Қырғыз Республикасы президент сайлауына дайындалуда

Қырғыз Республикасы президент сайлауына дайындалуда

Қырғыз Республикасы президент сайлауына дайындалуда
ашық дереккөзі
317

Биылғы 14 қазан қырғыз елінің жылнамасында мем­ле­кеттіліктің бар не жоқ болуын шешкен өтпелі күн ре­тінде тарихта қалды. 4 қазанда басталған көтеріліс сол сәрсенбі күні шырқау шегіне жетіп, әйтеуір, өлке үшін сәтті аяқталды.

 width=

Өлкенің Жоғарғы Кеңесі Са­дыр Жапаровты заңды түр­де премьер-министр етіп бекітті. Жо­ғар­ғы Кеңестің жаңа төрағасы болып Қанат Исаев сайланды. Садыр Жа­паров­ты үкімет басшылығына та­ғайындау жөнінде Президент Сооронбай Жээнбековтің жарлығы шық­са да, көтерілісшілердің дүмпуі басылған жоқ. Олар енді берген уәдесіне сәйкес Президенттің өз қызметінен бас тартуын талап етіп, Біш­кек қаласының шетіндегі, тау бау­райындағы Ала-Арша мемлекеттік резиденциясының жанына жиналды. Мұның алдындағы күндерде тәртіп­сіздікті басуға Ішкі істер министр­лі­гі­нің милиция қызметкерлері тар­тыл­са, енді сақадай сай қаруланған Қарулы Күштердің әскерлері рези­денцияға жеткізілді. Қан төгілуін бол­дырмау мақсатында С.Жээнбеков қызметінен кететінін мәлімдеді.

Мұндай жағдайда өлкенің Конституциясы бойынша мем­­лекеттік биліктің тізгінін уақыт­ша Жоғарғы Кеңестің төрағасы алуы тиіс. Бірақ, Қанат Исаевтың бұл жауап­кер­шіліктен бас тартқанына бай­ла­ныс­ты билік «тізгіні» бас заңға лайық, Садыр Жапаровқа өтті.

15 қазанда Жоғарғы Кеңестің жиы­ны өтіп, депутаттар жаңа Үкімет мү­шелері Сооронбай Жээнбековті сал­­танатты түрде отставкаға шыға­рып салды. С.Жээнбековке экс-пре­зи­дент статусы беріліп, барлық артық­шы­лық сақталатын болды. Еске сал­сақ, экс-президент атағы Роза Отын­баевада ғана бар. Мұндай құзырет Алмазбек Атамбаевқа да берілген еді. Тіпті, Сооронбай Жээнбековтің пре­зи­денттік қызметке кіріскендегі бірін­­ші жарлығы Алмазбек Атам­баев­ты «Қырғыз Республикасының ба­ты­ры» дәрежесімен марапаттау болған. Бұл сыйлыққа «Алтын шумкар» («Ал­тын сұңқар») медалі қоса тап­сыры­ла­ды. С.Жээнбеков сыйлық тапсыруды созып жүріп, ақырында қолданыста­ғы тиесілі заңдарға өзгертулерді ен­гізу арқылы А.Атамбаевты экс-пре­зи­дент лауазымынан да, марапат­тары­нан айырған. Салыстырмалы түрде айт­сақ, қазіргі билік Сооронбай Жээн­бековке қарата кеңшілік көр­сетіп отыр.

Екі тізгін, бір шылбыр қолына тиген соң, үкімет басшылығы­мен қоса Президенттің міндетін уа­қыт­ша атқарған Садыр Жапаров бі­рін­ші кезекте Ұлттық Қауіпсіздік мем­лекеттік комитеті төрағалығына Қам­шыбек Ташиевті тағайындады. Қ.Та­шиев Жоғарғы Кеңестің бұрынғы ша­қырылымдарының депутаты, 4 қа­зан­дағы парламенттік сайлауға ат­са­лысқан «Мекеншіл» партия­сы­ның лидері, Садыр Жапаровтың саясаттағы үзеңгілес досы. Ал енді, Қыр­ғыз Республикасының Бас про­куратурасына жетекшілікке пар­ламенттік сайлауға қатысқан «Шоң қа­зат» партиясының негізін қалау­шылардың бірі Сыймық Жапакеевтің тағайындалуын ел әртүрлі рәуіште қа­был алды. Көтеріліске белсенді қа­тысқан бұл жігіт өзінің оңды-солды сөздерімен, сабырсыздығымен де жұрт­қа мәлім болған. Ол «мен билік­ке келсем, өлкедегі он олигархты құс­тырып, Қырғыз Республикасының сыртқы қарызын төлеттірем» деп жар салған. Мүмкін, Садыр Жапаров оның күшін сынап көрейін деген болар. Қайткен күнде де, өлкеде қа­зіргі биліктің барлығы уақытша. 3 ай­дың ішінде президент пен пар­ламент сайлауы да өтуі тиіс. Со­лар­дың қорытындысы бойынша тұрақ­ты билік орнығады. 21 қазанда Ор­талық сайлау комиссиясы парламент сайлауын 20 желтоқсанда қайта өт­кізуге шешім қабылдады.

Сайлау бойынша – парламентке партиялардың өту межесі сай­лаушылардың дауысының бір немесе үш пайызы (қазіргісі 7 пайыз) бол­сын, сайлануға тіркелу кепілдігі бұ­рынғы 5 миллион сомнан 1 миллион сомға түсірілсін, нөмірі 2 деп аталған қосымша тізім (бұл бір жерде тұрғылықты тұрып, басқа жерден дауыс беруді қамтиды) жойылсын, – де­ген мәселелер талқылануда. Қазіргі Конституцияның «атасы» атанған Өмірбек Текебаев бас болған бас­та­ма­шылардың ұсынуында парламент­тегі 120 депутаттың санын қысқарту на­зардан тыс қалды. Пандемия ке­зінде әрқайсысы 160 мың сомнан пұл (айлықтарының екі есесі) алып, екі айлық жазғы демалысқа кетіп қалған депутаттарға ел қатты наразы бол­ған.

Садыр Жапаров «20 қазанда сайлауды блокчейн жүйесімен өткерсек жақсы болар еді» деген ұсы­ны­сын мәлімдеді. Бұл сайлаудың ашық-айқындылығын қамтамасыз етеді екен. Жүйені кіргізуге кем дегенде 3 айдай уақыт қажет болуы мүмкін. Бұл ұсыныс қабыл алына ма, белгісіз.

Өлкенің қазіргі Консти­туция­сы бойынша, Президенттің міндетін атқарушы президент сай­лауына бара алмайды. Садыр Жа­паров ресейлік ақпарат құралдарына берген сұхбатында, «егер Конститу­цияға тиесілі өзгерту енгізілетін бол­са, президенттік қызметке канди­датурамды ұсына аламын», – деп пікір білдірді.

20 қазанда Садыр Жапаров әлеу­мет­тік түйіндер мен желілер арқылы елге және жақтастарына аудиоүндеу жасады. Онда «телефоныма қарауға уа­қыт жоқ. 6 қазаннан бері 30 мың ха­бар, 2 мың қоңырау шалыныпты. Дос­тарымның, жақтастарымның ғана емес, 6,5 миллион қырғыз­стан­дықтардың тағдыры маған жүктелді. Сіздермен жұмысты жөнге салып, 5-6 ай­дан кейін хабарласатын бола­мын», – деп жазды.

Назарбкек БАЙЖІГІТОВ, Тúrkistan-ның Қырғыз Республикасындағы тілшісі (Бішкек)

Серіктес жаңалықтары