Әлем қазақтары ана тіліндегі ақпаратқа сусап отыр

Әлем қазақтары ана тіліндегі ақпаратқа сусап отыр

Әлем қазақтары ана тіліндегі ақпаратқа сусап отыр
ашық дереккөзі
«Отандастар қоры», Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қол­дауымен Túrkistan халықаралық газетінің Atajurt айдарын таныстыру және алыстағы ағайынмен рухани-мәдени, ақпараттық байланыс орнату мақсатында алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастармен онлайн жүз­десуі өтті. «Túrkistan қандастарға төрін ұсынады» деген Zoom плат­фор­масында өткен шараға Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті қазақ диаспорасымен жұмыс істеу басқармасының басшысы Мұхтар Кәрібай, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этно­саралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсінбаев, «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сар­басов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы Сырым­бек Төлеу, халықаралық Тúrkistan газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай және әлемнің 30-ға жуық елінен қандастарымыз қатысты. Онлайн жүздесу бары­сында алыстағы ағайынға Тúrkistan газетінің қандастарға арналған Atajurt жобасы таныстырылды.  width= Еске сала кетейік, елге оралған ағайын­ды қолдау мақсатында «Nur Otan» партиясы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қорының» бірлесуімен Тúrkistan газетінде қандастарға арналған Аtajurt жобасы қолға алынған еді. Жыл ба­сынан бері газет тілшілері Аtajurt жо­басы­мен қандастар көп шоғырланған Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарына арнайы іссапармен барып, ондағы қандастарға қатысты өзекті мәсе­лелерді көтеріп келеді. Аталған онлайн жиынға қатысқан қан­дас­тар мен шетелдегі мәдени орталық­тар­дың жетекшілері өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ, «Отандастар қоры» КеАҚ баспасөз хатшысы (модератор): – Тúrkistan газеті – еліміздегі ең беделді қазақ­тілді басылымның бірі. Бұл газеттің өзіндік ерекшелігі – сараптамалық және тарихи танымдық тақырыптармен қоса қан­дастар мәселесі тұрақты жазылады. Ба­сылым сонау  90-жылдары көші-қон сая­саты енді қалыптаса бастаған тұста қан­дастарға арналған «Қоныс» қосымшасын шығарған еді. Оның заңды жалғасы ретінде Аtajurt жо­басы жыл басынан бері өз жұмысын жүр­гізіп келеді. Біздің мақсатымыз – шетелдегі қан­дастармен ел азаматтары арасында ақ­па­рат­тық пікір алмасатын алаң қалыптастыру. Бұр ретте Тúrkistan газетінің Аtajurt жоба­сы­ның орны ерекше.  Сондықтан да біз жиын­ға қатысып отырған барлық қандасты осы жобаға атсалысуға шақырамыз. Қуат ӘУЕСБАЙ, Тúrkistan газетінің бас редакторы: – Газетіміздің Аtajurt жобасында қан­дас­тары­мызға қатысты әртүрлі өзекті мә­се­ле­лер көтерілді. Әсіресе, елге оралған кезде ке­з­де­сетін әкімшілік кедергілер және әлеу­меттік мәселелерден бөлек, мәдени-рухани же­тістіктері де кеңінен қамтылды. Тек ма­қала ғана емес, қазіргі заман талабына сай бей­несюжеттер дайындалды. Баспасөз қандай да бір мекемеге тапсырма беруге немесе міндет жүктеуге құзыретті емес, әри­не. Десек те, біз біраз кейіпкеріміздің мә­­­селесінің оң шешім табуына әсер етке­ні­міз рас. Мәселен, Қытайдан көшіп келген қан­дасымыз, Қазақстан азаматы Қарақат Әбдеш  күйеуі мен оның әкесі және екі інісі Қы­­тайда жазықсыз сотталып, отбасы екіге бө­­лінгенін айтып, редакциямызға мұңын ша­ғып келді. Өзі туыстарына бара алмайды екен, бір рет барғанда екі жыл үйқамақта ұста­­ған көрінеді. Өте қиын жағдай. Жап-жас келіншек, өрімдей балаларымен ата­жұртқа келіп, шарасыз күйде отыр. Жағ­дай­ды бүге-шүгесіне дейін баяндап, газетке мақала жарияладық. Ізінше халықаралық конвенцияларға сүйене отырып, екіге бө­лінген отбасын қосуға ықпал жасауын сұрап еліміздің Сыртқы істер министрлігіне хат жолдаған едік. Жақында хатқа жауап ал­дық, онда бұл мәселе бойынша Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытай Елшілігіне нота жолдап, екіжақты кездесуде көтере­тінін мәлімдеген. Сол сияқты астана іргесінде негізінен қан­­­­­дастарымыз қоныстанған «Нұрбесік» деп аталатын шағын елді мекен бар. Шетел­ден қоныс аударған қандас­тарымыздың сол жер­де тұрып жатқанына он шақты жыл бол­са да, әлі күнге дейін үй-жайларын заң­дастыратын құжаты жоқ. Және елді мекенге бірде-бір коммуникация тартылмаған еді. Біздің редакция тілшілері бірнеше рет осы елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ви­деорепортаж жасап, газетке мақала жа­рия­ла­ды.  Әрі құзырлы мекемелерге сұрақты төтесінен қойып, хатты қарша боратты де­сем артық айтқан болмас едім. Нәти­же­сінде үйлерді құжаттандыру бірден ре­т­тел­мегенмен, қазір сол елді мекенге жол са­лынып, ауызсу, газ тартылып жатыр. Тізе бер­сек, мұндай мысалдар өте көп. Қысқасы, заңымыздың құзыреті, газетіміздің пәр­менділігі жететін жерге дейін аянып қалған тұсымыз жоқ. Одан бөлек, газетімізде «Шетелдегі 100 жаңа есім» жобасы қолға алынды. Онда шет­елдерде әртүрлі салада қызмет істейтін, әлем­ге әйгілі ірі компанияларда жұмыс іс­теп, табысқа жеткен, бірақ есімі жалпыға бей­таныс отандастарымызды газетімізге жазып, елге таныту, оны насихаттауды мақсат тұтқан едік. Алдағы уақытта қиыр қонып, шет жайлаған қазақтар жайлы материалдарды жинақтап, кітап қылып шығару жоспарымызда бар.  width= Еркін ҮЙСІНБАЕВ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары: – «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Тúrkistan газеті – қазіргі заман талыбына сай отандық бас­пасөз саласында оқырманға жаңаша ақпарат беріп келе жатқан басылым. Аtajurt жо­басы ел ішіндегі және шетелдегі қан­дас­тарымызға қатысты ақпараттарды оқырман на­зарына ұсынып келеді. Қоғам жылы қа­был­даған газет жобасы болашақта қандас­тары­мызбен отандастарымыздың пікір алмасатын медиа алаңына айналады деп се­немін. Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистр­лігі мұндай оқырманға пайдалы жобаларды әр­дайым қолдайды. Қаламгер қауым кө­терген өзекті мәселелер өз шешімін табуына тілектеспін! Мұхтар КӘРІБАЙ, Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті қазақ диаспорасымен жұмыс істеу басқармасының басшысы: – Сыртқы істер министрлігінің құра­мын­дағы өзім басқарып отырған басқар­ма­ның құрылғанына биыл бір жыл толды. Біз әзірге Консулдық департаменттің құра­мын­дамыз. Алда департамент әлде ко­­митет ретінде дербес мекеме болып құ­ры­лады деп жоспарлап отырмыз. Ол кезде де «Отан­дастар қоры» және Дүниежүзі қа­зақ­тары­ның қауымдастығымен тығыз байланыста жұмыс істейміз деген ойдамын. Қандастарға халықаралық деңгейде қызмет көрсетсек деген жоспарларымыз бар. Осы орайда, ақ­парат құралдарының орны ерек­ше. Бұл ретте бүгінгі таныстырылымы өткі­зі­ліп жат­қан Тúrkistan газетінің Аtajurt  жо­басы үшін атқарар жұмыс көп. Сырттағы ағайындардың көбі төтеше жә­не латын әліпбиін қолдануына байла­ныс­ты, біздегі кириллицамен жазылған ақ­параттың оқылуы қиын. Сондықтан сырт­тағы қандастарымыз үшін ақпаратты бірнеше әліпбиде жүргізу өте маңызды. Сыртқы істер министрлігі және оның сырт­тағы барлық дипломатиялық мекеме­лерінің көмегімен Тúrkistan газетін шетелге таратуды қолдауға әзір. Мағауия САРБАСОВ, «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті: – Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері сырттағы ағайынмен байланыс үзілген жоқ. Мейлінше жыл сайын артып келеді. Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақтардың жал­ғыз Отаны бар, ол – қасиетті қазақ елі» де­ген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев та шетелдегі қандастарымызбен ты­ғыз байланыс орнатып, оларға қолдау көрсетуді тапсырды. Бұл қолдаудың бір пара­сы – қандастарды ақпараттық қолдау мә­селесі қашанда өзекті. Осыған орай 2020 жыл­дан бастап Тúrkistan халықаралық га­зеті қандастарға арналған Аtajurt жобасын қол­ға алды. Газет журналистері еліміздің әр өңіріне арнайы іссапармен барып, қандас­тардың тыныс-тіршілігімен танысты. Жер­гілікті жердегі қордаланған түйткілді мә­селелерді көтеріп, оң шешім табуына ықпал етті. Қандастарды құжаттандыру, білім беру, көші-қон және тағы басқа тақырыптарды қоғам талқысына салды. Одан бөлек, шетел­дегі әлемдік ірі компанияларда жемісті қызмет атқарып жүрген отандастарымызбен эксклюзивті сұхбаттар жасап, кейінгі буын жастардың білімге қызығушылығын арт­тыруға жол ашты. Тúrkistan халықаралық газеті және газеттің веб-сайтында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отан­дастар қоры» өткізген іс-шаралар мен жоба­лар туралы ақпараттар үнемі жарияланып тұрады. Сондай-ақ біздің де сарапшы ма­ман­дарымыздың мақалалары газетке жа­рияланып келеді. Осы сәтті пайдалана отырып ел игілігі жо­лында қолына қалам ұстаған Тúrkistan газетінің ұжымына «Отандастар қоры» жә­не жеке өз атымнан алғысымды білдіремін. Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ: – Осы тұста қосымша бір ақпаратты бере кетейін. «Отандастар қорының» төрт ба­ғытты жұмысының бірі – ақпараттық қауым­дастық. Әзірге шартты атауы – «Ата­жұрт». Ол – шетелдегі барлық қазақтілді ақ­парат құралдарын бір ортаға біріктіріп, қауым­дастық құру. Қазірдің өзінде «Отан­дастар қорының» зерттеуі нәтижесінде 77 ақпарат құралының дерегі жиналды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Келесі жылы індет тоқтап барыс-келіс қалпына келсе, қауым­дас­тықты ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Сырымбек ТӨЛЕУ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы: – Дүниежүзі қазақтарының қауым­дас­тығы «Отандастар қорымен» бірлесіп, көп­те­ген жобаларды іске асырып келеді. Бүгін де, міне, Тúrkistan газеті шеттен келген қан­дастарымызды қолдау бағытында олар­дың әртүрлі түйткілді мәселелерін шешуде көп жұмыс атқаруда. Шетелде тұратын та­нымал қандастарымызды газет бетінен үз­бей оқып тұрамыз. Еліміздің дамуына өз үле­сін қосып жүрген, жетістіктерге жеткен қандастарды таныту мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Атқарылған жұмыстарға ал­ғыс айта отырып, алдағы істеріңізге сәт­тілік тілеймін!  width= Мұрат ЕРМИШ, Еуропадағы қазақ қоғамдары федерациясының президенті /Швеция/: – Тúrkistan газеті – бізге жеткен бірінші га­зет. Сондықтан да Тúrkistan газеті өте ыс­тық, жанымызға жақын. Аtajurt айдары құт­ты болсын! Өте жақсы жұмыс істеп жа­тыр­сыздар. Шетте жүрсек те сіздер арқылы   мәлімет алып тұрамыз. «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақ­тарының қауым­дастығына, Тúrkistan газе­тіне және барша қатысушыларге көп-көп рақмет.  width= Серхан ДИНЧТУРК, Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығының төралқа мүшесі, «Қазақ елі» журналының баспагері /Түркия/: – Біз Түркия қазақтары осында 70 жыл­дан аса өмір сүріп жатырмыз. Біздің ұйым қа­зір Еуропа елдерінде өмір сүретін қазақ­тар­ға арнап «Қазақ елі» журналын шығарып келеді. Журнал 4 жылдан астам уақыттан бері қазақ және түрік тілінде шығады. 80 млн жан саны бар Түркияға қазақ халқын та­ныту мақсатында шығарып отырмыз. «Қазақ елі» журналы мен Тúrkistan газеті ара­сында байланыс орнатуға әзірміз. Жо­ғарыда атап өткен «Шетелдегі 100 жаңа есім» жобасы да қуанышты жаңалық болды. Біздің Түркиядағы қазақтар арасында Түр­кия­ға танымал көптеген азаматтар бар. Олар­мен де байланыс орнатсаңыздар құба-құп. Тúrkistan газеті сыртта жүрген қан­дас­тарға мұндай іс-шаралар ұйымдастырып, үлкен жоба жасап, бізбен тығыз байланыс ор­натамыз деген ізгі ниеттеріңізге алғыс айтамын.  width= Галина НҰРТАЗИНОВА, Германиядағы қазақтар бірлестігінің жетекшісі /Германия/: – Тúrkistan газетінің Аtajurt жобасына қа­тысты бірер сауалым бар еді. Мен 30 жыл­дан бері Германияда тұрамын. Көптеген са­лада орыс тілі қажет болғандықтан тілі­міз солай қарай ауып кетті. Сондықтан да біз Аtajurt айдарын қалай оқи аламыз? Қан­дай форматта, қай тілдерде шығады? Орыс­ша шыға ма? Қуат ӘУЕСБАЙ, Тúrkistan газетінің бас редакторы: – Газет аптасына бір мәрте шығады. Ал сай­тымызда ақпараттар күнделікті жаңа­рып отырады. Газет орыс тілінде шықпайды. Ке­ле­шекте ағылшын тілінде материалдарға орын беруіміз мүмкін.  width= Торғын ӘШЕНОВА, «Омбы қазақтары» газетінің қызметкері, /Ресей Федерациясы/: – Біз Омбыда тұрамыз. Біз де осында өз кү­шімізбен «Омбы қазақтары» газетін шы­ғарып келеміз. Газетіміздің шыққанына биыл 6 жыл толды. Газет айына бір рет шы­ғады. Пошта арқылы Омбы қаласының 22 ауданына таралады. Қазақша және орысша жа­замыз. Бір өкінштісі – қазақ тілінде жа­за­тын авторлар аз. Сондықтан да егер мүм­кін­дік болса, атажұрттағы қаламгерлер бізге де материалдар ұсынып, ақпараттық қолдау білдірсеңіздер жақсы болар еді. Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ, «Отандастар қоры» КеАҚ баспасөз хатшысы (модератор): – Шетелде жүріп, өз қаражатымен қазақ тілінде газет шығару ерлікке пара-пар жайт. Өз мүмкіндіктерімен мұндай газет шығарып отырған Нәзия Исакова, Қуаныш Елеутаев және Торғын Әшенова қандастарымызға зор алғыс білдіреміз!  width= Нұрлан УСМАНОВ, «Халық сөзі» газеті орыс бөлімінің жауапты хатшысы /Өзбекстан/: – Өзбекстандағы қазақ мектептері үшін қол­дан келгенше кітаптар шығарып жатыр­мыз. Соның ішінде бізде балаларға арналған әдеби оқулықтар тапшы. Осы мәселені ескерсеңіздер. Өзбекстан министрлер ка­бинетінің қолдауымен қазақ тілінде шы­ғатын республикалық «Нұрлы жол» деген газетіміз бар.  width= Зәуре СӘМИНОВА, Душанбе қаласындағы «Бәйтерек» қазақ қауымдастығының жетекшісі /Тәжікстан/:

2021 жылға Тúrkistan газетіне жазылсақ...

– Душанбеде біздің «Бәйтерек» орта­лы­ғында шағын кітапханамыз бар. Өзім қазақ ті­лінен сабақ беремін. Жыл сайын 30 шақты оқу­шыны қазақша оқытудамыз. Өздеріңіз білесіздер, осындағы қазақтардың тілі пар­сы тіліне ауып барады. Оларды 100 пайыз қа­зақша оқытпасақ та 70-80 пайызына қа­зақ тілін үйретудеміз. Одан ары қарай Қа­зақстанға барып, оқуға түсуі өздеріне бай­ланысты. Ал сіздерге айтар ұсынысымыз мынау, біз­де ауылды жерлерде де қазақтар тұрады. Онда интернет жоқ. Сондықтан бізге газеттің қағаз нұсқасы керек. Міне, 2021 жыл келе жатыр. Осыған орай, Тúrkistan га­зетіне жазылсақ. Пошта арқылы бізге жі­берсеңіздер, қазақтар тұратын ауылдарға та­ратсақ деген ниеттеміз.    width= Оспан НӘБИ, Баян-Өлгей аймағындағы қазақтілді бұқаралық телерадио орталығының директоры /Моңғолия/: – Моңғолия қазақтарының 90 пайызы ел­дің батысында орналасқан Баян-Өлгей аймағында өмір сүреді. Баян-Өлгей қазақ ра­диосы 1965 жылдан бері бір сағат көле­мінде қазақша хабар таратып келеді. Ата­мекен Қазақстанмен байланысымыз қашан да тығыз. Қазақстандық телеарналардың бар­лығын OTAU TV арқылы көріп отыра­мыз. Одан бөлек, газет-журнал және кітап­тар келіп тұрады. Оның оң әсері Баян-Өлгей қазақтарының ана тілін ұмытпауына зор үлесін қосты.    width= Жапарбай ШАДКАМ, Зейнеткер, тәуелсіз журналист /Иран/:

Ирандағы қазақтардың тыныс-тіршілігін газет тілшілері келіп, өз көзімен көрсе...

– Тúrkistan газетін бұрыннан білеміз. Газет­тің көптен бергі оқырмандарының бірі­мін. Сайттарыңызды оқып отырамыз. Иран қазақтары жайлы да жазып тұра­сыз­дар. Менің айтар ұсынысым: Иран қазақтары Қа­зақстандағы баспасөз беттеріне жақсы та­н­ыстырылмаған. Егер мүмкіндік болса, қа­зіргі пандемиядан құтылған кезде газет тіл­шілері келіп Ирандағы қазақтардың ты­ныс-тіршілігімен жақыннан танысып, то­лыққанды материалдар жазсаңыздар дей­міз. 80 млн халық өмір сүретін Иран елінде спорт және білім саласында үлкен нәти­же­лер­ге қол жеткізген қазақ жастары бар. Олар туралы жазып, рухын көтеріп қой­саңыз­дар қуанар едік.  width= Гауһар ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ, Иран телерадио бірлестігінің әлемдік қызмет торабына қарасты Қазақ радиосының директоры және Parstoday.com.kz сайтының аудармашысы, /Иран/: – Мен негізі Семейдің тумасымын. 10 жыл­дан бері Тегеранда тұрамын. Қазір қа­зақ тілінде күнделікті шығатын 30 ми­нут­тық хабарымыз бар. Негізінен Иранның жаңалығын береміз. Ал жаңадан ашылып жат­қан айдар арқылы ақпарат алмасып тұруға әзірмін. «Шетелге шыққан әрбір адам елші» деген сөз бар ғой. Сондықтан мен де елімді Иран еліне таныстыру мақсатында әртүрлі іс-шараларға атсалысып жүрмін. Атап айтсам, қазақ әдебиетін парсы тіліне аударып, насихаттаудамын. Бір ғана мысал айтқым келеді, Ирандағы қа­зақтарға «Абай жолы» романы әлі толық­қанды жетпегеніне көзім жетті. Мұндағы қан­д­астар оқи алатын әліпбиімен Абай шығар­малары жетуі қажет. Бұл мәселеге Қа­зақстан тарапы өзі атсалыспаса ол ше­шіл­мейді. Қуат ӘУЕСБАЙ, Тúrkistan газетінің бас редакторы: – Өте бір қуанышты көңіл күйде отыр­мыз. Елордада отырып, дүниенің төрт бұры­шындағы қандастармен салиқалы сұхбат өт­кіздік деп ойлаймын. Бұл сұхбатымыздың басы ғана. Өйткені әлі де мұндай мәдени-рухани байланыс одан ары нығая түсетініне сенімдімін. Жоғарыда біраз нақты ұсыныс-пікірлер ай­тылды. Оның бәрі ескерусіз қалмайды. Тиіс­ті жерлерге жеткізуге тырысамыз. Қазіргі жаһанға жайылған індет кезінде әлем қазақтарымен дидарласуға көпір бо­лып отырған Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы және «Отандастар қорына» ал­ғыс айтамыз.

Дайындаған Бақытбек ҚАДЫР