281
3 өңірде жылыту маусымына дайындық төмен
3 өңірде жылыту маусымына дайындық төмен
Қазақстанның 3 өңірінде, атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында нысандардың жылыту маусымына дайындық қарқыны төмен.
Бұл жөнінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бүгінгі күні республика бойынша 11 158 білім беру нысаны жылу беру маусымына дайын. Бұл 99,6 пайызды құрайды. Білім беру нысандары бойынша Батыс Қазақстан облысында дайындық қарқыны төмен екені байқалады.
«Жылу беру маусымына денсаулық сақтау нысандарының 99,2 пайызы дайын. Бұл - 5 963 нысан. 2 өңірде объектілердің жылыту маусымына дайындығы төмен екені байқалады: Батыс Қазақстан облысында және Шымкент қаласында. Жөндеу жоспарланған 47 653 тұрғын үйдің 46 561 немесе 97 пайызы дайындалды», - дейді Бейбіт Атамқұлов.
Бейбіт Атамқұловтың сөзінше, ауа райының нашарлауына және суықтың ерте түсуіне байланысты Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жылу беру маусымы мерзімінен бұрын басталды. Ал өзге өңірлерде жылу 15 қазанға дейін берілмек.
Айта кетейік, бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі елімізде тәулігіне қанша маска өндірілетінін айтқан болатын.