Ағылшын келісімшарт құқығына арналған еңбек қазақ тілінде жарық көрді

Ағылшын келісімшарт құқығына арналған еңбек қазақ тілінде жарық көрді

Ағылшын келісімшарт құқығына арналған еңбек қазақ тілінде жарық көрді
ашық дереккөзі
Осыдан екі жыл бұрын Би-би-си телеарнасының журналисі Стивен Сакур Қазақстанға келіп, еліміз туралы репортаж жасаған. Тілші жақында құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығына арнайы барып, ағылшын құқығы қағидаларын басшылыққа алатын осы ұйымның қызметкерлерімен кездесті. Сонда Сакур мырза сөз арасында Қазақстанда ағылшын құқығы қағидаларын ойдағыдай іске асыруға болатынына күмән келтірген еді. «Біздің елде өзге құқықтық жүйеге тән ережелерді тиімді қолдануға бола ма?» деген сұрақ туындайтыны заңды. Десек те, ағылшын құқығының орны бөлек. Қазір ағылшын тілінің халықаралық қатынас тіліне айналғанын, ал іскерлік байланыс орнататын, мәміле жасасатын тараптардың көп жағдайда ағылшын құқығы (ортақ құқық) ережелеріне сенім артатынын ескеру қажет. Мұндай үрдістен Қазақстан да тыс қалған жоқ. «Астана» халықаралық қаржы орталығының өз қызметінде ортақ құқық қағидаларына жүгінетіні, орталықтың ресми тілі – ағылшын тілі болып белгіленгені соған айғақ. Қалай болғанда да, қазір ақпараттық кеңістікте «ағылшын құқығы», «ортақ құқық», «ағылшын соттары» т.с.с. тіркестер бұрынғыдан жиі ұшырасатын болды. Ағылшын құқығы әсіресе келісімшарт құқығы саласының дамуына үлкен ықпал етті. Қазақстанда ағылшын құқығына, атап айтқанда келісімшарт құқығына, қызмет бабымен болсын, жалпы мәлімет алу мақсатында болсын, қызығушылық танытатындар саны артпаса, азая қоймас. Аударма арқылы осы саланың қыр-сырын түсіндіріп, негізгі ұғымдары мен терминдерін қазақшалау қажет екені де даусыз. Осы ретте мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында танымал құқықтанушы Нил Эндрюстің «Келісімшарт ережелері: Ағылшын құқығына түсініктеме» атты еңбегі қазақ тіліне аударылып басылды. Бұл кітап – қазақ тілінде ағылшын келісімшарт құқығы жөнінде жүйелі түрде мәлімет беретін тұңғыш монография. Енді аудармашы тәжірибесіне, ағылшын келісімшарт құқығы терминдерін аудару ерекшеліктеріне тоқталып өтсек. Құқық, заң мәтіндері өзге әдеби мәтіндерден, ең алдымен, лексикалық құрамымен ерекшеленіп тұрады. Құқық саласының қалыптасқан, мамандарға түсінікті, белгілі бір ұғымды дәл сипаттап беретін өз терминдері бар. Заң мәтіндері осындай терминдерге бай. Осы саладағы ағылшын терминдерін қазақ тіліне аударудағы басты қиындық екі елдің құқықтық жүйелерінің әртүрлі болуымен байланысты. Бір-біріне ұқсамайтын құқықтық жүйелерді салыстыра зерттеп, заң мәтіндерін аударуға кірісетін адам сол екі жүйені еріксіз «келістіруге» ұмтылғандай болады. Аударма барысында бірден көзге түсетін жайт – жалпы қолданыстағы ағылшын сөздерінің заң мәтіндерінде әдеттен тыс мағынада жұмсалуы (мысалы, instrument – аспап, құрал емес, ресми құжат; action – әрекет емес, талап-арыз). Ағылшынның authority деген сөзі әдетте «өкілеттік», «билік», «бедел» немесе «өкілетті орган», кейде «рұқсат» деген мағынаны білдіреді. Ал ағылшын құқығында бұл сөз «сот шешімі», «прецедент» деген мағынада қолданылады. Authority термині тек сот шешімдерін ғана емес, сонымен қатар заңдарды, жарлықтар мен әкімшілік қаулыларды да қамтиды. Осыларды жинақтап, authority терминін контекстке қарай «құқықтың қайнар көзі» деп те аударуға болады. Ағылшын келісімшарт құқығының contract (келісімшарт) offer (оферта) acceptance (акцепт) сияқты негізгі ұғымдарымен қатар consideration деген тірек термині бар. Екі не одан көп тараптың келісімшарт жасасу жайы сөз болатын мәтіндерде осы consideration термині жиі ұшырасады. Жалпылама мағынада бұл сөз бір нәрсені «мұқият қарау», «талқылау», «ой елегінен өткізу» дегенді білдіреді. Ал келісімшарт құқығында бұл сөз келісуші тараптың қарсы тарап пайдасына қандай да бір әрекетке баруға (бармауға), ақы төлеуге т.б. міндеттемесін білдіреді. Қазақ тіліндегі терминологиялық сөздіктерде, нормативтік-құқықтық актілерде бұл терминнің «ыңғайласпа қанағаттандыру», «қарсы ұсыным» (қарсы тарапқа деген мағынада), «бір-біріне бір нәрсе беру» деген баламалары кездеседі. Ағылшын тіліндегі заң терминдерінің дені, соның ішінде жаңа ғана аталып өткен тірек терминдері – латын, француз тілінен енген кірме сөздер. Қазіргі құқық саласының сөздік қорына кірген француз сөздері ағылшын тіліне бейімделіп, таңбалануы мен дыбысталуы жағынан өзгеріске ұшыраған. Дегенмен латын сөздерінің біразы мұндай өзгеріске түспей, сол қалпында жазылып, айтылып жүрген жайы бар. Ағылшын тілінде қандай да бір құқықтық ұғымды, доктринаны латын сөздері мен сөз тіркестері көмегімен қысқа да нұсқа жеткізудің дәстүрі берік сақталып келеді. Мысалы: pacta sunt servanda (лат. «шарттар орындалуы тиіс» – шарттың міндетті күші); prima facie (лат. «бір қарағанда» – басқаша дәлел, терістейтін айғақ келтірілмесе, дұрыс, шын деп қабылданатын дерек, тұжырым); quantum meruit (лат. «атқарылған жұмысқа әділ ақы төлеу» – көрсетілетін қызметтер үшін төленетін сома сол қызметтердің объективті құнын ескеріп есептелуі тиіс); dictum (көпше түрі dicta – істі қараған судьяның нормативтік шешімге жатпайтын пайымы. Dictum сотта қаралған істің мәні бойынша шығарылған шешімге жатпайды, дегенмен басқа судьялар оған міндетті түрде көңіл бөледі, іс бойынша шешім шығарғанда басшылыққа алады). Ағылшын тіліндегі заң мәтіндерінде дублет сөздер де аз емес, мысалы: terms and conditions, null and void т.б. Осындай мағыналас сөздердің қатар тұрып, дублет ретінде қолданылуы – құқық тіліне тән стильдік ерекшелік. Кезінде кірме сөздің мағынасын нақтылай түсу үшін қасына дәл сондай мағына беретін баламасы жазылған. Ағылшын дублеттері осылай пайда болған деген тұжырым бар. Осы жайтты ескеріп, аталған тіркестерді қазақ тіліне бір сөзбен-ақ аударуға болады: terms and conditions – талаптар мен шарттар емес, талаптар (бұл тіркес келісімшарт талаптарын білдіреді); null and void – маңызсыз және заңдық күші жоқ емес, жарамсыз немесе заңдық күші жоқ (бұл да келісімшартқа қатысты айтылатын тіркес). Енді осы терминдерді аудару тәсілдеріне тоқталып өтсек. Жалпы, заң мәтіндерін аудару көркем аудармаға тән тапқырлық пен техникалық аудармаға тән терминологиялық дәлдікті талап етеді десек, артық айтқан емес. Аударманың өзге салаларында қолданылатын әдіс-тәсілдер заң терминдерін аударуда да қолданылады. Құқық саласындағы аудармада жиі қолданылатын мынадай тәсілдерді бөліп көрсетуге болады: сөзбе-сөз аудару (калькалау), трансференция (транскрипция), балама табу, сипаттау және түсіндірме беру. Сөзбе-сөз аудару (калькалау) – аударманың ең көне әрі ең қарапайым тәсілі. Ол – терминологиядағы қиындықтарды еңсерудің кең тараған амалы. Ағылшын келісімшарт құқығы ортақ құқық жүйесіне кіреді. Мұндағы «ортақ құқық» – ағылшынның common law деген терминінің сөзбе-сөз аудармасы. Алайда бұл терминнің қазақ тіліндегі ресми құжаттарда «жалпы құқық» деп орыс тілінен («общее право») сөзбе-сөз аударылған, оқырманды шатастыратын нұсқасы да кездеседі. Осы common сөзі ағылшын құқығының бүкіл Англияға (заң жүзінде Англия мен Уэльске) ортақ екенін білдіріп тұрғандықтан, «ортақ құқық» деген нұсқаның дұрыс екенін атап өту қажет. Трансференция (кейде бұл әдісті транскрипция деп те атайды). Бұл – түпнұсқа тілдегі сөздің аударма тілінде (өзіміздің құқықтық жүйеде) баламасы табылмағанда қолданылатын тәсіл. Яғни шетел термині аударма тіліне трансференцияланады – кірме сөзге айналады. Мысалы: estoppel – эстоппель (наразылық білдіру құқығынан айыру); magistrate – магистрат (Англия мен Уэльсте бірінші, төменгі инстанция соттарының судьясы, татуластырушы судья); precedent – прецедент (соттың бұрын қаралған іс бойынша шығарған шешімі, осы шешімге басқалардың сілтеме жасап, оны басшылыққа алуы); representor – репрезентор (мәлімдеме жасаған, қарсы тарапты сендірген тарап). Аударма тіліне шетел сөздерінің енуіне қарсылық білдіріп жүрген мамандардың бұл тәсілді құптай қоймас. Бұл тәсілге жүгінуге мәжбүр болған аудармашылар өздерінің «жеңілгенін» мойындағандай болады-мыс. Құп. Дегенмен аудармада трансференция (транскрипция) әдісін қолданбасқа болмайтын жағдайлардың да бар екенін естен шығармаған жөн. Бұл тәсіл сауда белгілерін, адам аттарын, топонимдерді, мерзімді басылым аттарын, компания аттарын т.б. дұрыс жеткізудің бірден-бір құралы. Шетел терминдерін қызмет аясына, сипатына қарай аударудың тағы бір кең тараған әдісі – балама табу. Дұрыс балама табудың бір жолы – мәдени сипаты бар сөзді, шет елдің құқықтық жүйесіне тән терминді аударма тілінде түпнұсқадағы мәдени сипатынан айыру, жалпылама сипаттағы сөзге ауыстыру. Мәселен, ағылшындардың құқықтық лексиконында tribunal деген сөз бар. Бұл сөз қазақ тілінде де қолданылады. Алайда бізде бұл сөз, көбінесе, әскери қылмыскерлерді жауапқа тарту мақсатында арнайы құрылған сот органын – төтенше сотты білдіреді (мысалы, Нюрнберг трибуналы, Гаага трибуналы). Сондықтан ағылшын тіліндегі мәтінде көрсетілген сот органының аталған төтенше соттарға қатысы жоқ екені белгілі болса, tribunal терминін «трибунал» деп кірме сөзге айналдырмай, өзімізге түсінікті «сот», «арнайы юрисдикция соты» деп аударған дұрыс. Өйткені ағылшын тілінде tribunal сөзі түрлі деңгейдегі соттарды білдіретін жиынтық термин ретінде қолданылады. Сондай-ақ бұл термин контекстке қарай «судья» немесе «арбитраждық сот» сөздерінің синонимі ретінде жұмсалуы мүмкін, мысалы: Employment Appeal Tribunal – Еңбек даулары жөніндегі апелляциялық сот. Заң терминдерін сипатына қарай баламасын тауып, анықтама беріп аударуға да болады. Ағылшын келісімшарт құқығында тараптар жасасқан мәміле міндетті түрде жазбаша рәсімделуі керек деген жалпы талап жоқ. Келісімшарттардың кейбір түрлері ғана (мысалы, жер сату, жерге меншік құқығын табыстау туралы мәмілелер) жазбаша жасалуы тиіс. Мұндай келісімшарттарды deed, кейде specialty деп атайды. Бұларды «дид», «спешалти» деп транскрипцияламай, қазақ оқырмандарына түсінікті болатын тіркестер арқылы аударып, түпнұсқа сөзді қасына жақшаға алып жазуға болады: ресми шарт, ресми келісімшарт (deed, specialty). Ресми шарттың  covenant деген де атауы бар, оны қазақша «мөр басылған шарт» деп беруге болады. Аударма барысында шетел терминдері мен ұғымдарының біздің құқықтық жүйеде, нормативтік-құқықтық актілерде қолданылатын мағыналас нұсқаларына да көңіл бөлуге тура келеді. Бірақ аудармада бірізділік сақтаймыз дегенге салынып, терминдердің бәрін автоматты түрде біздегі баламалармен алмастырып тастауға болмайды. Мәселен, «арбитраж» (arbitration) сөзін алайық. Қазақ тіліндегі нормативтік-құқықтық актілерде «арбитраж» сөзінің «төрелік» деген аудармасы қолданылады («төрелік сот»). Ағылшын келісімшарт құқығына арналған бұл еңбекте аталған терминді қолданудың шетелдік (халықаралық) тәжірибесін ескеруді жөн көріп, сондай-ақ оның қазақ тілінде, атап айтқанда кәсіби ортада, Қазақстан қол қойған халықаралық шарттарда, мамандандырылған ұйымдардың атауларында да кеңінен қолданылатын түсінікті термин екенін ескеріп (Қазақстандық халықаралық арбитраж, АХҚО Халықаралық арбитраж орталығы), аудармада «арбитраж» деген нұсқаны қалдырдық. Көріп отырғанымыздай, аударма дайын баламаны ойланбай қолдануды емес, ізденуді, бар баламаларды салыстырып талдауды, ішінен жұмыс мақсатына, аударылатын құжат мазмұнына сай келетін оңтайлы нұсқаны анықтауды қажет етеді. Осындай жүйелі жұмыс дұрыс жолға қойылып, қызығушылық танытқан барлық тараптардың қолдауын табады деген үміттеміз.

Ерлан Ысқақов, аудармашы