1431
Қазақ хандығы тарихын жүйелеген ғалым
Қазақ хандығы тарихын жүйелеген ғалым
Атақты Әз-Жәнібек хан бір жолы өзінің уәзірлеріне: «Дүниеде не өлмейді?», – деп сауал қойса керек. Ханның сұрағына уәзірлері бірауыздан «Ағын су өлмейді, асқар тау өлмейді, Аспанда ай мен күн өлмейді, Әлемде қара жер өлмейді» деп жауап беріпті. Сонда Жиренше шешен бәріне қарсы шығып: «Ағын судың өлгені, алты ай қыста қатқаны, Асқар таудың өлгені, басын бұлттың жапқаны, Ай мен күннің өлгені, еңкейіп барып батқаны, Қара жердің өлгені, қар астында жатқаны. Ажал деген атқан оқ, бір Алланың қақпаны, Дүниеде не өлмейді? Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», – деген екен. Міне, осындай атқа лайықты тұлғамыз, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих, археология және этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор – Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев.
Ғылыммен айналысып, тарихи деректер мен архив құжаттарымен жұмыс істеу және студенттерге дәріс беріп, ғылым мен білімді ұштастыра білу оңай шаруа емес. Ал ғалым ағамыз осы екі саланы қатар алып жүрген бүгінгі күндегі бірегей тұлғалардың бірі деп баға берсек, артық айтқандық емес.
Қызылорда қаласындағы политехникумда білімін жалғастырады. Оны тәмамдағаннан кейін, 1983-1985 жылдары Кеңес әскері қатарында қызмет атқарады. Кеңес әскері қатарында қызмет атқарып жүрген кезінің өзінде де КСРО тарихы мен саясатын өте жақсы, әрі тарихи тұрғыдан талдай білгендігін мынадай оқиғадан байқауға болады. Бірде Ленин бөлмесіне шамамен 80-ге жуық жауынгерлерге дәріс өтіп жатқан капитан сабағына бірнеше әскери шенді адамдар кіріп келеді. Олардың ішінде сол уақытта Одаққа белгілі генерал да бар еді. Генерал: «Совет үкіметі басшысының 1983 жылғы соңғы мәлімдемесін кім айтады?» деп сұрақ қойып, бәрінің назарын өзіне аударады. Генерал сұрақты екінші рет қайталап қояды. Бірақ та Ленин бөлмесіне жиналған офицерлер мен отырған бірде-бір жауынгер жауап бермеді. Үшінші рет сұрағанда қатардағы жауынгер Берекет Бақытжанұлы орнынан тұрып, алдымен өзін таныстырып, соңғы қабылдаған Қаулының төрт пунктін айтып береді. Жауынгердің жауабына риза болған генерал Берекет Бақытжанұлына әскери алғыс жариялайды.
1985 жылы әскер қатарында болып, жауынгерлік борышын өтеп келген болашақ ғалым ағамыз С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетіне төрт пәннен емтихан тапсырып, 1-ші курс студенті атанды. Жас студенттің тарихшы-ғалым болып қалыптасуына университет қабырғасында дәріс берген профессор-оқытушы ғалымдардың септігі мол болды. Сол бір студенттік шақта тарих пәнінен кіріспе дәріс өткен Ә.Хасеновке «Ағай сіз дәріс барысында көп айтқан «қазақ» сөзі қандай мағына береді?, Ол сөз қашан пайда болған? және Қазақ хандығы қашан құрылған?», – деген бірнеше сұрақ қояды. Сол кезде ұстазы: «Бұл мәселелер әлі күнге дейін тарих ғылымында толық зерттеліп нақтыланбаған, сондықтан болашақ тарихшы, ғалым болатын сендерсіңдер, оны зерттеу сендердің үлестерінде», – деп жауап беріпті. Болашақ ғалым осы сәттен бастап Қазақ хандығының тарихын зерттеуді алдына масат етіп қояды. Студент кезінде ғылыми ізденістер мен тарихи дереккөздерімен жұмыс істеуі, студенттер арасында өтетін ғылыми конференцияларда баяндама жасап, алдыңғы орындарды иеленуі болашақ ғалымның ғылыми көзқарасы мен зерттеу әдісін қалыптастырды.
1990 жылы «тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы» мамандығы бойынша үздік дипломмен университетті аяқтайды. Болашағынан үміт күткен факультеттің профессор-оқытушылары оны жас маман ретінде тарих факультетінің Қазақ КСР тарихы кафедрасына ассистент қызметіне алады. Сол кезден күні бүгінге дейін Берекет Бақытжанұлы аталмыш кафедрада оқытушылық қызмет атқарып келеді. Ол ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор сынды қызметтік сатылардан өтті. 2016 жылдан бері университеттегі Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
Кафедрадағы алғашқы қызмет жылдарында оған ұстаздары ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысудың, диссертация тақырыбын таңдаудың қажет екенін ескертеді. Марқұм профессор Н.Масанов: «Егер ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихының мәселелерімен айналысатын болсаң, онда сол кезеңдердің жазба деректерін жүйелі түрде жетік білуің керек», – деп кеңес береді. Ұстазының ақылынан соң, 2–3 жыл бойына ғылыми айналымдарға түсірілген Қазақстан тарихының барлық деректерін жинап, танысады. Ғалымның ең алғашқы мақаласы «XV ғ. соңы – XVI ғ. басындағы Орта Азиядағы оқиғаларға байланысты Қазақ хандығының жүргізген сыртқы саясаты» атты тақырыппен 1993 жылы университет қабырғасында жаңадан ғана тарих сериясымен шыға бастаған «Хабаршы» журналының №1 санында жарық көреді. Осы сәттен бастап ғалым ағамыздың ғылыми мақалалары мерзімді басылымдарда жиі жариялана бастайды. Ол 1996 жылы ҰҒА академигі, профессор Б.Көмековтің ғылыми жетекшілігімен «XV ғ. соңы – XVI ғ. І ширегіндегі Қазақ хандығының Мауереннахр мемлекеттерімен саяси қарым-қатынасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 1999 жылы доцент атағына ие болады. Ал 2010 жылы ҰҒА академигі Б.Көмековтің ғылыми кеңесшілігімен «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап, 2011 жылы профессор атағын алады.
Б.Кәрібаев жалпы саны 600-ден астам ғылыми, ғылыми-көпшілік жұмыстар мен оқу, оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның ішінде жеке монографиялық кітаптың, 40-тан аса авторлық ұжыммен жазылған кітаптардың, 4 тарихи анимациялық фильмнің сценарийінің авторы.
Ғалым ағамыз өзінің докторлық диссертациясын жазуда алдына негізгі бес принципті қойды. Біріншіден, қазақ хандығының құрылу тарихы Қазақстанда жазылуы керек, екіншіден Қазақстан азаматы жазу керек, үшіншіден қазақ тілінде жазылу керек, төртіншіден Ұлттық университеттің ғылыми кеңесінде қорғалып, бесіншіден ұлттық сипаты бар белгілі баспадан кітап болып жарыққа шығару керек деген принциптерді орындады. Кезінде тарихшылар Қазақ хандығының құрылған мерзіміне қатысты түрлі болжамдар жасағаны тарихтан белгілі. Сондықтан ғалым ағамыз зерттеушілер келтірген болжамдардың әрқайсына жеке-жеке тоқталып, оларды «неге ғылыми орта қабылдамады?» деген сұраққа жауап іздеді, зерттеді және талдау жасады. Алайда осы деректердің бәрінің нүктесін қойып, өзінің нұсқасын дәлелдеген ағамыздың ұстазы Клавдия Пищулина болатын. Ол барлық болжамдарды зерттей келе М.Х.Дулати жазып қалдырған деректерді негіз етіп алды. Ал М.Х.Дулати «қазақ сұлтандарының билік ете бастауы Һижраның 870 жылдары басталады» деп жазады. Бұл біздің жыл санауымыз бойынша 1465–1466 жылдарға сәйкес келеді. Міне, «ұстазы мықтының, ұстамы мықты» дегендей, ғалым ағамыз ұстазының пікірі және көптеген ізденістің нәтижесінде жинаған деректері бойынша дәлелдеп шықты. Елбасы, Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев осы дерекке сүйене отырып, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы шешімге келді.
Берекет Бақытжанұлы 1998 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің тапсырысымен Қазақ тарихындағы Керей хан, Жәнібек хан, Бұрындық хан, Қасым хан және т.б.жеке тарихи тұлғаларға байланысты сериялы жарияланымдар жариялады. Сөйтіп, 1998 жылдың аяғында «Егемен Қазақстан» газетінің тарихшылар арасында тұңғыш лауреаты атанды. 2015 жылы «Кітап мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін» алтын медалімен және «2015 жылғы ЖОО үздік оқытушысы» медалімен марапатталды. 2016 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен бірге «Жалаңтөс батыр», «Бұхарбай батыр» және тағы басқа он шақты медалдарының иегері. Б.Б.Кәрібаев 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығының мерекесін дайындау және өткізу жөнінде құрылған үкіметаралық комиссияның құрамында жұмыс істеді. 2017–2019 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «тарих», «археология және этнология» және «түркология» мамандықтары бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін беретін ғылыми кеңестің төрағасы, ал 2018–2020 жылдары Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі болып істеді. Б.Кәрібаев 50-ге жуық халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларға қатысып, онда XIII–XVIII ғасырдағы Қазақстан тарихының этникалық, саяси, мемлекеттілік тарихы мәселелері, қазақ тарихындағы тұлғалар тарихы жөнінде баяндамалар жасады.
Ғалым ағамыз тек Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеумен шектеліп қалған жоқ, оның зерттеу диапазоны ауқымды. Ол ХІІІ ғасырдан – ХVIII ғасырлар аралығын қамтитын, зерттеуді қажет ететін өзекті мәселелермен айналысуда, атап айтсақ Алтын Орда дәуіріндегі саяси, этникалық, жеке тұлғалар тарихы, XIV–XV ғғ. Қазақстан аумағындағы мемлекеттік құрылымдар тарихы, Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюі тарихы, XV–XVIII ғғ. қазақ тарихының мәселелері, Қазақ этногенезі мен «қазақ» этнонимінің мәселелері, Қазақ тарихындағы тұлғалар тарихы, Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік тарихы. Берекет Бақытжанұлының зерттеуінен туындаған еңбектің көлемі мол, мазмұны терең әрі өзекті. Оның зерттеулері нәтижесінде дүниеге келген ғылыми мұрасы саналатын еңбектері қазақ тарихындағы құнды еңбектер.
Елуді еңсерген ел ағасы 2020 жылдың тамыз айында Ұлттық Ғылым Академиясының академигі атанды.
Гүлнәр Қозғанбаева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты