258
Праймериз қатысушылары партияішілік іріктеу әділ өткенін айтты
Праймериз қатысушылары партияішілік іріктеу әділ өткенін айтты
«Nur Otan» партиясының праймеризі өз мақсатына жетті. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан Матыжанов осындай пікір білдірді.
«Еліміздегі ең үлкен саяси күш «Нұр Отан» партиясының бүгінгі қоғамдық өмірге енгізіп жатқан әлемдік озық тәжірибе үлгісі жұртшылықты елең еткізді. Оны күнделікті ақпарат ағынынан айқын көруге болады. Жалпы алғанда, «Праймериз» деген тосын атауы болмаса, өз ішіндегі партия мүшелерін іріктеп, ең таңдаулыларын саяси додаға қосу ниеті халқымызда бұрыннан бар үрдіс. Бұл жолғы шара сол үрдістің ашықтығын қамтамасыз етіп, оны тиімді жүзеге асырудың тетіктерін әлемдік тәжірибемен байыта отырып нақтылау болды», – дейді қоғам қайраткері.
Кенжехан Матыжановтың айтуынша, партияның орталық аппараты «Праймериз» жөнінде бастауыш партия ұйымдарына арнайы дәрістер өткізіп, түсінік жұмыстарын жүргізулері, ол жөнінде портал ашып үміткерлерге «жаднама» дайындап, әр өңірлердің сайлауалды бағдарламасын жасап бағдар беруі, «Праймеризді» өткізудің нақты ережелерін бекітіп ұсынуы оң нәтиже берді.
«Сондықтан да бұл партия ішілік сайыста бағын сынауға тілек білдіргендердің қарасы өте көп болды. Мәселен, бір ғана Алматы қаласы Әуезов ауданы бойынша өтініш білдіргендердің саны жиырмадан асып жығылды. Ал қала бойынша олардың саны екі жүзден асқан. Олардың сапалық құрамы да әрқилы, партия қатарына жаңадан қосылғандар да бар. Олардың ішінде жаңалыққа жаны құмар жас қауымның үлес салмағы да жоғары болды.
Бұл шараға бастауыш партия ұйымдары да өз қатарларын түгендеп, тіркеуден өткізу кезінде ұйымшылдық таныта білді. Әуезов ауданындағы тоғыз мыңнан астам партия мүшесінің сексен пайыздан астамы тіркеуден өткен. Ал Алматы қаласы бойынша 58 мыңнан асатын партия мүшелерінің 41 мыңы тіркеуден өтіп дауыс берген», – дейді М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры.
Ол өзі үміткер болған Әуезов ауданындағы 120 бастауыш партия ұйымының 6589 мүшесі тіркеуден өткенін, 4638 нұротандық оған дауыс беріп, сенім білдіргенін атап өтті.
«Бүгін өз мәресіне жетіп отырған саяси шара өз алдына қойған мақсатына жеткен сияқты. Әсіресе, партияішілік бәсекелестіктің ашықтығы мен ұйымдастыру жұмыстарының реттілігі үміткерлердің көңілінен шыққан тәрізді. Әрине, алғаш ұйымдастырылып жатқан шарада әлі де жетілдіретін мәселелердің төбе көрсететіні заңдылық. Мәселен, алғашқы онлайн тіркелу кезі мен дауыс берудің алғашқы күндері кідірістер болды, бірақ ол жедел жолға қойылды. Меніңше, біздің саяси өмірімізге енді еніп жатқан праймериздің келешегі зор деп ойлаймын», – деп түйіндеді Кенжехан Матыжанов.
«Аяжан» медициналық колледжі директорының орынбасары Айсұлу Қалымбетова да праймериз әділ әрі ашық өтті деп есептейді.
«Елімізде бірінші рет өткен праймериз халықтың қаншалықты қоғамда болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарамайтынын көрсетті. Ашықтық, жариялылық, цифрлы Қазақстанның дамуы кезекті рет праймеризде халықтың өз таңдауын жасауға мүмкіндік берді. Әр үміткер әр саланың майталманы болғанымен, сайлауалды бағдарламаға әр бағыттағы мәселені көтерді, атап айтсақ: шағын және орта бизнесті көтеру, жұмыссыздықты жою және т с.с», – дейді ол.