199
Елімізге шетелден келген 6 жолаушыдан коронавирус анықталды
Елімізге шетелден келген 6 жолаушыдан коронавирус анықталды
Қазақстанға шетелден ұшып келген 6 жолаушыдан коронавирус анықталды. Бұл туралы еліміздің көліктегі бас санитар дәрігері Садуақас Байғабылов мәлімдеді.
С.Байғабыловтың айтуынша, 6-12 қазан аралығында халықаралық рейстер арқылы елге 14 578 жолаушы келген. Оның 11 966-да ПЦР анықтама болса, тағы 2596 адамның коронавирус жұқтырмағанын растайтын құжаты жоқ. ПЦР сынама жасату үшін 2596 қазақстандық екі апталық карантинге жатқызылған. Олардың барлығы да тест тапсырған.
Алты адамның сынамасынан коронавирус анықталды. Олардың үшеуі Алматы қаласына, біреуі Нұр-Сұлтанға және екеуі Шымкентке келген.
Айта кетейік, өткен тәулікте елімізде 74 адамнан коронавирус анықталып, республика бойынша індет жұқтырғандардың жалпы саны 108 831-ге жетті. 104 мыңнан астам адам емделіп шықты. 1746 науқас індеттен көз жұмды.
Вирус жұқтыру деректерінің көбеюіне байланысты еліміздің кейбір өңірлерінде карантин шаралары күшейтілуде. Ертеңнен бастап Маңғыстау облысында шектеу шаралары қатаңдатылады. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, өңірдегі спорт нысандары, фитнес орталықтар мен жаттығу залдарының жұмысы тоқтатылады. Азық-түліктен басқа барлық базардың жұмыс уақыты 16.00-ге дейін қысқарады. Той мен ұжымдық шараларға рейд күшейтіледі.