748
«Абай жолы» 23 жыл бұрын парсы тіліне аударылып, кейін ескерусіз қалған
«Абай жолы» 23 жыл бұрын парсы тіліне аударылып, кейін ескерусіз қалған
«Абай жолы» роман-эпопеясы 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің қолдауымен аударылған, – деп хабарлайды Рarstoday.
Аталған БАҚ-тың ақпаратына сүйенсек, Иранда Сейіт Мұхаммед Хатами ел басқарған кезде (1997-2005жж) «Өркениеттер диалогы» (Dialogue Among Civilizations) атты саяси-дипломатиялық доктрина қабылданып, халықаралық қатынаста қолданыла бастады.
Иран мен Қазақстанның қарым-қатынасы барлық салаларда қарқынды даму үстінде еді. Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі осы доктринаны негізге ала отырып, Қазақстанмен әдебиет саласындағы әріптестігін дамыту мақсатында осы ведомство қызметкері Назлы Асқарзаде ханымға Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын орыс тілінен парсы тіліне аударуға тапсырма берген.
«Аудармашы Назлы Асқарзаде – Иранның Гилян облысындағы Астара қаласы әйелдері арасынан шыққан алғашқы жазушы әрі аудармашы. Ол 1942 жылы Астара қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Кеңес одағында өткен. Әзірбайжанда университетті «әдебиет және аударма ісі» мамандандығы бойынша бітірген. Ол елге қайтып оралғаннан кейін алдымен Исфаханның «Зубаһан» темір балқыту компаниясында орыс тілінен сабақ берген.
Кейін Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің Баспасөз және шетелдік ақпарат құралдары департаментіндегі орыс бөлімінің жауапты басшысы әрі аудармашы болып қызмет атқарып, сол жерден зейнетке шыққан.
Бүгінде аудармамен айналысып келе жатқанына 45 жыл болды. Саясат, қоғам, дін, әдебиет, өнер мен психология салаларында 40-тан аса кітап аударған. Соның ішінде көрнекті қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы, пәкістандық жазушысы Шоукат Седдиқидің «Разия бегім» атты романы, әзірбайжан жазушысы Қалам Мұхаммедовтың «Бардия» атты кітабы мен орыс жазушысы Федор Достоевскийдің «Ойыншы» атты романы, Варлам Шаламовтың «Колыма әңгімелері» атты 6 томдық кітабы, Ольга Петрочуктың «Ван Гог нақыштары» атты кітабы, Светлана Алексиевичтың «Чернобыль дауысы» атты кітабы және т.б. еңбектерді парсы тіліне аударып, басып шығарды», – деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.
Назлы ханымның айтуынша, тапсырмамен аударылған Әуезовтің «Абай жолы» романы өзіне қатты ұнаған. 1600 беттік кітапты аударуға бір жыл уақыты кеткен. Алайда, өкініштісі, 23 жылдан бері парыс тіліне аударылған «Абай жолы» қайта басылып шықпаған.
Назлы Асқарзаде ханым басқа бір баспа аталған романның атын «Қазақтар» деп өзгертіп, Ирандағы діни қағидаттарға сәйкес мәтінді аздап қысқартып, басып шыққанын айтады. Бірақ, аудармашы ханым бұл нұсқаны жақтырмай, «романның атауын өзгертпеу керек еді деген пікірде екенін жеткізді.
«Парсы тіліндегі «Абай жолы» романының нұсқасы өз кезінде бір рет басылғаннан кейін ескерілмей қалған. Оның бұлайша назардан тыс қалуына ғаламтордың аса дами қоймаған уақыты болғандығы да себеп болуы мүмкін. Биыл Абайдың 175 жылдығын тойлап жатқан Қазақстан Абайды әлемге, соның ішінде Иран халқына таныстыру мақсатында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының парсы тіліндегі нұсқасын қайта бастырып, таныстырылымын өткізсе, игі болар еді», – деп түйіндейді ирандық БАҚ.