235
Зейін Сабырқұлов: Праймериз – елдегі сайлау парадигмасын жаңғыртады
Зейін Сабырқұлов: Праймериз – елдегі сайлау парадигмасын жаңғыртады
Зейін Сабырқұлов, саясаттанушы:
Жалпы, ашық праймериз – сайлауға билеуші партия атынан түсетін ең үздік үміткерлерді іріктеп алуға да, сонымен қатар электораттың ынта-ықыласын күшейтіп, оны парламенттік додаға жұмылдыруға да мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда «Nur Otan» праймеризі – тек ішкі партиялық шара болумен шектелмей, жалпы мемлекеттік міндеттерді шешуге де қызмет етеді.
Индивидуализм шарықтау шегіне жеткен біздің заманымызда әлемдегі барлық елде сайлау секілді мемлекет өмірі үшін аса маңызды саяси науқанға қоғам, әсіресе жас ұрпақ тарапынан қызығушылық төмендеуде. Бұл саяси процестерден халықтың басым бөлігінің тыс қалуына соқтырады. Тиісінше, демократиялық ұстындар әлсірейді.
Мұндай жағдайда дүниежүзінде үгіт-агитациялық емес, жұмылдыру-мобилизациялық технологиялар танымал болуда. Соның бір тетігі саналатын, ашық пікірсайыстарға құрылған праймериз бұқараның саясатқа тартылуына серпін беруі тиіс.
Сондай-ақ бастапқы іріктеу кезінде-ақ сайлаушылардың басым даусын жиып, «қалаулы» мәртебесін иеленген адамдардың кейін Парламент депутатына айналуы заң шығарушы биліктің легитимділігін арттырады.
Біз тілдескен халықаралық сарапшылар «Nur Otan» партиясының праймеризі – оның заң жүзінде қол жеткізген саяси үстемдігін ары қарай сақтауға ықпал ететін қуатты тетік деген байлам айтты.
Аталған шара қазақстандықтарға кандидаттарды жақынырақ, жақсырақ тануына, ал үміткерлерге сайлаушыларды мазалайтын мәселелерді түсінуіне жол ашады. Осының арқасында өз өңірінің, қоғамның әртүрлі қабатының мүдделерін шынайы ұсынатын және оның түйткілдерінің нақты шешімін білетін адамдар депутаттық корпусқа өтеді. Мұндай Парламент тиімді және жұмысқа барынша қабілетті болмақ.
Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы қарсаңында «Nur Otan» партиясы елде сайлау өткізудің отыз жылдан астам уақыттан бері қалыптасқан парадигмасын түбегейлі өзгерткелі отыр. Бұл ретте партия бұрынғыдай өз тізіміне кіретін тұлғаларды тағайындайтын орган рөлінен кетеді де, енді сайлаушы мен үміткер арасындағы ізгі араағайын қызметін атқарады.
Мұндай жағдайда Орталық сайлау комиссиясына болашақта сайлаушыларды сайлауға белсенді қатысуға үндеудің, яғни билбордтар іліп, ақпарат құралдарында жарияланым орналастырып, қаржы шығындаудың, осы бағытта орасан зор күш жұмсаудың қажеті болмай қалуы мүмкін: өзі қалаған тұлғаны Парламент немесе мәслихат төрінен көру үшін қазақстандықтардың әр тобы дауыс беруге өз еркімен құлшына жететін болады.
Билеуші партияның праймеризі барынша ашық, әділ, әрі демократиялық сипатта өтіп, ел көңілінен шығады деген үміттемін.