322
Құс тұмауы: 7 облыста 220 мыңнан астам құс қырылды
Құс тұмауы: 7 облыста 220 мыңнан астам құс қырылды
Еліміздің тағы екі өңірінде құс тұмауы тіркелді. Кесел тараған облыстардың саны жетіге жетті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, Ақмола облысында – 703 құс, Жамбыл облысында – 238 құс (соңғы тәулікте 6 құс), Қарағанды облысында – 102 құс (соңғы тәулікте 12 құс), Қостанай облысында – 111 785, Павлодар облысында – 2 753 құс, Солтүстік Қазақстан облысында – 107 655, Түркістан облысында 273 құс (соңғы тәулікте 196) қырылған. Барлығы жеке аулаларда 20 мың құс және екі құс фабрикасында 203 мың құс қырылғаны белгілі болды(«Бескөл құс фабрикасы» ЖШС – 93 849 бас, «Агроинтерптица» – 109 567 бас).
Жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша 2020 жылға бекітілген ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес, жыл басынан бері ел өңірлеріне құс тұмауына қарсы вакциналардың 3 377 900 дозасы таратылған. Құс тұмауының тіркелуіне байланысты республикалық қордан қосымша 1 359 148 доза вакцина бөлінді (СҚО - 873 мың доза, Қостанай облысына – 21 мың, Павлодар облысы – 465 мың доза) бөлінді. Сондай-ақ, 2020 жылдың 22-23 қыркүйегінде кесел анықталған аймақтарға қосымша 1 015 518 вакцина берілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қостанай облысында үш аудан құс тұмауының таралуына байланысты карантинге жабылғанын хабарлағанбыз. Атап айтқанда, , Сарыкөл, Ұзынкөл және Меңдіқара аудандарында құстар қырылуда.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, елімізде құс тұмауын солтүстіктен оңтүстікке көшіп бара жатқан жабайы құстар өршіткен. Ауру ортақ су қоймасын пайдаланудан келген.