184
COVID-19: Грузия үкіметі карантин талаптарын өзгертті
COVID-19: Грузия үкіметі карантин талаптарын өзгертті
Коронавирусың таралуына тосқауыл қою мақсатында Грузия үкіметі карантин мен оқшауланудың жаңа ережелерін бекітті.
Жаңа қаулыға сәйкес, инфекция жұқтырған науқаспен жақын байланыста болған тұлғалар дереу оқшаулануға немесе тестілеуден өтпей карантинге ауысуы керек. Бұл туралы елдің Ауруды бақылау және қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық орталық басшысы Амиран Гамкрелидзе мәлімдеді, деп жазады «Новости-Грузия».
Орталық басшысының сөзінше, бүгінгі күнде Грузияда симптомсыз пациенттер саны 30-дан 40%-ға дейін ауытқып отырған. Симптомсыз пациенттер карантин мен оқшауланудың 12 күні өткеннен кейін қалыпты өмір салтына орала алады. Мұндай жағдайда тест те тапсырмайды. Егер оқшаулау кезінде науқастардың бірінен ауру белгілері анықталған жағдайда олар бұл туралы дәрігерге хабарлап, ПТР тесттен өтуі тиіс. Егер тест оң нәтиже көрсетсе, пациент әзірленген хаттамаға сәйкес үйге немесе стационарға жіберіледі.
Сондай-ақ, елге келген азаматтар үшін де карантин ережелері өзгерді. Шетелден келгендер бұрынғыдай карантинге жіберіледі, бірақ сегізінші күні олар зертханаалық ПТР тест емес, антиденеге негізделген жоғары сапалы «жылдам тест» тапсыруы тиіс. Егер тест нәтижесі теріс болса, олар карантиннен шыға алады. Ал тест нәтижесі күмән тудырса, онда зертханалық ПТР тест тапсырады.
Пандемия басталғалы Грузияда 10 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталған. Індеттен 5 мыңнан астам адам емделіп шықса, 63 адам көз жұмды.
Еске сала кетейік, 6 қазаннан бастап Қазақстанда да шетелден келетін азаматтарды елге кіргізу талаптары өзгерді.
ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің ҚР мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы қаулысы қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтама болмаған жағдайда кіруге жіберілмейді.