287
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сыртқы сараптама жүргізіледі
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сыртқы сараптама жүргізіледі
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысына сыртқы сараптама жүргізілетінін айтты.
«Таяуда «СҚ-Фармация» ЖШС қызметіндегі жемқорлық тәуекелдерге сыртқы сараптаманы аяқтадық. Жемқорлықты болдырмау, жалпы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың бірыңғай дистрибьюторы қызметінің тиімділігін арттыру бойынша кешенді ұсыныстар енгізілді. Күні кеше ғана бірлескен бұйрыққа қол қойылды, енді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сыртқы сараптама бастаймыз», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, агенттік қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігінің, аталған қордың мамандарымен бірлесіп, ұйым қызметіндегі жемқорлық қаупін жою мәселелерін қарастыратын болады.
«Індет кезінде еліміздің бірқатар өңірінде өкпені жасанды желдету аппараттарын жоғары бағамен сатып алудың бірнеше фактісі анықталды. Біз бұл ақпаратты жан-жақты тексердік: кез келген саладағыдай заңбұзушылықтар бар. Бірақ, оларды жаппай орын алып жатыр деуге болмайды. Мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі адал, парасатты адамдар», – деді Олжас Бектенов.