280
Карантин: СҚО-да жаңа шектеулер енгізіледі
Карантин: СҚО-да жаңа шектеулер енгізіледі
Ертеңнен бастап Солтүстік Қазақстан облысында карантиндік шектеулер күшейтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Құжатқа сәйкес: Біріншіден, сауда, ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, азық-түлік және азық-түлік емес дүкендердің, моншалар мен сауналардың жұмысы сағат 22.00-ге дейін қысқарады. Екіншіден, қоғамдық тамақтану орындарында келушілер саны 50-ден 30-ға дейін қысқарып, сағат 22.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ал мереке және демалыс күндері қоғамдық тамақтану нысандарынан тамақты тек сатып алуға немесе тапсырыспен алғызуға болады. Үшіншіден, демалыс және мереке күндері уақытша жабылады: жабық киім-кешек базарлары, азық-түлік емес тауарлар сататын жабық базарлар, спорт нысандары, фитнес және тренажерлік залдар, бассейндер, білім беру орталықтары, үйірмелер, туризм нысандары мен сауда, ойын-сауық орталықтары, аумағы 500 шаршы метрден асатын азық-түлік емес тауарлар дүкендері (оларда орналасқан азық-түлік нысандары мен дәріханаларды қоспағанда). Төртіншіден, штатта 30-дан артық адам болған жағдайда, 50% кем емес қызметкерлер қашықтан жұмыс істеулері тиіс. Сондай-ақ Петропавлда демалыс күндері қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтап, саябақтарға, бақтарға, өзен-көлдердің жағасына барып демалуға тыйым салынды. СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде наурыз айынан бері КВИ жұқтырудың 4257 жағдайы тіркелді. 24 адам қайтыс болды. Қазір өңір қауіпті инфекцияны жұқтырудан бірінші орында тұр. Өткен тәулікте СҚО-да жаңадан 14 науқас тіркелді.