Мұрат МҰҚАЕВ: Партияішілік сайлаудың басты мақсаты – жаңа саяси мәдениет қалыптастыру

Мұрат МҰҚАЕВ: Партияішілік сайлаудың басты мақсаты – жаңа саяси мәдениет қалыптастыру

Мұрат МҰҚАЕВ: Партияішілік сайлаудың басты мақсаты – жаңа саяси мәдениет қалыптастыру
ашық дереккөзі
276
Мұрат МҰҚАЕВ, «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары: – Мұрат Рахметұлы, праймеризге байланысты үміткерлерге дауыс беру басталғаны белгілі. Өңірімізде партияішілік сайлау қалай өтіп жатыр? – Иә, 1-3 қазан аралығында партияішілік сайлаудың бірінші кезеңі өтуде. Бұрын хабарланғандай, сайлау электронды түрде өтуде. Яғни дауыс негізінен онлайн түрде беріледі. Сол себепті бұл жерде адами фактор болмайды. Барлық дауысты компьютер есептейді. «Nur Otan» партиясының әрбір мүшесі өз қалауына байланысты бірнеше адамға дауыс бере алады. Бір телефон нөмірінен бір ғана дауыс қабылданады. Тек сайлаушылардың телефон нөмірі мен ЖСН-і бізде тіркелген болуы керек. Ал смартфоны жоқ азаматтар жеке куәлігімен облысымыздағы 140 сайлау учаскесінің біріне келіп, онда тұрған компьютерлер арқылы дауыс береді. Интернеті жоқ ауылдарда сайлаушыларымыздың 15 пайызы, яғни 4,5 мыңдай адам тұрады. Олар дәстүрлі түрде, яғни бюллетен арқылы өз таңдауларын жасайды. Осы сәтті пайдаланып барлық партия мүшесін сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырамын. Бұрын бастауыш партия ұйымынан бір-екі адам таңдалып, солар дауыс беретін. Мысалы өңірімізде 60-қа жуық бастауыш партия ұйымы болса, 60-70 адам келіп, болашақта сайлауға түсетіндердің тағдырын солар шешетін. Ал қазір барлық партия мүшесі: облыс бойынша 28 мыңдай адам өз таңдауларын жасай алады. – Жаңа өзіңіз айтып өткендей, бұл бірінші кезең ғой, екіншісі қашан өтеді? Төмен балл жинап, әрі қарай өте алмай қалған үміткерлер алдағы уақытта да сіздердің назарыңызда бола ма? – Облыс бойынша праймеризге қатысамын деп ниет білдіргендер саны 460 адам болса, қазір солардың 430-ы қатысып жатыр. 200-дей адам екінші кезеңге өтуі керек. Екінші кезеңде бір орын үшін екі адам сынға түсетін болады. Ал келесі айналымға өте алмай қалғандар далада қалмайды. Партияішілік сайлауда ешкім де жеңіліс таппайды. Жалпы бұл азаматтардың баршасын жеңімпаз деп есептер едім. Біріншіден, олар өз-өздерін жеңді. Елдің алдына шығу, өз бағдарламасын айтып, үгіт-насихат жүргізу оңай емес. Оған да батылдық керек. Екіншіден, праймеризге қатысқан азаматтардың әрқайысын бағалаймыз, өз назарымызда ұстаймыз. Болашақта оларды партияның құрылымдарындағы түрлі қызметтерге ұсыну жағын да қарастырамыз. Партияішілік сайлаудың басты мақсаты – халықтың санасын өзгерту, жаңа саяси мәдениет қалыптастыру. Қазірдің өзінде осы бағытта біраз жетістік бар деп айтуға толық негіз бар. Таяуда белгілі бір блогердің әлеуметтік желі арқылы маған жазған хабарламасында «Танымал жандардың көбі праймеризге қатысуда, ел-жұрт оларға үлкен қолдау көрсетіп  жатыр ғой, бұл додадан тыс қалған адам бар ма екен?», – деп жазыпты. Мұның өзі үлкен баға. Өзіңіз де байқаған шығарсыз, соңғы бір-екі айдың ішінде әлеуметтік желі сайлауалды бағдарламалар мен дебаттарға толып кетті. Дебат деген – ашық пікірсайыс. Соған қарап халық оның кім екенін біліп, сөйлеу мәдениетін, білімін, біліктілігін, белсенділігін көріп, бағасын береді. Мұның дауыс беру кезінде пайдасы көп. – Әлеуметтік желіден байқағанымыздай, праймеризге қатысушылар арасында әйелдер мен жастар да аз емес. Соған қарағанда келешекте депутаттар арасында заманауи, креативті жастар мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтеретін әйелдер біраз болатын сияқты ғой... – Иә, айтуыңыз дұрыс. Өңіріміздегі парияішілік аламанға қатысып жатқан жандардың 37 пайызы жастар болса, 36 пайызы әйелдер. Қазіргі облыстық мәслихат депутаттарының құрамын қарасақ, 30 халық қалаулысының үшеуі әйел (10%), біреуі (3%) ғана жастар өкілі. Осы көрсеткішті праймериз арқылы бағын сынап жатқандармен салыстырар болсақ, жастар 10, әйелдер 3,5 есеге көп. Ертең тізімді нақтылаған кезде де осы пропорция сақталады. Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің сайланбалы құрылымдарында әйел азаматтардың үлесін 30%-ға жеткізуді тапсырғаны белгілі. Бұл партияішілік іріктеу  праймеризде де ескеріліп отыр.  Яғни  партиялық тізімдердің сапалық құрамында әйел азаматтардың үлесі кем дегенде 30 пайыз болмақ. Сол секілді 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 пайыз болуы шарт. Сөйтіп депутаттар құрамы жасарып, нәзік жандылар артады. Оның себебіне келер болсақ, қазіргі таңда сайлаушылардың басым көпшілігі нәзік жандылар. Мәселен, облысымыз бойынша олардың саны 55 пайызды құрайды. Азаматшалардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын әйел депуттар керек. Ал сайлаушылардың 25 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Жас депуттар олардың мұң-мұқтажын біліп, сол бағыттағы мәселелерді шешу үшін жұмыс істейтін болады. Міне, ашықтықты, жариялықты ұстанатын праймериздің осындай ерекшеліктері де бар. – Бұл саяси дода аясында партия қатарына көптеп кіріп жатқан азаматтарға, тұрғындар тарапынан жүктеліп жатқан үлкен аманат-міндеттерге қарап-ақ оған көпшіліктің сенімі артқанын, «Nur Otan» нақты істердің партиясы екенін көруге болатындай... – Былтыр партияның кеңейтілген саяси кеңес өтті. Ол кезде партия төрағасымен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты үлкен бағдарлама қабылданды. Бағдарламаның атауы айтып тұрғандай, ең бастысы біз көпшіліктің сенімін ұялатуымыз керек. Сенім орнаса, диалог болады. Яғни ел-жұрттың ынтымақ-бірлігі артқаннан кейін болашаққа қарай нық қадам жасауға мүмкіндік алатынымыз анық. Әрине, кертартпа түсінбейтін азаматтар да жоқ емес. Ал көкірегі ояу, көзі ашық жандар бұрынғы мен қазіргі партия арасындағы айырмашылықты көріп, оң бағасын беруде. Мәселен, кешегі пандемияны алайық. Ел басына күн туған сәтте мемлекеттік құрылым қызметкерлерімен қатар біздің партия мүшелері де жүрді. Азық-түлік себетін тарату сынды алғашқы көмекті көрсеткен де «нұротандықтар». Қарапайым партияластардың өздері келіп көмектерін ұсынды. Нәтижесінде облысымызда 10 мыңнан астам отбасына азық-түлік себептін бердік. Соған 100 млн теңге қаражат жиналды. Індет өршіген сәтте өкпені жасанды желдету аппараттарын әкеліп, ауруханаға таратқан да партия мүшелері. Мәселен, партия мүшесі болып табылатын «Желаев» комбинатының директоры А.Матевосян 100 млн теңге берсе, Н. Сәтпаев, Ю. Ткалун сынды кәсіпкер азаматтар да мұндай игілікті істен қалыс қалған жоқ. «Біргеміз Орал» атты қор ашылды. Осы қор арқылы 24 мың отбасына көмектестік. Яғни мұқтаж адамдардың есепшоттарына 50 мың теңгеден аудардық. Қазір тағы да 5 мың жанұяға көмек дайындап жатырмыз. Жыл соңына дейін олардың қатарын 30 мың отбасына жеткізу жоспарымызда бар. Бұл бағыттағы қаражаттың жалпы сомасы1,5 млрд теңгені құрайды. Мұның бәрі партия мүшелерінің қаражаты. Партия қашан да халықтың, соның ішінде ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажына назар ауарып келеді. Бір мысал келтірейін, жақында бізге Қазталов ауданының Ақсу ауылы тұрғындарынан бір хат келді. Онда ауылда су мәселесі өте өзекті болып отырғаны жазылып, мүмкін болса құдық қазып беруге көмек сұраған. Біздің өкілдеріміз барып жағдаймен танысып келді. Нәтижесінде 50 шақты үй бар бұл ауылға жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлесіп екі құдық қаздырылды. Мұндай мысал көп. Біз оның бәрін жарнамалап, арзан бедел жинамаймыз. Республикалық, облыстық, аудандық деңгейлердегі сайлауалды бағдарламаларымыз бар. Онда қай салаларға басымдық беріледі, бәрі жазылған. Праймеризге қатысушылар оларды өз бағдарламаларында да қамтыды. Сіз айтқандай, «Еститін мемлекет» қағидасы бойынша ел-жұрттан аманат жиналды. Қазір бізге 700-ге жуық аманат келіп түсті. Онда ауыз су, газ, жол, әлеуметтік нысандарды жөндеу сынды көптеген өзекті мәселе бар. Болашақта олардың іріктеп, өзектілерін партияның сайлауалды бағдарламасына енгіземіз. Осы жерде айта кетер жайт, кешегі дебат кезінде сайлаушылар  тарапынан ауылдардағы көкейкесті мәселелер көтерілді. Праймеризге қатысушы азаматтардың біразы бұл түйіткілдермен жіті таныс екенін, бұл мәселелер осы жердің азаматы ретінде оларды да толғандыратынын баяндады. Осы іспеттес мәселелерді шешу мақсатында бұл саяси додаға қатысып жатқандарын естігенде іштей риза болдым. Яғни ол азаматтар елінің бір қажетіне жарау үшін депутат атанғысы келеді екен. Міне, осындай жас, беделді, белсенді азаматтардың көптігі қуантады. Он шақты жылдың олар ішінде қалыптасып, басшылық қызметте, бизнесте, өзге де түрлі салада өз орындарын табады ғой. Сол кезде де олар елге жанашыр болады деп ойлаймын. Себебі осы додаға қатысу арқылы ел-жұрттың мұң-мұқтажымен жан-жақты танысқаны анық. Біз оларға жол беруіміз керек. Бір қызығы, өңіріміздегі іріктеуге қатысып жатқан 460 азаматың 106-сы бұрын мұндай шараға ешқашан қатыспаған екен. Ал 36 адам партия құрамына кіріп, сайлауға түсуде. Праймериз басталғалы «нұротандықтардың» қатарына 1 мың батысқазақстандық қосылды. Ел ішінде беделі басым, халыққа сөзі өтімді жандармен қатарымыздың толығып жатқанына қуаныштымыз. Партиямыздың төрағасы Н.Назарбаев биылғы наурыз айында өткен партияның саяси кеңесі бюросының отырысында «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын», – деген еді. Елбасымыздың бұл сөзіне қосыла отырып, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелестік негізде жаңа көшбасшыларды айқындауды мақсат тұтқан праймериз көпшіліктің, ел-жұрттың қолдауымен жоғары деңгейде өтеріне сенім мол. – Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ, «Орал өңірі»  

Серіктес жаңалықтары