250
Елордада 900-ден астам отбасы баспаналы болды
Елордада 900-ден астам отбасы баспаналы болды
Нұр-Сұлтанда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде кезекте тұрған 900-ден астам салымшы бүгін көптен күткен пәтерін алды. Биыл жеңілдетілген тұрғын үй құрылысының көлемі үш есеге артып отыр, – деп жазды Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында.
«Бүгін пәтер кезегінде тұрған бірқатар азамат пәтер кілттерін алды. Кезекте тұрған 900-дан астам адам (халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататындар) мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары пәтер иелері атанды. Олардың кейбіреулері қазір құжаттарды рәсімдеу сатысында. Біз үшін қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй салу өте маңызды. Жыл сайын мыңдаған отбасы Елбасы бекіткен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтер алады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл жеңілдетілген тұрғын үй құрылысының көлемі үш есеге артты», – деп жазды әкім парақшасында.
Қала басшысының хабарлауынша, бүгін қолданысқа берілген үй Есіл ауданында орналасқан. Бұл шағын ауданның жаңа үйлерінің бірінші қабатында әлеуметтік нысандар (оңалту орталықтары, балабақшалар, медициналық көмек көрсету пункттері, полиция пункті және т.б) ашылады. Тек осы тұрғын үй кешенінде ғана осы үшін 4 мың шаршы метр бөлінген.
«Пәтерлерді тапсыру барысында бірқатар орталықтар ашылды. Мысалы, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орталығы. Мұнда мамандар есту, қарым-қатынас және мінез-құлық бұзылыстары бар балаларға тексеру және көмек көрсетумен айналысады. Мұндай орталық сондай-ақ белгілі бір бұзушылықтарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қажетті медициналық көмекті уақтылы көрсетуге жол ашады. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерін дамыту орталығы – шахмат ойнауға арналған кабинеттер, тоғызқұмалақ, асық ойыны залы, арқа alan, қазақ күресін жаттықтыруға арналған зал ашылды», – дейді қала әкімі.
Түлектерді жұмысқа орналастыру да маңызды. Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің студенттері үшін осы ауданның жаңа үйінде құзыреттілік орталығы ашылған. Мұнда студенттер теориялық дағдыларды тікелей практикада қолдана алады. Орталық еңбек нарығы үшін мамандарды төрт құзыреттілік бойынша даярлайды: аспаздық/кондитерлік іс, наубайханалық шеберлік, мейрамханалық сервис.
«Елордада құрылыс саласы көш бастап тұр. Жыл сайын қалада әлеуметтік нысандар, тұрғын үй кешендері, қоғамдық кеңістіктер пайда болады. Инженерлік коммуникацияларды жүргіземіз, жолдар саламыз. Бұл жұмыстарға күн сайын мыңдаған құрылысшы жұмылдырылып, жұмыс орындары құрылды. Қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартып, қаламызды өзгерткеніңіз үшін алғыс айтамын!» – деп түйді Алтай Көлгінов.