1840
Серік Негимов: Ұлы ойшылдың кемеңгерлігі кеңінен толғап жазылған
Серік Негимов: Ұлы ойшылдың кемеңгерлігі кеңінен толғап жазылған
– Абайдың сөзінің астарын ұғу үшін ең алдымен сол Абайдың жандүниесіндегі запыранды, сезімнің буырқанысын өз жүрегіңнен өткізе білуің керек. Жетеміз жетер, не жетпес, тіпті ол біздің мақсатымыз да емес. Мұрат – Абайды түсіну.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласында ұлы ойшылдың құнды идеялары, даралығы мен кемеңгерлігі кеңінен толғап жазылған. Мақала еліміздің рухани жаңғыруына, болашағымыздың жарқын болуына, өркендеп-өсуімізге негіз болатын салмақты тұжырымдармен ерекшеленеді.
Бұдан бұрын жарық көрген мақаласында Елбасы «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – ең асыл қазынасы. Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де халқымыздың Абайға көңілі айнымайды. Қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деген еді. Бүгінгі мақала осы сөздерді одан әрі дәйектей түскендей.
Осыдан 25 жыл бұрын ЮНЕСКО көлемінде дүркіреп өткен Абайдың 150 жылдық тойының өтуіне Елбасының септігі болғанын білеміз. Биыл әлемдік індетке тұспа-тұс келіп отырған ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы елеп-ескерусіз қалған жоқ.
Абай – ұлттық ар-ожданымыз. Әр қазақтың жүрегінде өз Абайының бейнесі сақталуы тиіс.