50892
ЮНЕСКО-да жұмыс істеген тұңғыш қазақ қызы: Қазақ тарихына қатысты кино түсіргім келеді
ЮНЕСКО-да жұмыс істеген тұңғыш қазақ қызы: Қазақ тарихына қатысты кино түсіргім келеді
Дана Зияшева – ЮНЕСКО ұйымына жұмысқа қабылданған тұңғыш қазақ қызы. Білім, ғылым және мәдениет салалары бойынша күллі әлемге гуманитарлық көмек жеткізетін аталған ұйымда 20 жылдай қызмет еткен ол Ирак, Оңтүстік-Шығыс Азия және Орталық Америка елдерінде азшылық топтардың жоғын түгендеп, кемтігін толтырған білікті қызметкер болған, тіпті ақпарат және коммуникация жөніндегі кеңесші лауазымына дейін көтерілген. Қандасымыз бұл жұмыстан өз еркімен кетіп, 6 жылдан бері режиссерлік қызметпен айналысып келеді. Қазіргі таңда Лос-Анджелесте тұрып жатқан Данамен арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Дана, ЮНЕСКО ұйымында 20 жыл жұмыс істеп, кейін режиссерлікке бет бұрып, Лос-Анджелеске қалай көшкеніңізді сөз етпес бұрын, алдымен Қазақстандағы журналистік қызметіңіз туралы сұрағым келіп отыр. ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған соң, қандай отандық БАҚ-та жұмыс істедіңіз?
– Негізі, мен жұмысқа 2 курстан бастап араластым. Десек те, бірінші курстың соңында өндірістік тәжірибе бойынша Өскеменге барып, онда аймақтық радиостанцияда жұмыс істегенімді еш ұмытпаймын. Сол уақытта Зайсанда сегіз баллдық жер сілкінісі болған, алғаш рет сол оқиға туралы жазғаным әлі есімде. Студент кезімде «Икс Б» студиясында режиссердің көмекшісі болдым. Мұнда жүріп, 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Один час с Президентом» атты фильм түсірдік. Аталған фильмді әзірлеу барысында Елбасының өзімен бірнеше рет кездестім, сонымен қатар Асқар Ақаев, Олжас Сүлейменов секілді қайраткерлермен сұхбаттастым. Жалпы, бұл уақытты кәсіби мансабымдағы ең маңызды кезеңдердің бірі дер едім. Отандық БАҚ-ты сұрасаңыз, КТК телеарнасының таңғы жаңалықтар бөлімінде, кейін қылмыстық хроника туралы мәлімет тарататын бағдарламада жұмыс істедім, сондай-ақ қазақ басылымдарына шолу жасадым. Кейін Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне ауыстым, себебі ЮНЕСКО-ға жұмысқа тұруыма байланысты, ол жердегілер жақыннан тану мақсатында менің сонда жұмыс істеуімді талап етті. Оның үстіне, сол жылдары аталған ұйымға қызмет етуге бара жатқан Орта Азияның алғашқы өкілі болдым, сол себепті мені онда жай жібере салмай, алдымен жіті назарда ұстап, біліктілігімді тексерді.
– Ел экономикасы шатқаяқтап тұрған 90-жылдардың басында ЮНЕСКО-ның Париждегі кеңсесіне жұмысқа орналастыңыз. Сол кездері елде қазіргідей емес, ағылшын тілін білетіндер кемде-кем екенін ескерсек, мұндай мүмкіндікке қалайша қол жеткіздіңіз?
– Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң, елге келетін шетелдіктердің қарасы көбейді. Көбі ағылшын тілін білмейді, ал мен жетік білмесем де, аз-маз түсінетін санаулы адамның бірі болдым. Сондықтан шетелдіктердің қатысуымен өтетін шараларға бірдеңе шимайлап келу үшін мені арнайы жіберетін. Мектепте оқи жүріп, ағылшын тілін өз бетіммен үйреніп жүрдім. Сөйтіп, 1992 жылы Алматыда ЮНЕСКО шеңберінде тәуелсіз плюралистік БАҚ бойынша аймақтық азиялық семинар өтті. Оған қайтсем де қатысуым керек деп онда барудың жолдарын қарастырдым. Ақырында, сессия қатысушыларына көмектесетін клерк, яғни микрофон тасушы қызметіне орналасып алдым. Содан бір па-нельдік сессияда жас журналистерді әзірлеу мәселесі сөз етілді. Маған да қатысы болған соң, өз ойымды білдіру үшін микрофонды ұстап тұрған күйі қолымды көтердім. Сол кезде сессияны жүргізіп отырған ЮНЕСКО өкілдері мен профессорлардың аң-таң болғанын көрсеңіз ғой (күліп). Жұмыс барысында жаңалықты әзірлеуде ескі құрылғыларды қолданып, әбден әлекке түсетінбіз. Сол сессияда мұны тілге тиек етіп, жас журналистердің жұмысына кедергі келтіретін біраз нәрселер мен өз ұсыныстарымды ортаға жайып салдым. Отырғандардың барлығына ұнаған болуы керек, сөзімді аяқтаған соң, ду қол шапалақтады. Сосын мұндай халықаралық маңызы бар шаралар мен жобаларға қатысып, бірнеше жыл бойы ақша жинадым. Сөйтіп, сол қаражатыма Еуропаға саяхаттап, оның ішінде Париж қаласында орналасқан ЮНЕСКО-ның штаб-кеңсесіне тікелей бардым. Әлгінде Алматыда мені есіне сақтап қалған ұйым өкілдері танып, ЮНЕСКО аясында жас кәсіби мамандар бағдарламасына қабылдау жүргізіп жатқанын, ол үшін сұхбаттасудан өту керек екенін түсіндірді. Қарасам, оған қатысу үшін әлемнің көптеген елінен келген жастар бір ай көлемінде арнайы дайындалып жүр екен. Ал мен ойламаған жерден келіп, құжат тапсырып, сұхбаттасу кезеңінен сәтті өтіп, ақырында жұмысқа қабылдандым. Қазір қарап отырсам, Еуропаға дер кезінде, дәл қажет уақытта барыппын.
– Париждегі штаб-кеңседе бірнеше жыл жұмыс істеген соң, Иракқа қызметке ауысыпсыз. Онда баруға өзіңіз сұрандыңыз ба, әлде талап пен тәртіпке бағынып, сол мемлекетке баруға мәжбүр болдыңыз ба?
– Негізі, Париждегі кеңседе білім, мәдениет, ғылым, ақпарат және коммуникация саласындағы идеялар бойынша жұмыс істеу мен үшін таптырмас тәжірибе болды. Бұдан бөлек, дипломатиялық келіссөздерге қатысып, біліктілігімді арттырдым. Біздің кеңсеге түрлі елдің патшалары мен президенттері келетін. Президент демекші, бірде Нұрсұлтан Назарбаев Парижге келгенде басшыларым «Арамызда жұмыс істейтін тұңғыш қазақ қызы бар» деп мені айтыпты. Сосын ол кісі мені арнайы кездесуге шақырды, сөйтіп сол жиында ЮНЕСКО-ға жұмысқа орналасуыммен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Елбасыға бұл бірінші кездесуіміз емес, оған дейін жоғарыда айтып өткен фильмді әзірлеу барысында жолыққанымызды айтқанымда, есіне түсіріп, атқарған жұмысымды мақтап, өзінің жоғары бағасын берді. Кейін 1999 жылы Париждегі басшылыққа келіп, мұнда жеткілікті уақыт еңбек еткенімді айтып, жаңа тәжірибе жинақтау мақсатында қызмет бабымен тұрмысы төмен аймақтарға жіберуін өтіндім. Негізі, бастапқыда Конго мемлекетіне барғым келген, себебі сол уақытта бұл елде соғыс болып жатқан болатын, сондықтан онда жағдайы жоқ балаларға білім беру ісіне көмектескім келді. Алайда мені Конгоға емес, ЮНЕСКО-ның арнайы бағдарламасы бойынша жұмыс істеу үшін Ирак еліне, соның ішінде Солтүстік Күрдістанға жіберді. Қауіпті аймақ саналса да, мен онда жемісті жұмыс істеп, бірер жылдан соң, Шығыс Азия бойынша ақпарат және коммуникация жөніндегі кеңесші қызметіне жоғарылап, ақырында Бейжіңге жұмысқа ауыстым. Онда ЮНЕСКО шеңберінде Оңтүстік Корея, Солтүстік Корея, Моңғолия және Қытай елдерінде жүргізілетін жобаларға жауапты болдым. Соның ішінде жұмыс бабымен Моңғолияның Баян-Өлгей өлкесіндегі қазақтарға жиі баратынмын, онда мені екінің бірі танитын, әр барған сайын өз үйіме барғандай сезінетінмін. Жалпы, Моңғолиядағы басты міндетім – азшылық топтар шоғырланған жерге телевизиялық станция орнату болды. Бұл игі іске өмірімнің 5 жылын арнадым. Шынымды айтсам, Баян-Өлгейдегі атқарған жұмысымды мақтан тұтамын. Әсіресе, австралиялық маманды ертіп алып, екеуміздің телерадиостанция орнатуға қолайлы жер іздеу үшін дала кезгенімізді еш ұмыта қоймаспын (күліп). Ең үлкен жетістік деп сол өлкеде 1964 жылдан бері тұрған ескі станцияны бұзып, оның орнына жаңа спутниктік станция орнатқанымызды айта аламын. Бұдан бөлек, әр келген сайын ол жердегі балаларға қазақ тілінде кітаптар әкеліп тарататынмын. Мұнымен қоса, жазуға икемі бар студенттерді ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде бір-екі семестрге оқуға жіберуге келістік. Сосын сонда тұрып жатқан қандастарымыздың қазақ тілінде кітап немесе басылым шығаруға мүмкіндігі жоқ екенін ескеріп, әріптестерімізбен бірге баспа станоктар тараттық. Ал жергілікті телеарна ашу жұмысы қомақты қаражатты талап ететіні белгілі, мұны ашудың қажеттілігін дәлелдеу үшін арнайы зерттеу жүргіздік, жан-жаққа жарияладық. Баян-Өлгейдегі белсенділер мен Қазақстандағы зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, мәселе көтердік, осылайша бір телеарнаның ашылуына мұрындық болдық. Негізі, тек Баян-Өлгей қазақтары емес, Қытайда жүргенде Шыңжаңдағы қазақтарға да гуманитарлық көмек көрсетуге атсалысқым келген, десек те оларға сол күйі жете алмадым.
– Қытайдан кейін, Орталық Америка бойынша ақпарат және коммуникация жөніндегі кеңесші қызметіне ауысып, Коста-Рика Республикасына тұрақтапсыз. Десе де, дәл осы жұмыстан кейін өзіңіз көп жыл қатарынан еңбек еткен ЮНЕСКО ұйымындағы қызметіңізден босауды ұйғарыпсыз. Неге?
– Иә, ЮНЕСКО қызметкері ретінде соңғы жұмыс істеген жерім Орталық Америка болды. Негізі, бас кеңсеміз Коста-Рикада орналасқанымен, апта сайын Орталық Америкаға қарасты әртүрлі елдерге іссапармен шығып жүрдік. Бастапқыда мұндағы міндетім журналистердің қауіпсіздігіне баса мән берумен байланысты болды. Сол уақытта Гондурас пен Мексика журналистерінің арасында өлім-жітім көрсеткіші жоғары болатын. Бұдан бөлек, Латын Америкасындағы ең кедей мемлекет саналатын Никарагуаның бірнеше аймағына телерадиорталықтар мен кітапханалар аштық. Жалпы, ЮНЕСКО-да 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, түрлі ұлт өкілдерімен араласқандағы ұққаным – «біз – қазақпыз, ешкімге ұқсамаймыз», я болмаса «біз – ағылшынбыз, біздің жөніміз бөлек» деп астамсудың қажеті жоқ екен. Түрлі тілде сөйлеп, түрлі дінді ұстанғанымен, барлық адам бірдей, бәрінің психологиялық құрылымы бір. Сізге тағы бір қызық айтайын, Панама аралдары мен Колумбияның арасында орналасқан аралдар мен архипелагтарға гуманитарлық көмек көрсетуге бара жатқанда, өзімді шалғайда жатқан қазақы ауылға бара жатқандай сезінетінмін. Біз жақта ауылға кірсең, алдымен үлкендердің сәлемін алып, хал-жағдайын сұрайсың ғой, әрі онда құр қол бармайсың, міндетті түрде бірдеңе апаруың керек. Сол секілді мен де әлгі аралдарда тұрып жатқан үлкен қарттардың сәлемін алып, құрмет көрсетіп, әртүрлі сыйлық апаратынмын. Қариялардан «Сіздерде ауа райы жақсы екен! Сіз бүгін қанша балық ауладыңыз?» деп көңілін тауып, ізінше келгендегі мақсатымды, жобаның маңызын түсіндіретінмін. Әлемнің қай бұрышында жүрсеңіз де, алдымен дәстүрлі құндылықтарды ескеріп, лайықты мінез-құлық танытып, құрмет көрсетсеңіз болғаны, кез келген адамның көңілін жібітіп, өзіңізге баурай аласыз. Ал, дәл осы елге келгенде ЮНЕСКО-дағы беделді жұмысымнан қалайша шығып кеткенімді сұрасаңыз, онда жүргенде небір қауіпті аймақтарға барып, ақырында ауру жұқтырып алдым. Сосын осы шапқылағаным да жетер деп, талай жыл аянбай еңбек еткен жаныма ыстық аталған ұйымдағы қызметіммен қош айтысуды жөн көрдім. Оның үстіне, сол кездері сценарий жазумен айналысып, Қытайдың өткені мен бүгінін байланыстыратын «Періште айдаһар» атты ертегіні жазуға тапсырыс алғанмын.
– Сценарий демекші, әңгімеміздің ауанын шығармашылығыңызға бұрсақ. Режиссерліктен бұрын, Францияда жүргеніңізде бастап жазған «Шок» атты романыңыз араға 12 жыл салып, 2016 жылы жарыққа шыққанымен, бір жылдан соң, сатылымнан алынып тасталыпты. Неліктен?
– Негізі, бұл романда француз ұлтшылының өмірі баяндалған. Ал Францияда мұндай романдардың таралуына кедергілер көп. Бастапқыда өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған кейіпкер туралы газеттен оқыған болатынмын. Сосын оның өміріне қызығып, кітап күйінде жазып шығаруды жөн санадым. Роман кейіпкері Мьянмадағы азшылық топтар, соның ішінде карен тайпасына көмектесіп, барын аямаған жан. Тек көпшілік оның тамақ жоқтықтан каннибализммен айналысқанын алға тартып, мұны жағымсыз кейіпкер ретінде қабылдап жүр. Десе де, бұл олар ойлағандай емес, оның жағымды сипаты басымырақ. Оқырманға мұны түсіндіру мақсатында карен тайпасының әйелі секілді киініп алып, Таиланд пен Бирманың шекарасын өтіп, сол аймаққа әдейі бардым. Аталған кейіпкерге қатысты жұмбақ жайттардың аражігін ажырату үшін оны 11 жыл бойы зерттедім, десек те француздар мұның байыбына барғысы жоқ. Сонша уақыт еңбектеніп жазған туындымның сатылымнан алынып тасталғаны өкінішті.
– Жоғарыда айтып өткендей, жұмыс бабымен Коста-Рикада жүргеніңізде жергілікті жұртшылыққа гуманитарлық көмек көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар олар жайында кино түсіру идеясын іске асыруды көздепсіз. Осы ретте «Өмір қорғаушылары» атты төл туындыңыздың тарихы туралы бірер сөз айта отырсаңыз.
– Байқасаңыз, түрлі елге саяхаттайтын немесе жұмыс істейтін адамдар видеоға өздерін түсіріп, өздерін танытқысы келеді. Ал менің ұстанымым басқаша. Мен тым қарапайым адаммын (күліп). Экранда көрсететіндей өзімді қызықты адаммын деп есептемеймін. Сол себепті фильм арқылы өзімді емес, өз көзқарасымды танытуды жөн санаймын. Киноиндустрияға енді қадам басып жатқан мен бастапқы деңгейдегі режиссермін. Кино әлеміндегі тырнақалды туындымның тарихын сұрасаңыз, Коста-Рикада қызметте жүргенімде набэ тайпасының әйелдеріне қатысты жоба жасадым. Бұл әйелдер сөйлеуге жасқанады, мысы басылып қалған. Осылайша, оларға жан бітіру мақсатында қолдарына микрофон беріп: «Сөйле! Осы аймақтағы аянышты өміріңді баянда, қандай мәселең бар, не айтқың келеді? Қысылмай, айт» деп қолқалағанмын. Бұған қоса, мен де олар секілді ұзын киім киетінмін, әрі бет-әлпетіміз де ұқсас. Бір қарағанда олар қазақтарға ұқсайды. Оған қоса, оларды компьютер, теледидармен қамтамасыз етумен айналысқанбыз, сөйтіп жүргенде жақсы байланыс орнаттық. Сөйтіп, бір күні олардың рұқсатымен кино түсіру идеясы туындады. «Өмір қорғаушылары» киносын түсірмес бұрын, аталған аймақтың тыныс-тіршілігін зерттедім, отбасыммен бірге бірнеше апта ранчода тұрдық. Түсірілім барысында небір қауіпті әрекеттерге барып, тіпті түннің ішінде жыландарды қуып, әбден әлекке түскеніміз бар. Дегенмен қиыншылықпен түсірілген бұл фильм әлемнің 80 елінде көрсетіліп, Бразилия, Индонезия, Нью-Йорк және Лос-Анджелестегі фестивальде жүлдеге ілікті.
– Жуырда Мәскеуде өткен кинофестивальде Greatland атты екінші туындыңыз көрсетілді. Қазіргі таңда карантин себебінен аталған киноңыздың көпшілік назарына қашан ұсынылатыны белгісіз болғандықтан, мұның идеясы неде екенін айта отырсаңыз?
– Бұл – саяси өмірге көзқарас есебінен туындаған дүние. Байқап қарасам, Америкада болып жатқан абсурд театры секілді, адамдар жақсы идея үшін күресетін секілді көрінеді, алайда айналып келгенде тоталитарлық тәсілді қолданады. Саяси өмірге қатысты өз алаңдаушылығымды кино арқылы жеткізгім келіп, нәтижесінде өзін ұлы деп есептейтін, еш өлмейтін, тек әділдікті жақтайтын адамдардан құралған орта қалыптастырдым. Сондай-ақ мұнда жауыздар империясының өкілдері әділдікті ту еткен адамдардың көзін жою үшін вирус таратқысы келеді. Айта кетерлік жайт, бұл киноны 2017 жылы түсіргенмін. Сосын ойдан құрастырылған бұл оқиғамызды биыл дүниежүзінің дегбірін қашырған індетпен байланыстырып, тизер арқылы Америка жұртшылығының қызығушылығын тудырттық. Мәскеудегі көрермен мұны жақсы түсінер деп ойладық, десек те оларға мұндай көпдеңгейлі киноны байыбына барып түсіну қиынға соғып жатқан секілді. Сырт көзге сылдыр сөз көрінгенімен, тереңіне үңілсеңіз, мұнда үлкен бір идея жатыр. Осы тұста айта кетерлік жайт, қазақстандық дистрибьюторлар бірінші кинома қызығушылық танытпаған, енді екінші туындыма да назар салмайын деп отыр. Қазіргі таңда киноны көрсету құқығына америкалықтар таласып жатыр. Ал олар мұны сатып алған соң, біраз уақыттан кейін ресейлік немесе қазақстандық компанияға сатуды көздейді. Қазақстанның тумасымын, осында өсіп-өнгенмін, неге менің шығармашылығыма көңіл бөлмеске? Жалпы, біздің елде киноның сапасына емес, сенің кім екеніңе қарайды. Бәлкім, маған да Димаш Құдайберген секілді сыртқа шығып, сенсация жасап, сосын барып қана өзімді мойындатуым керек шығар. Әйтпесе, жерлестерімнен «Мынау біздің отандасымыз, шығармашылық жолын жаңадан бастап жатқан режиссер, насихаттайық, көмектесейік» дегенді естімедім. Шетте жүрсем де, Қазақстанды ұмытқан емеспін. Алматының тумасы болсам да, ата-әжем саналы ғұмырын өткізген Орал өңірін жаныма жақын тартамын. Жалпы, алдағы уақытта «Викингтер» секілді, қазақ тарихына қатысты кино түсіргім келеді, себебі өзім тарихқа әуеспін, әрі біздің құндылықтарды сипаттайтын әдемі туынды жасағым келеді.
– Әлеуметтік желідегі жазбаңыздан Greatland-қа ұлыңыз Арманның түскенін білдік. Ұлыңыздың жастайынан кино саласына бет бұрғаны ғой, демек?
– Иә, Арман бес жастан бастап киноға түсе бастады. Қытайда «Кунг Фу Хиро» кинокартинасына, өзім түсірген «Өмір қорғаушылары» киносына түсті. Америкаға келген соң да, үш бірдей фильмге түсіп, жас та болса да, бар өнерін көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шығып жүр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ