екі министр­­­ліктің мәлімдемесінде 88 млн теңге айырмашылық бар.  Осы уақыт аралығында 44 адам өтемақы алып үлгерген болса, әрине, статистика дұрыс. Осылайша, төңірегінен дау кетпеген өтемақы ақыры мүлде берілмейтін болып тынды. Оған не себеп?

Тағы да жемқорлық

Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Марат Шорановтың сөзінше, енді дәрігерлер жұмыс барысында вирус жұқтырса, оларға қолдауды медициналық мекеме, кәсіподақ не жергілікті билік көрсетуі керек. «Бұл – медициналық мекеме жетекшілеріне мед­қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, са­нитарлық-эпидемиялық режимді бақылауға ынталандырады», – деді ол. Бірақ министрлік өкілі жергілікті билік я медициналық мекеме вирус жұқтырған дәрі­герге қолдауды қалай көрсететінін ашып айтпады. Десек те, төлемақыға қатысты жұрт пікірі қоғам­да екіге жарылған. Әлеуметтік тораптарда қызу тал­қыға түскен мәселеге қатысты бірі ақша берілуі ке­рек десе, енді бірі дәрігерлердің жаппай ауыруы мен жем­қорлыққа жетелегендіктен берілмегені дұрыс деп пі­кір білдірген. Осы орайда медицина сарапшысы, қо­ғам белсендісі Қайырғали Көнеевтің пікірін білген едік. – «Қоғам белсендісі ретінде маған да өтемақы әлі төленбегені жайлы айтып, шағымданғандар бар. Тіпті Алматыда өтемақыны басшылық өз адамдарына беріп, бөліске салғаны туралы фактілер де кездесті. Ко­ронавируспен ауырған науқастарды емдеуге қатыс­паса да өтемақы алғандар да жетерлік. Көп жағдайда өтемақыны есеп бөліміндегілер, басшылықтағылар, бас­шылыққа жақын жүргендер өзара бөліп алған. Ал ра­сында да қатердің бел ортасында жүріп, індетпен алыс­қан талай қатардағы медицина қызметкерлері бір тиын да ала алмай отыр. Тіпті кейбіреулеріне өтемақыға өті­ніш беруге тиым салған екен. Сол себепті де заң­герлермен кеңесіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өтініш жаздық. Жақында Алматыдағы бір ауруханада  коронавирустан қорғануға арналған жабдықтар алу үшін бөлінген 90 млн теңгеге құрылыс жұмыстарына киетін костюмдер алынған. Соның кесірінен 70 медицина қызметкері коронавирус жұқтырыпты. Ал Үкімет өтемақының берілмеу себебін қорғаныш құралдарының жеткіліктілігі және сақтық шараларының қатаң сақталып отырғанымен байланыстырып отыр. Сондықтан өтемақы төлемеу дұрыс емес деп ойлаймын. Ақша берілуі керек, тек бармақ басты, көз қыстылықты тоқтату үшін бөлінген қаржының игерілу барысы қатаң қадағалануы керек»,  – дейді сарапшы. Бірақ коронавирусқа шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлердің жалақы­сына өтемақыдан бөлек қарастырылған қосымша төлем сақталмақ. Инфекциялық ауруханада істейтін медицина қызметкерінің айлығына 850 мың теңге, прови­зорлық стационарда жұмыс істейтін дәрігер мен фельд­шер жалақысына 425 мың теңге, карантиндік стационар, санитарлық дәрігер мен жедел жәрдем жүргізу­шісінің айлығына 212 мың теңге қосылады. Үкімет басшысы Асқар Маминнің 4 қазанда ұсынған мәліметінше, қазіргі таңда эпидемияға қар­сы күреске 46 мыңнан астам медицина қызметкері тар­тылған.

Әлем дәрігерлеріне қандай қолдау көрсетілуде?

Француздық Cuba Linda қауымдастығы сәуір айында әлемнің 24 елінде індетпен күресіп жат­қан кубалық дәрігерлерді Covid-пен күресуге қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығына ұсыну туралы өтініш жа­сады. Еуропа, Латын Америкасы және АҚШ ұйым­дарының қолдауына ие болған белсенділер осы идеяны қолдаушыларды жинауды жалғастырып жатыр. Ал Ресейде коронавирусқа шалдыққан науқаспен жұмыс істеген дәрігерлерге індет жұқтырмаса да өтемақы беріледі. Көлемі – айына 25 мың рубльден 80 мың рубльге дейін. 15 мамырда Франция үкіметі аурухана қызметкер­леріне эпидемия жағдайында жұмыс істегені үшін бір­жолғы сыйақы төлеу туралы жарлық шығарды. Covid-19 эпидемиясынан ең көп зардап шеккен аймақ­тардағы медицина қызметкерлері 1 500 евро алады. Елдің басқа ауруханаларындағы кадрлар үшін төлемақы мөлшері – 500 евро. Өзбекстанда зертханаларда жұмыс істейтін дәрі­герлер 25 миллион сум, орта медицина қыз­мет­керлеріне, зертханалардағы медбикелерге 15 миллион сум, кіші медицина қызметкерлеріне 10 миллион сум; басқа жұмысшыларға 5 миллион сумнан беріледі. Ресми валю­та бағамы бойынша бұл төлемдер сәйкесінше 2,5 мың, 1,5 мың, 1 мың және 500 долларға тең. Сонымен қатар, вирус жұқтырғандармен байланыста болған медицина қызметкерлеріне 100 миллион сум (шамамен 10 мың доллар) бөлек төленеді. Пандемия талай саладағы кемшін тұстарды ашып көрсетті деп індет басталғалы айтып келеміз. Арысы цифрландыру мен білім жүйесінен бастап, берісі бөлінген ақшаның дұрыс игерілмеуі мен өтемақыларды үлестіруде жүйе, реттілік жоғы байқалды. Әлде бей­жай­лық, мүмкін ашкөздіктен болар, әйтеуір төтенше жағдай кезінде төлемақылар төңірегіндегі дау сейілмеді. 42 500 теңгенің «жыры» бөлек әңгіме, ал бүгінгі күннің бас­ты қаһармандары, жанын аямай жұмыс істеген дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінен өтемақы «аяғанымыз» қалай болмақ?