Кембриджде дәріс беретін қазақ қызы: Қазақстанды әлемдік ғылыми ортада танытқым келеді

Кембриджде дәріс беретін қазақ қызы: Қазақстанды әлемдік ғылыми ортада танытқым келеді

Кембриджде дәріс беретін қазақ қызы: Қазақстанды әлемдік ғылыми ортада танытқым келеді
ашық дереккөзі
50975
Еуропадағы ең ірі ғылыми орталық, ал әлемдегі ең көне әрі ең үздік оқу орда­сының бірі саналатын Кембридж университетінде отандасымыз Диана Құдай­бергенова бүгінде зерттеуші қызметін атқарады. Онда магистратура әрі док­торантура бөлімінде білім алған Диана зерттеушілікпен қатар, студенттерге әлеу­меттану саласы бойынша сабақ береді. Зерттеу нәтижелеріне негізделе отыра, шет­елде жүріп, Қазақстанның бірегейлігі және қазақ ұлтының қалыптасуына қатысты қос кітап шығарған қандасымызбен арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік. – Диана, бастапқыда сізді антрополог ға­лым деп естіген едік, алайда Кемб­ридж университетінің ресми сайтын­дағы оқытушылар туралы деректерге сүйенсек, сіз біз ойлағандай антрополог емес, әлеуметтанушы екенсіз. Неліктен әлеу­меттану саласына бет бұруды құп көр­діңіз? – Иә, әлеуметтанушымын. Қазір қарап отыр­сам, бұл салаға қызығушылығым оқушы ке­зімнен басталған секілді, өйткені түрлі мә­дениет пен әлеуметке бұрыннан қызы­ға­тынмын. Десек те, КИМЭП университетіне журналистика мамандығы бойынша оқуға түстім, онда 3 жылдай оқып, экстернмен үз­дік бітіріп шықтым. Сосын магистратурада білімімді жалғастыру үшін Испанияның Бильбао қаласында Deusto университетінде оқуды көздедім. Мұнда Erasmus Mundus бағ­дарламасы бойынша грантқа түсіп, ха­лық­аралық қатынас және мәдениаралық қатынас бағыты бойынша 1,5 жылдай білім ал­дым. Бұдан кейін Алматыға оралып, өзім оқы­ған КИМЭП университетінде зерттеумен ай­налыстым. Сосын тек зерттеумен тоқтап қал­майын деп, білетінім аз, білмейтініп көп еке­нін түсініп, әрі қарай оқуға бел будым. Сөй­тіп, шетелдің жетекші университеттеріне докторантураға тапсыруды көздедім. Негізі, оқушы кезімде ғылым туралы кітаптарды оқығанда әлемді таңғалдырған жаңалықтар­ды ашқан ғалымдардың көпшілігі Кембридж университетінің түлектері екенін білетінмін. Негізінде, бастапқыда журналистика және коммуникация бағыты бойынша оқығым келген. Алайда аталған оқу ордасы көне университет болғандықтан, мұнда жаңашыл сипатқа ие факультеттер жоқ. Сөйтіп, ондағы факультеттердің арасынан мен қызыққан салаға келеді-ау деген бағдарламаларды ізде­дім. Ақырында әлеуметтік ғылымдарға қы­зығушылығым ауып, осы ғылым түрін зерт­тей бастадым. Оның үстіне, Испанияда оқуда жүргенде әлеуметтану, соның ішінде бұл саладағы негізгі ойшылдың бірі Фуконың еңбектерін оқығанмын. Содан әлеуметтану саласына бет бұрдым. Бұған қоса, әлеумет­тануда тарихын беске білетін Қазақстан туралы зерттеу жасау тиімді, сол себепті оқуға тапсырарда ынталандыру хатында Қа­зақстан туралы зерттеу жасағым келетінін, мұндағы бағыт-бағдарымды, мақсатымды айқындап жаздым, нәтижесінде 2009 жылы Кембридж университетіне оқуға түсіп, алдымен магистратурада 1 жыл, кейін док­торантура бөлімінде 3 жыл оқыдым. – Сонда Кембридж университетіне оқуға түскенде қайтадан магистратура оқы­дыңыз ба? – Иә, қайтадан магистратурада оқыдым. Құжат тапсырарда университет әкімшілігі осындай 2 бөлімнен тұратын арнайы бағ­дарлама бойынша оқу түрін ұсынды. Бұған ке­ректі құжаттарды тапсырып, бүкіл про­цестен мүдірмей өттім. Сөйтіп, «Құттық­тай­мыз, университетке қабылдандыңыз!» де­ген хабарлама келгенде қуанышымда шек болмады. Десек те, ең көне әрі әлем бойынша жоғары рейтингте тұрған білім ордасы болған соң, мұндағы оқытушылардың талап-тілектерін ойлап, үрейленгенім рас. Оның үстіне, әлеуметтану бойынша дүниежүзінде жоғары сапалы білім беретін ең мықты факультетке оқуға түстім. Сосын бұған дейін Ұлыбританияға келіп көрмегенмін. Бұл ел туралы тек әдебиет және тарих пәндерінен ғана білетінмін. Бірінші келгенде мысың басылып қалады екен. Дегенмен біраз уақыттан кейін бойым үйреніп, айналамның әсерінен оқуға деген құлшынысым арта түсті. Сізге бір қызық айта отырайын, жоғарыда айтып өткенімдей, оқушы кезімде ғылыми жаңалықтар туралы кітаптарды көп оқитын­мын. Сондай кітаптардың бірі «Ғылым энциклопедиясын» парақтап отырғанымда, Кембридж университетіндегі әлеуметтану факультетінің орналасқан ғимаратын көріп, мұның көрінісіне ерекше қызыққаным есімде. Қазіргі күні біздің факультет басқа ғимаратқа көшірілді, десек те соны есіме сақтап, осында алғаш рет келіп, тура сол ғимараттың ішін аралап, дәл сол балалық шағымда елестеткендей көріністі өз көзім­мен көргенде, ерекше күй кештім. Осылайша, армандардың орындалатынына тағы бір мәрте көзім жетті. Оның үстіне, бірінші диссертациям Қазақстанның бірегейлігіне қатысты болған соң, әлемнің кілең мық­тылары жиналған қалашықта өз халқым туралы зерттеу жүргізіп жүргеніме ерекше қуанып жүрдім. – Кембридж университетіне док­торан­тураны бітірген соң бірден жұмыс­қа тұрдыңыз ба, әлде? – Жоқ, докторантураны бітірген соң, Париждегі Science Po университетінде тағы­лымдамадан өттім. Онда магистратура­дағы тақырыбым ұлттық бірегейлік туралы зерт­теу жүргіздім. Сосын Швецияның Lund уни­верситетінде 2 жылдай саяси ғылымдарды зерттеумен айналыстым. Бертін келе, Түрік­менстанда жаңадан ашылған университетте әлеуметтану бойынша сабақ бердім. Кейіннен Кембридж университетіне зерттеуші қыз­метіне жұмысқа қабылдау жүріп жатқанын естіп, құжатымды тапсырдым. Арнайы сұх­баттасу процесінен өткен соң, мұндағылар осында келіп жұмыс істеу туралы ұсыныс біл­дірді. Сөйтіп, 2016 жылдан бері осында зерт­теушілікпен айналысып келемін. – Осы орайда, Кембридж универ­сите­тінің зерттеу тәжірибесін сөз етсек. Аталған оқу ордасындағы ғалымдардың әлем бойынша теңдесі жоқ зерттеу үлгісі бойынша жұмыс істейтіні белгілі. Әлбетте, мұны біздің елдегі ғалымдар­дың жұмыс істеу жағдайымен салыс­тыру­ға келмейді. Дей тұрғанмен КИМЭП-те бір жыл жұмыс істегеніңіз бар, біздегі зерттеу жүргізудің қыр-сы­ры­мен таныссыз. Сіздіңше, әлемдік дең­геймен теңесу үшін алдағы уақытта ел­дегі зерттеу жүйесінде нені жетілдіру ке­рек? – Қазіргі таңда бізге ең алдымен білімге инвестиция құю, сосын үлкен кітапханалар салу қажет. Білімнің дереккөзі сол кітапха­на­ларда. Тағы бір айтарым, Кембридж санға емес, сапаға мән береді, көрсеткішті көбейтуді, белгілі бір нәтижеге тез қол жеткізуге тырыспайды. Қарапайым тілмен айтқанда, онда тезірек әрі көбірек нәтижені көздемейді. Мұндағы зерттеудің басты талабы – ешкімде жоқ жаңалық әкелу. Аталған университет күллі әлем бойынша жоғары сапалы білім беруден бөлек, зерттеу мәдениетін қалыптастыру жағынан нөмірі бірінші университет саналады. Өзіңіз білетіндей, Нобель сыйлығының иегерлерінің басым бөлігі осы – Кембридж универси­тетінің түлектері. Олар біреудің қайталап кеткенін емес, ешкімнің қолы тимеген, көзі жетпеген ерекше жаңалықтар ашқаны үшін бұл жүлдені ұтып алған. Ал олардың жетіс­тіктерінің сыры неде деп ойлайсыз? Себебі олар университетте қалыптасқан зерттеу мәдениетін ұстанып, тың жаңалық ашуға бейім келеді. Қарабайыр емес, елең ететін ерек­ше идеяларды қолға алып, мұны асық­пай, аптықпай, егжей-тегжей зерттеуге баса көңіл бөледі. Мұны біздің ортада тәуел­сіз зерттеушілер деп атайды. Ал посткеңестік елдердегі зерттеушілердің бір кемшілігі – олар­дың жұмыс процесінде еркіндік жоқ, белгілі бір шаблон бойынша жұмыс істейді. Мұнда біздің тілмен айтқанда, импакт фак­торға баса назар аударады. Әлбетте, зерт­теуіңнің қоғамға тигізер ықпалы туралы жан-жаққа, соның ішінде ғылыми журнал­дарға басып шығарған дұрыс. Қазақстандық ға­лымдар бәрінен бұрын өз зерттеу тақыры­бының әлемге қандай жаңалық ұсына ала­тынын және өзгелер бұған сүйене отыра қандай тың жаңалық аша алатынына баса мән беруі керек. Cебебі олардан жылына бес мақала жазуды талап етеді. Еңбектеніп жазғаныңды көпшіліктің назарына ұсыну маңызды-ақ, десек те мұның мазмұнына мән беру керек. Өз салаң бойынша ғылыми жаңалық әкелу үшін өзгелермен байланыста болуың керек, ғылым жолында өз бетіңмен жұмыс істеймін десең, ісің болады. Сосын тек бір өзінің пікіріне сүйеніп, өзге тараптың ойларын тыңдап көрмеген зерттеуші жұмы­сының нәтижесіне уайымдайды. Ал егер еркіндікте жұмыс істеп, идеясын жан-жағымен талқыға салып, зерттеу жасаса, оның керемет нәтижеге қол жеткізетініне еш күмән жоқ. Кембридж университетінде бай­ланыс орнатуға мүмкіндік зор, өзге саланың зерттеушілерімен үнемі араласамыз. Мұнда апта сайын небір конференция мен семинар өтіп тұрады. Мұндайда өз зерттеу тақыры­бың­ды, ойыңда туындаған идеяңды өзге­лермен бөлісіп, пісіріп, жетілдіріп аласың. Осылайша, кері байланыс орнап, өз жұмы­сыңның мықты және кемшін тұсын біліп, керек жерін түзеп, қажет емес жерін алып тастайсың. Нәтижесінде, зерттеуің жария­ланған соң, нәтижесі де, ықпалы да сен ойла­ғаннан да асып кетеді. Байқауымша, елдегі ғалымдарға осындай байланыс орнату жетіс­пейтін секілді, себебі әркім өз бетімен жұмыс істейді. Сосын бір мұнда қысым болмаса шектеу бар секіл­ді. Ал Кембриджде не істесең соны істе, жаса, керек нәрсенің түгелін береміз, тек жаңалық аш деп ынталандырады. Ал елде жағдай басқаша. Мысалы, кітапты тек кітап жазды деген атақ үшін жазбайсыз ғой. Мұны оқырманға тың жаңалық, ерекше ықпал сыйлау үшін жазасыз. Кейбіреулер кітапты бір жылдың ішінде жазу қажет дейді, бұл – мүмкін емес нәрсе. Себебі кітап жазу – үлкен әрі күрделі процесс, бұған еркіндік керек. Сол секілді қазақстандық жас ғалымдарға қойылатын «Жылына бес мақала жазуың керек, қалай жазасың, қайда жариялайсың, шаруамыз жоқ, тек норманы орында» деген секілді ережелер ғалымның еркін жұмыс істеуіне кедергі келтіретіні анық. Ғылымға бет бұрған адамның жұмыс процесін мәжбүрлі түрде жылдамдату оң нәтиже бермейді, ал егер зерттеушіге еркіндік беріп, ел­дегідей қағазбастылықты азайтса, зерт­теуге ерекше қызыққан ол жылына бес емес, он мақала жазатындай деңгейге жетеді. – Ал өзіңіз қазіргі таңда қандай зерт­теу­мен айналысып жатырсыз? – Мұнда мен қызмет ететін зерттеу ор­талығы саяси және ұлттық ғылымдар, соның ішінде әлеуметтану, экономика, саясаттану ғылымдарымен тығыз байланысты. Қазіргі таңда зерттеуші ретінде Орта Азиядағы қауымдастықтардың даму стратегиясына, әсіресе осы аймақтағы әйелдердің өз өмірін жақсарту үшін қолданатын стратегияларына зерттеу жүргізудемін.  width= – 2017 жылы «Заманауи қазақ әдебие­тіндегі ұлт тақырыбы. Элиталар және баяндаулар» атты кітап шығарыпсыз. Бұл кітапта жазу идеясы диссерта­цияңыз­ды жазу барысында туындады ма? – Негізі, бұл кітапты жазу идеясы Кем­б­ридж­ге алғаш рет келгенде пайда болған. Сөйтіп, мұны магистратурадағы диссер­тациям­ның тақырыбы ретінде бекітіп, кітап­ты жазу ісін бастап кеткен болатынмын. Алайда докторантураға оқуға түскен соң, әрі мұндағы зерттеу тақырыбым сәл басқа бағытта болғандықтан, мұны әрі қарай жалғастыруға қол тимей кетті. Сосын Па­риж­ге тағылымдамаға барған кезде, кітапты аяқтауға уақыт тауып, ақырында барлығын реттеп, жүйелеп, жарыққа шығардым. – Ал жуырда жарық көрген екінші кітабыңыз докторлық диссертацияңыз­дың негізінде жазылған ба? – Иә, екінші кітабым докторлық дис­сер­тациямның тақырыбы, яғни ұлттың қа­лыптасуы және әлеуеті туралы жазылған, со­ның ішінде ұлттың ұлт ретінде қалып­тасуында маңызды рөл атқарған тұлғаларға баса мән беремін. Әлбетте, мұнда Қазақстанға баса назар аудардым. Қазақстанның 1991 жылға дейінгі тарихын әркім білгенімен, одан кейін не болғанын көпшілік біле бер­мейді. Бұл кітапты шығарудағы басты мақ­сатым –тәуелсіздік алғаннан кейінгі жыл­дары нақты не болғанын сипаттау. Ұлттың қалыптасуын зерттеуде кезең-кезеңге бөле қалыптастырып, кейбір жайттар оқырманға түсініксіз болып қалады, ал мен тұтас кар­тина қалыптастырғым келді. Сосын біздің кітаптарда мемлекет өз-өзінен шешім қабыл­дап, өздігінен құрыла салғандай көрінеді ғой, ал мен ұлттың қалыптасуына ықпалы тиген, бұған қатысты шешімдер шығарған кімдер екеніне баса мән беріп, ұлт қалыптасуы секілді күрделі тақырыпты зерттеудің жаңа­шыл сипаттағы үлгісін көрсетуді көздедім. – Ел арасында әйелдерден ғалым шық­пайды деген стереотип қалыптас­қа­ны белгілі. Бұған сіздің реакцияңыз қан­дай? – Қазіргі жұмысым өзіме қатты ұнайды, өзімді зерттеушіліктен басқа жұмыс атқарып жүргенімді елестете алмаймын. Сосын сту­дент­терге сабақ бергенді, олармен бар біл­генімді бөліскенді ұнатамын, олардың менің осы күнге дейін жинақтаған білім қорымнан қажеттісін алып, өз керегіне жаратқанын қалаймын. Сабақ соңында студенттер қасыма жақындап: «Бүгінгі сабақта жаңа нәрсе үйрет­кеніңізге, тың ақпаратпен бөліскеніңізге мың алғыс!» дегенде ерекше күй кешемін. Сондықтан тынбай еңбектенсең, өзіңді ешкімнен кем түспейтініңді дәлелдей білсең, мұндай стереотип саған еш әсер етпейді. Ға­лым мейлі ер немесе әйел болсын, әлемнің қай бұрышында болсын, ғылыммен айналысамын деген зерттеушіге әркез жол ашық. Бұған өзімді жақсы мысал ретінде кел­тіре аламын. Қазақстаннан, алдағы уа­қытта әлемнің жетекші университетінде бо­лашақ ғалымдарға, генийлерге сабақ бере аласың. Мақтанғаным емес, мен ата-анама салмақ түсірмеуге тырыстым, орта мектепте тегін оқыдым, КИМЭП, сондай-ақ Бильбао мен Кембриджде де тегін білім алдым. Бұдан түсінгенімдей, аянбай еңбектенсең, алын­байтын қамал жоқ, бағынбайтын белес жоқ, оқушы кезіңнен өзіңді жан-жақты көрсете білсең, адамдар саған инвестиция құюға дайын, сенен үлкен нәтиже күтеді. Бар бол­ғаны – өз-өзіңе деген сенімділігің жоғары бол­сын. – Әлеуметтік желідегі парақшаңызда ғылымға ден қоюдан бөлек, сән үлгісіне де қызығатыныңызды байқап қалдым. Ұлттық нақыштағы киімдер, соның ішінде шапандарды коллекциялау әрі тіктіруге қызығуға не түрткі болды? – Біріншіден, тарихты көп оқығаннан қа­зақтың ұлттық нақыштағы киімдеріне қызығушылығым пайда болды. Шіркін, біздің мәдениетіміз бай ғой! Мұны түсінген сайын, көпшілікке киім арқылы болса да сол бай мәдениетті көрсетіп жүргің келеді. Екін­шіден, әжем текемет басу, ою-өрнектер тоқу­ға көп уақытын арнайтын, мұндайды көріп өскен мен де есейген кезде желетке, орамал секілді бұйымдарға қызығып, коллекция ретінде жинауды әдет қылып алдым. Мысалы, шапанды көрген жұрт біздің қайдан тарай­тыны­мызды, салт-дәстүріміз бен тарихы­мыздан хабар алады. Шетелдіктер шапан тура­лы біле бермейді, сол себепті мұны жар­намалауға, киіп жүруге тырысамын. Жалпы, мен танитын шетелдіктердің көпшілігі біздің мәдениетке қатты қызығады, әсіресе «Қа­зақ­станға барғалы жатырмыз, қандай музейге барсақ болады?» деп сұрап жатады.  width= – Жоғарыда зерттеушілер өзара бай­ланыс орнатуы қажет деп атап өтке­ніңіздей, елдегі жоғары оқу орындары­мен немесе зерттеушілермен жиі байла­ныс орнатып тұрасыз ба? – Әрине! Мені Назарбаев, КИМЭП, Л.Гу­милев атындағы ЕҰУ-ға жиі шақырып тұра­ды, мұнда әртүрлі конференцияларға қаты­сып, зерттеу мәдениетіне қатысты түрлі дәріс өткіземін. Жалпы, қазақ зерттеушілерінің қа­зіргі көздегені – еліміздің тарихы мен мә­дениеті туралы зерттеулер санын арттыру. Осы орайда, кездескен сайын өзара пікір ал­масып, көптеген идеяларды талқыға сала­мыз. Алдағы уақытта Қазақстанды түрлі кі­тап­тар, басылымдар арқылы әлемдік ғы­лыми ортада танытқым келеді. Сол себепті ғылым көкжиегінде ағылшын тілінде Қазақстан ту­ралы нақты дереккөздер мен көптеген тың материалдарды қалдыруға орасан үлес қо­суды мақсат тұтамын. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары