Алимент төлемеген әке 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Алимент төлемеген әке 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Солтүстік Қазақстан облысында үш жыл бойы алимент төлеуден жалтарып, қарызы 1,6 млн теңгеге жеткен ер адам арнайы рейд барысында табылды, – деп жазды ҚазАқпарат.
Петропавлдың 43 жастағы тұрғыны екі баласына 1,6 млн теңге қарыз. Қомақты сома үш жылдың ішінде жиналған. Сот борышкердің банк есепшоттарына тыйым салып, елден шығуына шектеу қойғанымен, ер адам қарызынан құтылуға асықпаған.
Сот орындаушыларына оған іздеу жариялауға тура келіпті. Борышкер әке рейдтік іс-шара барысында қала көшелерінің бірінде тоқтатылды.
«Менің тұрақты табысым жоқ. Жұмысқа енді ғана орналасып жатырмын. Мені іздегендеріңізді бүгін ғана біліп жатырмын. Қайда тұратынымды бәрі біледі, ешкімнен жасырынған жоқпын. Ал қарызымды балаларыма қайтарамын», – дейді борышкер әке.
Сот орындаушыларының айтуынша, қазір ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді.
«Оған айыппұл төлетіп, ескерту жасаймыз. Бұдан нәтиже шықпаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни біз құқық қорғау органдарына хат жолдаймыз. Әрі қарай қылмыстық жаза қарастырылуы мүмкін. Бас бостандығынан 3 жылға дейін айыру немесе қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қолданылады», – дейді СҚО бойынша жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасының жетекшісі Асан Мәткәрімов.
Мамандардың айтуынша, СҚО-да алиментке қатысты өндірісте 6 мыңға жуық іс болса, соның 270-і проблемалық. 147 адам бір рет те тиісті алиментті төлемеген.