1044
ОҚО: Азық-түлік қауіпсіздігі – өзекті мәселе
ОҚО: Азық-түлік қауіпсіздігі – өзекті мәселе
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – күрделі жаһандық мәселе және Қазақстан Республикасы үшін де ұлттық қауіпсіздік жүйесіндегі басты мәселелердің бірі болып табылады. Өйткені азық-түлікпен сенімді қамтамасыз етпейінше, бір де бір ел басқа мемлекетке тәуелділіктен құтыла алмайды.
Жер шары тұрғындарының саны өскен сайын халықты азықпен қамтамасыз ету мәселесі де қиындай түсуде. 2050 жылы адам саны 9,5 млрд-қа дейін жетеді деген болжам бар. Сондықтан да азық-түлік дағдарысы және оның алдын алу – әлем жұртшылығын алаңдатып отырған басты мәселе екендігі анық. Қазіргі таңда азық-түлік тапшылығы орын алып, ашаршылықтан зардап шегіп жатқан елдер де жоқ емес. Дүниежүзінде бүгінгі күні созылмалы аштық дертіне шалдыққандардың саны 925 млн адамға жетеді, бұл Жер шары тұрғындарының 14 пайызын құрайды. Сондай-ақ әлем елдерінің 29-ы азық-түлік тапшылығын өткір сезінуде. Бұл маңызды мәселе турасында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ШЫҰ мүше мемлекеттері басшыларының отырысында сөйлеген сөзінде: «Қазіргі уақытта әлемдік тұтыну мен табиғат апаттарының салдарынан шикізат пен энергия ресурстары бағасының өсуі азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына алып келді.
Азық-түлік дағдарысының зардаптары бүкіл әлемдегі әлеуметтік және саяси жағдайдың ушығып кетуіне соқтырады. Бұл жағдайда азық-түлік қауіпсіздігін аймақтық және халықаралық деңгейде тұрақтандырып, үйлестірілген және келісілген әрекеттерді жүзеге асыру шарт», – деп атап өтіп, ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің арасындағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты арттыру керектігін айтқан болатын. Сондай-ақ осы отырыста Елбасы азық-түлік қауіпсіздігі мен суды пайдалану ісінің маңыздылығын ескере отырып, «Су-азық-түлік» комитетін құру жөнінде бастама көтерген-ді. Азық-түлік дағдарысының әлем бойынша белең алып отырған шағында мұндай іс-шаралардың жедел қолға алынып, нақтыланған жүйеде жұмыс атқаруының, азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда қосымша қор жинаудың, сондай-ақ елді азық-түлікпен қамтамасыз етудің бірден-бір бағыты – ауыл шаруашылығында кәсіпкерлікті өрістету, шаруа қожалықтарын кеңінен дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы мен тамақ өнеркәсібіне аса мән беріп, олардың жұмысын жандандыруды қадағалау қажет.
Осы орайда айта кетерлігі, қай елде болмасын ауыл шаруашылығының өркенді дамуы алдымен қаржыландыру мәселесіне тікелей байланысты. Өкінішке қарай, банктер ауыл шаруашылығына қаржылай несие беруге құлықсыз немесе несие пайызы өте жоғары және алынатын өнім мөлшері мен сапасы да көптеген сыртқы факторлардан (ауа райы, жел, су т.б.) тәуелді болғандықтан, өндірушілердің өздері де тәуекелге бара бермейді. Қаржы жағдайының кемдігінен жаңа инновациялық технологияларға да қолжетімділік барынша арман күйінде қалуда. Мысалы, ауыл шаруашылық, бақша өнімдерін өңдейтін технологиялардың жедел игерілмеуі, шағын цехтардың болмауы, ала жаздай еңбектенген шаруалар еңбегінің зая кетіп отыруының басты себебі. Өндірілген өнімдерді тікелей өткізетін сауда жүйесінің жоқтығы – өнімнің жарамсыз болып, құнсыздануына әкеледі.
Мемлекет үшiн елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн нығайту, соған орай iс-қимыл жасау бiрiншi кезектегi мiндет болып отыр. Мiне, осыны басшылыққа алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұлов азық-түлік қауіпсіздігін нығайту әрі шешудiң жолдарына назар аударады. Әрине, облыста аграрлық сектор саласының мүмкiндiгi мол. Жыл сайын облыс ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруде бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткiзiп келедi. Бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Қолда барды бағалай алып жүрмiз бе?
«Қазақстанның халықаралық деңгейдегі экономика қауымдастығының тұрақты мүшесіне айналуы – отандық нарық тарихында өз таңбаларын қалдыруда. Бүгінгі мақсатымыз – әлемдік нарықта орнымызды тауып, технологиялардың даму заманында бәсекеге қабілетті өнім өндіру, мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болса керек», – дейді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов мырза.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ шағын несиелеу бойынша уәкілеттік ұйым ретінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлікті шағын несиелеу бағыты бекітілген. Бағдарламаның мақсаты – аймақтық кәсіпкерліктің тұрақты және баланстандырылған өсуі мен істеп жатқан және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз ету. Ол үшін 2016 жылы республикалық бюджеттен 2 млрд 647 млн теңге бөлінді. 2017-2018 жылдары да осы көлемде қаржыландыру жоспарланған. Аталған несиелеу бағдарламасы Қазақстанның барлық облыстарында жүзеге асырылады. Бөлінген қаржы моноқалалар, шағын қалалар, ауылдық елді мекендердегі шағын қаржы ұйымдарын несиелеу арқылы шағын бизнес субъектілерін шағын несиелеуге бағытталады. «Несиелеу бағдарламасының талаптарына сәйкес, қарыздар шағын несие ұйымдарына одан әрі өз жобаларын жүзеге асырып жатқан немесе асыруды жоспарлаған кәсіпкерлерге бағытталады», – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Алмас Таубаев. Шағын қаржы ұйымына берілетін қарыздың максималды сомасы – 350 млн теңге, бір түпкі қарыз алушыға – 10 млн теңгеден аспайды. ШҚҰ үшін бекітілген сыйақы үстемесі – жылдық 4%, жылдық тиімді сыйақы үстемесі – 4,5% аспайды; түпкі қарыз алушылар үшін номиналды үстеме – жылдық 12% аспайды.
Бүгiнде ел экономикасы аграрлық секторының құрылымы жан-жақты кеңейiп келедi. Десек те, шағын да шашыраңқы ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлер материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтаушы, өнiм өңдеушi, сауда құрылымдары делдалдар мен тұтынушылар тарапынан түрлi кедергiлер мен қолайсыздықтарға кезiгiп отырғаны да жасырын емес.
Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдейтiн iрi кәсiпорындар саудада, өңдеу нарықтарында монополиялық жағдайды пайдаланып, шағын шаруашылықтарды көбiне өз дегенiне мәжбүрлейтiнi де рас. Осы ретте шаруалардың мүдделерiн бiрiншi кезекке қоя отырып, олар өндiрген өнiмдердi барынша ұқсатып, өңдеп нарыққа шығару еңбек өнiмдiлiгiн арттырумен қатар диқан мен егiншiнiң маңдай терлерiнiң өтемi де болар едi.
Динара Мыңжасарқызы