241
Өлгенде ғана өтемақы береді
Өлгенде ғана өтемақы береді
Ресми деректер бойынша елімізде 12 830 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Оның 8 мыңнан астамы науқастарды емдеу кезінде індет шеңгеліне ілініпті. Ал наурыздан бері 182 дәрігер вирустан көз жұмған.
Естеріңізде болса, вирусқа шалдыққан науқастарды емдеу барысында дерт жұқтырған медицина қызметкерлеріне 2 миллион теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі, ал қайтыс болған жағдайда туыстарына 10 миллион теңге көлемінде көмек берілетіні туралы хабарланған болатын. Содан бері аталған төлемақы төңірегіндегі дау толастамай келеді. Тиісті ақшасын ала алмаған дәрігерлер Мемлекет басшысына да хат жолдаған еді. Енді коронавирус жұқтырған дәрігерлерге бұдан былай өтемақы төленбейтін болды. Денсаулық сақтау министрлігі 20 қазаннан бастап тек індеттен қайтыс болған дәрігерлердің отбасыларына берілетін өтемақы ғана сақталатынын мәлімдеді.
Үй-жайы мен бала шағасын көрмей індетті ауыздықтау үшін айлап арпалысқан ақ халатты абзал жандардың еңбегі енді тек ауызша еленбек пе? Әрине, олардың еңбегін өтемақымен өлшеуге келмес, Гиппократ анты дерміз, басқа дерміз, дейтұрғанмен әлеуметтік жағдай мен күйбең тірлікті қайда қоямыз? Кейбіреулер өтемақының төленбегені дұрыс деп санайды: ақша дәрігерлерді өтірік не саналы түрде ауру жұқтыруға итермелейді деген пікірде. Ақша үшін емі де табылмаған дертке өзі барып ұрыну ақылға қаншалықты сыйымды? Жемқорлық деген жегі құрттың бұл бастаманың да берекесін кетіргені рас па? Тарқатып көрейік.
Төленбеген ақша, еленбеген еңбек: екі министрліктің екіұдай жауабы
Медицина қызметкерлеріне уәделі өтемақының төленбегені туралы дау оқтын-оқтын көтерілген болатын. Алғашында Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев: «Өтемақы төлеудің тиісті механизмі бар. Тиісті шаралар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен бұйрығымен жазылған. Әр істі қарастыратын, ауру мен өлімнің себебін анықтайтын аймақтық комиссиялар бар. Олар бұл мәселені барлық жағынан қарастырады, содан кейін оны Денсаулық сақтау министрлігіне хаттамамен жібереді. Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігі бұл деректерді тексеру, аймақтардан жинау үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп түсіндірген болатын. «Өтемақы төлеудің тиісті механизмі» баяу жұмыс істейтіні соншалық – бұйрық шыққалы бері жеті ай өтсе де, мәселенің күрмеуі әлі шешілмеген. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қазанда өткен індеттің екінші толқынына даярлық жасау мәселесі талқыланған жиында коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына өтемақы төлеу барысын сынға алды. Президент бұдан бұрын кәсіби міндетін атқару кезінде коронавирус жұқтырған дәрігерлерге де өтемақыны кешіктірмей төлеуді тапсырған. «Мен берген тапсырма бойынша екінші жарты жылдықта 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда үстемақы мен сақтандыру төлемдерін алу кезінде әлі күнге дейін бюрократиялық тосқауылдар бар. Медицина қызметкерлері өзіне тиесілі ақшаны өтініп сұрамауы тиіс», – деген еді Мемлекет басшысы. Онымен қоса, Президент кейбір жерлерде қызметкерлер «санмен ойнап», үстемақы үлестіру ісін ашық жүргізбегенін, кейбір мекемелерде бас дәрігерлер медицина қызметкерлерінің жұмыс уақытын дұрыс есептемегенін де алға тартты. Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтанда жедел жәрдемде қызмет ететін кейбір фельдшерлер жұмыста жүріп коронавирус жұқтырсақ та, өтемақы алу үшін берген өтінішіміз қаралмай отыр деп шағымданған болатын. Көктем мен жаз айларында ондаған медицина қызметкері «коронавирус жұққан науқастарды емдесек те үстемақы алмадық» деп арызданған еді. Кейбірі үстемақының дұрыс есептелмегенін айтқан. 7 қазан күні 9:00-де Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пандемия кезінде коронавирус пен оның пневмония түрін жұқтырған 4 494 мыңға жуық медицина қызметкеріне және қайтыс болған 45 кадрдың туыстарына мемлекет тарапынан өтемақы берілгенін мәлімдеген еді. Тура осы күні 16:20-да ОКҚ алаңында өткен брифингте Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев 4450 медицина қызметкеріне үстемақы берілгенін хабарлады. Екі министрліктің мәлімдемесінде 88 млн теңге айырмашылық бар. Осы уақыт аралығында 44 адам өтемақы алып үлгерген болса, әрине, статистика дұрыс. Осылайша, төңірегінен дау кетпеген өтемақы ақыры мүлде берілмейтін болып тынды. Оған не себеп?Тағы да жемқорлық
Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Марат Шорановтың сөзінше, енді дәрігерлер жұмыс барысында вирус жұқтырса, оларға қолдауды медициналық мекеме, кәсіподақ не жергілікті билік көрсетуі керек. «Бұл – медициналық мекеме жетекшілеріне медқызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, санитарлық-эпидемиялық режимді бақылауға ынталандырады», – деді ол. Бірақ министрлік өкілі жергілікті билік я медициналық мекеме вирус жұқтырған дәрігерге қолдауды қалай көрсететінін ашып айтпады. Десек те, төлемақыға қатысты жұрт пікірі қоғамда екіге жарылған. Әлеуметтік тораптарда қызу талқыға түскен мәселеге қатысты бірі ақша берілуі керек десе, енді бірі дәрігерлердің жаппай ауыруы мен жемқорлыққа жетелегендіктен берілмегені дұрыс деп пікір білдірген. Осы орайда медицина сарапшысы, қоғам белсендісі Қайырғали Көнеевтің пікірін білген едік. – «Қоғам белсендісі ретінде маған да өтемақы әлі төленбегені жайлы айтып, шағымданғандар бар. Тіпті Алматыда өтемақыны басшылық өз адамдарына беріп, бөліске салғаны туралы фактілер де кездесті. Коронавируспен ауырған науқастарды емдеуге қатыспаса да өтемақы алғандар да жетерлік. Көп жағдайда өтемақыны есеп бөліміндегілер, басшылықтағылар, басшылыққа жақын жүргендер өзара бөліп алған. Ал расында да қатердің бел ортасында жүріп, індетпен алысқан талай қатардағы медицина қызметкерлері бір тиын да ала алмай отыр. Тіпті кейбіреулеріне өтемақыға өтініш беруге тиым салған екен. Сол себепті де заңгерлермен кеңесіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өтініш жаздық. Жақында Алматыдағы бір ауруханада коронавирустан қорғануға арналған жабдықтар алу үшін бөлінген 90 млн теңгеге құрылыс жұмыстарына киетін костюмдер алынған. Соның кесірінен 70 медицина қызметкері коронавирус жұқтырыпты. Ал Үкімет өтемақының берілмеу себебін қорғаныш құралдарының жеткіліктілігі және сақтық шараларының қатаң сақталып отырғанымен байланыстырып отыр. Сондықтан өтемақы төлемеу дұрыс емес деп ойлаймын. Ақша берілуі керек, тек бармақ басты, көз қыстылықты тоқтату үшін бөлінген қаржының игерілу барысы қатаң қадағалануы керек», – дейді сарапшы. Бірақ коронавирусқа шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлердің жалақысына өтемақыдан бөлек қарастырылған қосымша төлем сақталмақ. Инфекциялық ауруханада істейтін медицина қызметкерінің айлығына 850 мың теңге, провизорлық стационарда жұмыс істейтін дәрігер мен фельдшер жалақысына 425 мың теңге, карантиндік стационар, санитарлық дәрігер мен жедел жәрдем жүргізушісінің айлығына 212 мың теңге қосылады. Үкімет басшысы Асқар Маминнің 4 қазанда ұсынған мәліметінше, қазіргі таңда эпидемияға қарсы күреске 46 мыңнан астам медицина қызметкері тартылған.Әлем дәрігерлеріне қандай қолдау көрсетілуде?
Француздық Cuba Linda қауымдастығы сәуір айында әлемнің 24 елінде індетпен күресіп жатқан кубалық дәрігерлерді Covid-пен күресуге қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығына ұсыну туралы өтініш жасады. Еуропа, Латын Америкасы және АҚШ ұйымдарының қолдауына ие болған белсенділер осы идеяны қолдаушыларды жинауды жалғастырып жатыр. Ал Ресейде коронавирусқа шалдыққан науқаспен жұмыс істеген дәрігерлерге індет жұқтырмаса да өтемақы беріледі. Көлемі – айына 25 мың рубльден 80 мың рубльге дейін. 15 мамырда Франция үкіметі аурухана қызметкерлеріне эпидемия жағдайында жұмыс істегені үшін біржолғы сыйақы төлеу туралы жарлық шығарды. Covid-19 эпидемиясынан ең көп зардап шеккен аймақтардағы медицина қызметкерлері 1 500 евро алады. Елдің басқа ауруханаларындағы кадрлар үшін төлемақы мөлшері – 500 евро. Өзбекстанда зертханаларда жұмыс істейтін дәрігерлер 25 миллион сум, орта медицина қызметкерлеріне, зертханалардағы медбикелерге 15 миллион сум, кіші медицина қызметкерлеріне 10 миллион сум; басқа жұмысшыларға 5 миллион сумнан беріледі. Ресми валюта бағамы бойынша бұл төлемдер сәйкесінше 2,5 мың, 1,5 мың, 1 мың және 500 долларға тең. Сонымен қатар, вирус жұқтырғандармен байланыста болған медицина қызметкерлеріне 100 миллион сум (шамамен 10 мың доллар) бөлек төленеді. Пандемия талай саладағы кемшін тұстарды ашып көрсетті деп індет басталғалы айтып келеміз. Арысы цифрландыру мен білім жүйесінен бастап, берісі бөлінген ақшаның дұрыс игерілмеуі мен өтемақыларды үлестіруде жүйе, реттілік жоғы байқалды. Әлде бейжайлық, мүмкін ашкөздіктен болар, әйтеуір төтенше жағдай кезінде төлемақылар төңірегіндегі дау сейілмеді. 42 500 теңгенің «жыры» бөлек әңгіме, ал бүгінгі күннің басты қаһармандары, жанын аямай жұмыс істеген дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінен өтемақы «аяғанымыз» қалай болмақ?