50546
Асылжан Бүркіталин: Болашақ қана емес, бүгінгі күн де жастардың қолында
Асылжан Бүркіталин: Болашақ қана емес, бүгінгі күн де жастардың қолында
Асылжан Бүркіталин, «Жас Отан» Жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы:
– Өз басым «Nur Otan» партиясы ұйымдастырған партияішілік сайлауды демократиялық қоғамға жетелеудегі маңызды қадамдардың бірі деп есептеймін. Жалпы, бір айға жалғасқан бәсекеде Ақтөбе қаласы бойынша 138 кандидат өз сайлауалды бағдарламасын жариялап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Қазіргідей карантин жағдайында бұл оңайға соқпаса да, ел болашағының дамуына үлес қоқысы келетін олар бар мүмкіндіктерін көрсетті. Шешуші кезең саналатын онлайн дауыс беру кезеңі күні кеше аяқталды. Төрт күнге созылған аталмыш кезеңінің нәтижесіне сәйкес, партияластардың қолдауымен келесі кезеңге өттім. Десек те, бұл – мен үшін мақтаныш емес, бұл – партияластарымның маған артып отырған үлкен жауапкершілігі деп білемін.
Жастар саясатына белсене араласып, қоғамдық жұмыспен айналысып жүргеніме он жылдан астам уақыт толды. Осы жыл ішінде Ақтөбе облысы жастарының, соның ішінде олардың әлеуметтік жағдайын көтермелейтін іс-шараларды жүзеге асыруға бір кісідей атсалыстым. Осы себептен де он жыл уақыт бойы атқарған қызметімді бақылап, бағалап жүрген партияластарым маған көп дауыс беріп, сенім артуды құп санады деп ойлаймын. Ендігі кезекте айтылған нәрсенің тек құрғақ уәде күйінде қалмай, шамам келгенше іске асыруым қажет. Бағдарламаны насихаттау бір бөлек, ал мұны іске асыру тіпті басқаша, сол себепті алда үлкен қыруар жұмыс күтіп тұр.
Көпшілік «Болашақ жастардың қолында» деп айтқанды жақсы көреді, мен болашақпен қатар, бүгінгі күн де жастардың қолында деп айтар едім.