Жамбыл облысында алтын өндіретін зауыт құрылысы басталады

Жамбыл облысында алтын өндіретін зауыт құрылысы басталады

Жамбыл облысында алтын өндіретін зауыт құрылысы басталады
ашық дереккөзі
Жамбыл облысында 2021 жылы тау-кен металлургия комбинатының құрылысы басталады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Бердібек Сапарбаев «Monterra Qasaqstan» ЖШС басшыларымен кездесіп, тау-кен металлургия комбинатын салу және алтын кен орындарын игеру жөніндегі жобаның іске асырылу барысын саралады. «2015 жылы құрылған Monterra Qasaqstan» ЖШС Monterra Group AG неміс инвестициялық компаниясының еншілес мекемесі болып табылады. Компания мен Жамбыл облысы әкімдігі арасында 2016 жылы тау-кен металлургия комбинатын салу туралы меморандумға қол қойылған балатын. Сол жылы Қаратас-Майбұлақ алаңында алтын мен ілеспе компоненттерді барлауға келісімшарт жасалынған. Бүгінгі таңда Қордай ауданында комбинат құрылысына арнайы жер телімі бөлінді. Жоба Жамбыл облысының Индустрияландыру картасына енгізілген. Инвестицияның жалпы көлемі 600 миллион еуроны құрайды. Кездесу барысында «Monterra Qasaqstan» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Йоганн Штоль алтын өндірудің бірегей технологиясы қолданылатынын атап өтті. Өзі Қордай ауданының тумасы. Жерлестері үшін тұрақты және жалақысы жақсы жұмыс ұсынып, дамыған өндірісті жолға қойғысы келеді. Қазіргі уақытта компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде, объектілерді өнеркәсіптік игеруге дайындауда. «Monterra Qasaqstan"» ЖШС Бас директоры Меруерт Данбаеваның айтуынша, тау-кен металлургия комбинатының құрылысы 2021 жылы басталады. Ал, нысанды 2023 жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Содан кейін алтын өндіру жұмыстары жүзеге асатын болады. Компания 1900 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге ниетті. Жаңа комбинатта Доре қорытпасы (алтын-күміс қорытпа) өндіріледі. Өндіріс басталғаннан кейін «Monterra Qasaqstan"» ЖШС бес тоннаға дейін алтын өндіруді, содан кейін біртіндеп қуаттылықты арттыруды жоспарлап отыр. «Тау - кен металлургия комбинатында өндірістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін озық технологиялар қолданылатын болады» - деп сендірді М.Данбаева. Компания ауданның инфрақұрылымын дамытуға да инвестиция салады. «2019 жылы «Monterra Qasaqstan» ЖШС ардагерлерге, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетті. Сонымен қатар, көп балалы отбасылар үшін тұрғын үй сатып алды және елді мекендерді абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізді. Қордай ауданында қираған нысандарды қалпына келтіру үшін бюджеттен қаражат бөлінді. Аудандық аурухана үшін ӨЖЖ аппараты сатып алынды. Алдағы уақытта Кенен Әзірбаев атындағы мұражайды күрделі жөндеуден өткізіп, студенттерді оқыту жоспарлануда», - деді М.Данбаева. Бердібек Сапарбаев бұл бағытта одан әрі жұмыс істеуді, Қордай ауданы ауылдарының әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдесу қажеттігін атап өтті. «Мемлекет инвесторларды қолдауға әрдайым дайын, бірақ нақты нәтижелер қажет. Компания өзінің келісімшарттық міндеттемелерін сақтауы тиіс», - деді облыс әкімі. Ол экология, кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударды. «Біз инвесторлардан жергілікті тұрғындарды жұмысқа алуды сұраймыз. Ауыл тұрғындары қазірдің өзінде арнайы оқудан өтіп, құрылыс аяқталғаннан кейін бірден жұмысқа кірісуі тиіс», - деп толықтырды өңір басшысы. Облыс әкімі өзінің орынбасары Алмас Мәдиевке инвестициялық жобаны іске асыру бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырды.