Қазақстандықтар – болашағы бір ұлт

Қазақстандықтар – болашағы бір ұлт

Қазақстандықтар – болашағы бір ұлт
ашық дереккөзі
2015 жылы «Nur Otan» партиясының XVI  съезінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттілікті нығайту мақсатында бес жаңа институционалдық реформа ұсынған болатын. Соның төртіншісі – болашағы біртұтас ұлт. Елбасы бұл туралы өз сөзінде: «Біз өзіміздің тұрақтылық және келі­сім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азамат­тың құқықтық теңдігіне кепілдік береді. Сонымен қатар, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет», - деді. Оған қоса 2016 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының 24-ші сессиясында бейбітшілік пен келісім, татулықтың болашағы – біртұтас ұлт идеясын қалыптастыратын «Мәңгілік ел» патриоттық актісі қабылданды. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, бұл тарихи құжат біздің тәуелсіздігіміздің жемісі, халқымыздың ерік-жігері және дана шешімінің көрінісі деп бағаланды. Негізінде елімізде бүгінде 130-дан астам ұлт тұратын болса, ынтымақ, ауызбіршілік, татулық мәселесі дәл осы екі құжат аясында ғана қозғалып, көтерілген жоқ. Қазақ халқы сонау қиын-қыстау заманда, басына қара бұлт үйіріліп, ең қиын кезеңдерді бастан кешкен кезеңдерде де басқа ұлт өкілдерін ұлтқа бөлмей, түрге, түске бөлмей жанашыр болған, қамқор болған, қолындағысын аямаған. Ұлт деп емес, адам деп адамгершілік танытқан. Бұл сөзімізге тарихымызға көз жүгірте отырып куә боламыз. Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинаған сәтте елімізде этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту мақсатында ассамблея құру мәселесі көтерілді. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. 2007 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді және ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. 2008 жылы Елбасы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Осы статус арқылы ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты. Ассамблея жұмысының арқасында этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі жүзеге асырылды. Қазақстан - этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделі жоғарылады.