Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» және «Nur Otan» партиясының қолдауымен «Жас қазақ» халықаралық жастар ұйымымен бірлесіп үшінші рет Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат ұйымдастырылды. Айтулы іс-шара «Киелі Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асты. Соңғы жылдары шетелдегі қазақ жастарымен байланыс орнатылып, жүйелі жұмыс бір арнаға түсті.
Жобаның басты мақсаты – қандастарымызды Қазақстанның киелі жерлерімен таныстырып, қандастарды қолдауға арналған түрлі бағдарламалар туралы ақпарат беріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде білім, мәдени-гуманитарлық мүмкіндіктер жөнінде мәлімет жеткізіп, болашақта жиынға қатысқан этникалық қазақ жастарымен бірлесіп жұмыс істеуге, қарым-қатынасты нығайтуға жол ашу.
Әлемге таралған пандемия салдарынан биыл шетелден қандас жастар келе алмады. Сол үшін «Киелі Қазақстан» жобасына еліміздің жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан студент жастар қатысты. Көршілес алыс-жақын шетелден келген 20 жас Түркістан облысы мен Шымкент қаласына саяхаттады.
⠀
Игілікті шара екі күнге жоспарланды. Алғашқы күні «Қандас жастармен – болашаққа» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, шараға қатысушылар атқарылып жатқан жобалармен танысып, ойларын білдірді. Шымкент қаласындағы көрікті жерлерді тамашалап, Сайрам тарихымен танысты.
⠀
Екінші күні қатысушылар киелі Түркістан қаласына барып тарихи орындарды аралап көрді. Шара соңында жастарға «Әлем қазақтары» деген кітап пен бағалы сыйлықтар табыс етілді.